Тілеужанды іздеу

— 1 —

Бума-бума мол еңбек ғылымдағы,
Дайын еді жазылып бұрындары.
Тең түсетін кандидат, докторлықпен,
Жүзеге аспай тек қорғау ырымдары.

Таңжарықтан жинаған мол қазына,
Ойдан азық беретін он жазыңа.
Мінгізердей жүйрікті, жорғаны да,
Сала-сала жол түзеп болжамыңа.

Борықтырып болдыртқан бір құр атын,
Қашқан, босқан жұрт жайлы зар құратын
Көдек ақын – тың тұлға, Шарғын, Қойдым,
Әлі талай алда ұрпақ жыр қылатын.

Осылардың бәріне біраз тоқтап,
Салып еді Тілеужан тыңнан соқпақ.
Жеке-жеке жинағын жүрген топтап,
Іздеп кімдер табады енді жоқтап.

— 2 —

Жігіттің сұлтаны еді Тікем менің,
Қасында мен бейбақ та дүкенді едім.
Жампоздай жарда ойнаса ол алпысында,
Мен жетім алпысымда бүкеңдедім.

Алашта Тілеужанды кім білмейді?!
Білмеген Тілеужанды дым білмейді.
Тілеужан Нарынқолда біреу ғана,
Домбыра Тікемді іздеп күмбірлейді.

Еңбегі, бар өмірі адалдан-ды,
Ғылым мен өнерді деп жаралған-ды.
Қамымен бала оқыту, шәкірт баулу,
Бұйра шаш бозараңдап ағарған-ды.

Қайғысы тұңғышының жеңіл соқпай,
Меңдетті-ақ ту сыртынан атқан оқтай.
Ессіз ұл, егер келін кикілжіңі
Қажытты қайраттан да тесе шоттай.

Айтысты сел дария ағызатын,
Тілден бал жан сусынын тамызатын.
Өзі еді қажымайтын қара көктің,
Күні- түн жағы талмас нағыз ақын.

Жүз толқып толғаумен де егілетін,
Сорғалап термемен де төгілетін.
Сүңгісе «Құлагердей» дарияға,
Сең мұздар сықыр-сықыр сөгілетін.

Оқудан, жазудан ол шаршамайтын,
Жіліктеп әрнені де боршалайтын.
Ақ ынтық әр салада құлаш жазып,
Ойын ол тор шеңбермен қоршамайтын.

Бірі боп бір туардың, сиректердің,
Қарады төбесінен күйректердің.
Кеңесі ақыл қару ұстататын,
Дейтін де қиындықты түйреп көргін.

Кім-кімге шапағаты молдан тиді,
Қасірет, қиянаттың жолын қиды.
Қайтса да, қайтпаса да қарымтасы,
Әлсізді арашалап зордан тыйды.

Сүйреді төмендерді өрге қарай,
Шығарды талай досты төрге қарай.
Басына пәле-жала төнгенде де,
Ешкімді итермеді көрге қарай.

Досы көп, қарсыласы аз болатын,
Ауданы, аймағы оған мәз болатын.
Тып-тынық тұнық көңіл айдынына
Жұп жазбай аққу жүзіп, қаз қонатын.

Сипатың таусыла ма санай берсем,
Биік тұр, жеткізбейді талайға еңсең.
Істегі, мінездегі ірілігің
Көзіме елестейді нардай өңшең.

— 3 —

Егіз ұлдай жарасып,
Елу жылдық дос болдық.
Білім іздеп таласып,
Өнер тапсақ қош болдық.

Доп үйіріп бос кезде,
Бой өсірсең сен дөкей,
Шахмат ойнап бос кезде,
Ой шираттым мен жекей.

Білек сынап, бел сынап,
Тіреспеппіз екеуміз.
Мансап тілеп, шен сынап,
Сіреспеппіз екеуміз.

Арғы-бергі ғұлама
Мақтау таппай қалмапты.
Арғы-бергі жыр, ода
Жаттау таппай қалмапты.

Арғы-бергі екі елде
Талай төбе таптадық.
Жау жетсе де жекенге,
Ар мен намыс сатпадық.

Жақсыны да жаманды
Бастан қатар өткердік.
Мың құбылған заманды
Бірге ұнатып, жек көрдік.

Түс секілді бәрі де,
Елу жылдық дос болсақ.
Түс секілді бәрі де,
Көңіл жықпай қош болсақ.

-4-

Жүрген жерің жәрмеңке
Базар еді қайнаған.
Қаумалаған кәрі-жас,
Жыршы, жырау айналаң

Айтысыңды, термеңді
Жаттап әлі тоймаған.
Еліктейтін өзіңе
Жас шәкірттер ойнаған.

Көлеңке етіп саяңды,
Бауыр туған тойлаған.
Теңдесі кем өлкеде
Шынар едің бойлаған.

Еңбектерің кітап боп,
Орын алмай жаймадан.
Қала да барды көз тартып
Қызыл қырман жайнаған.

Жүрген жерің жәрменке
Базар еді, Тілеужан.
Қаумалаған кәрі-жас,
Жыршы, жырау Тілеужан.

-5-

Мият көрген біздерді,
Қуат тұтқан біздерді,
Аппақ қудай арысым
Момындықта ұстазым,
Аға сырлас мұңдасым
Бұқарадан айрылдым.

От ауызды, орақ тіл,
Қиядан ілер тұйғыным,
Зарлы, шерлі мұңдасым,
Мешіндеп туған құрдасым
Аймұханбеттен айрылдым.

Суы тұнық арнадай,
Құрауы бір арбадай,
Дауыл жұлмас еменім,
Маңғаз мінез тереңім,
Сауырлы өгіз сабырлым
Сұраубайдан айрылдым.

Кеніштерде қамалы,
Кен байыту маманы,
Қанат еткен қиялын,
Кішіпейіл зиялым,
Сұлулықтың символы
Даңқыдан да айрылдым.

Бала күннен өбіскен,
Тай-құлындай тебіскен,
Бір атаның еркесі,
Төрт ағайын серкесі,
Қолқа салсаң астынан
Атын түсіп беретін
Нұрымнан да айрылдым.

Тетелесім, бауырым,
Сездірмеген жауырын,
Қалың пұшпақ сауырлым,
Қатар екі қанатым:
Қызайбай мен Бектастан
Екі он жылда айрылдым.

Үнің қалып құлақта,
Ізің қалып жырақта,
Айтыстың күрең қасқасы,
Саудада жүрген таспасы,
Заманымның серісі,
Қыз, келіншек перісі,
Тілеужан, сенен айрылдым.

Кең өрісім тарылды,
Жүрегім шоққа қарылды.
Айта берсем зарымды.
Іште бомба жарылды.
Тоқтатайын зарлауды,
Тыңдаушы жұрт сарылды.

— 6 —

Қимас достар сиреді,
Қимас сырлас сиреді,
Қимас мұңдас сиреді,
Қимас құрдас сиреді,
Қимас бауыр сиреді,
Қимас туыс сиреді,
Естеудің жаны күйреді,
Қайғы қанжар түйреді,
Жаралы сұқсыр үйрегі.
Күйреді сезім үйдегі,
Денсаулық қоса күйреді.
Қуықтан суық түйреді…

— 7 — Ескерткішінің басында

Қайдадағы қазағыңның жақтың маздақ оттарын.
Өнер зерлеп, ғылым іздеп, адал жасап тоқтадың.
Өнегеңді өрнек тұтқан іздеушіңнің ізімен
Болашаққа жалғанады, ұзарады соқпағың.

© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

два × 1 =