Құдайым өмір берді сөресі алыс

Құдайым өмір берді сөресі алыс,
Пешенем болғаны ма кере қарыс?
Жарар ед солай болса.Әй, білмеймін,
Қайда бар жүгінерлік төре, қалыс?

Сауал көп: Хақым қанша мақтануға?
Көп жасап көп күнаға батпадым ба?
Ада етіп ақ парызды ақтадым ба?
Әрдайым ар-ұятты сақтадым ба?

Жүрдім бе жолдың түзу тақтағында?
Амал не, аз емес-ау шатпағым да?!
Лас тірлік белден баттым батпағында,
Тазартып үлгермедім сатпағын да.

Ел аман, жұрт тынышта жаза басып,
Күйдірдім арқа, жонды аптабында.
Арамды адал астан ажыратпай,
Аз емес ашты судан татқаным да…

Құдайым кешірсе екен соның бәрін!..
Кеш білдім оңым барын, солым барын…
Енді ,Аллаһ! Шүкіршілік жолындамын,
Таубамды, таспиғымды қабылдағын.
Аз емес адасқаным, сабылғаным,
Кешіктім…Кешір, Аллаһ! Дамылдадым…

© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Один ответ к «Құдайым өмір берді сөресі алыс»

  1. Рамазан айында тағы бір қимас адамым дүниеден өтті.Аяулы Ана, Асыл әже, ақылшы ене әрине жан апам еді.Ішкі дүнием астаң-кестең болып отырғанда, атамның «Құдайым өмір берді мәресі алыс»деген жыр шумақтарын оқып көңілім жұбанып қалды.Қасиетті Рамазан айында пәниден бақиға кеткен адамның күнәләрін Кешірімшіл Аллахым кешірер деген үмітім бар. Апашым топырағың торқа болсын!Алдың өзіңе артың бала-шағаңа, тумаларыңа құт болсын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

2 × 3 =