Қасиетіңнен айналайын адамдар

Қасиетіңнен айналайын адамдар,
Кірпік қақпай маған тіке қараңдар. –
Сырлар іздеп, сендерден де көз алмай,
Көңіл алмай, шақтарым көп алаңдар.

Ерке епшіл саусақсыңдар әрбірің,
Сыңғырлатып шертіп тұрған жан қылын.
Құйыласың көкірегіме күй болып,
Еркін бойлап, бетіңде ойнап қан, нұрың.

Кейде жарық күншуақсың әрбірің,
Төніп келіп төгіп тұрған бар нұрын.
Қыс мінез де, жаз мінез де сенде бар,
Кейде қарын, кейде төпер жаңбырын.

Тарих қарттың әр бетіндей жүздерің,
Оқытады даналық ой іздерін.
Әкеледі кейі жаздың самалын,
Кейі суық сүркейлі сұр күз желін.

Салтыменен ынтықтардың, ғашықтың,
Мен де отыздың от соқпағын басыппын.
Кешіріңдер, дей алмаймын сонда да
Шын жүректі бір алданбай ашыппын.
© Естеу Нүсіпбеков 1964.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

14 − 3 =