Менің халқым

Менің халқым сапырылысқан заманда,
Батыс, Шығыс, Оң, Солынан анталап,
Төрт тұстан да жау қоршаған заманда
Анттас, әріптес достары сатып шатысқан.
Қиян-кескі жылдарда.
Монғолмен де, шүршітпен де атысқан.
Қуат іздеп тұс-тұстан,
Мықты, іргелі сатпайтұғын дос тапқан.
Мият іздеп әр жұрттан,
Тірек тапқан Еділ басы – батыстан.

Сонан бастап халқымның
Сопақ болды шұбырынды іздері.
Сонан бастап халқымның
Қаны ойнап нарттай жанды жүздері.
Сонан бастап жалтақтамай еш жаудан,
Жүрер болды жүгі аумай көшінің.
Сонан бері халқымның
Дәні есіп баданадай, миуалы күздері.
Жеміс исін күзсайын бұрқыратты түз желі.

Халқым менің тым жайсаң,
Қауіп ойлап қорғаламай,
Ашық аспан астын мекен өткен ел.
Ал азапты дорбаламай ,
Қаптап артып,
Ащы терін сел-селемей төккен ел.
Асауларды шұралап,
Ауыздықтап тақымында үйретсе,
Аяғына ал өзі
Шідер, тұсау салғызбаса ешқашан
Әділ сөзге тым морт сынып,
Найза тілге нар қоспақтай шөккен ер.

Менің халқым – қызық халық.
Кейде бар ғой,
Ынжықты ердей, езді мәрттей бұлдайды.
Ал шынында
Жақсы үлкеннің жақсы сөзін бұл жалғанда бұзбайды.
Кішілікке кішірейіп еледі,
Кісілікке кісілікпен қайтарды қарымта.
Өр кеуденің үйінде
Ет, қымызға ыстықтамай, бусанбай,
Безгегі ұстап қалш-қалш етіп мұздайды.

Менің халқым-ар халық.
Атқа мінсе, маң дала кең жапанға сыймайды.
Жол-жөнекей жолыққанды жолдас қып,
Сырын бүкпей ақтарады,
Тізгін тартып ақ көңілін тыймайды.
Қонақтарын сөзін бөлмей құрметпенен тыңдайды.
Алыптығы-
Дұшпанын да қақ төрінде сыйлайды.
Өліссе де, өлтірсе де – бәрі ашық,
Аясында заңғар тау, зеңгір аспан
Бұғынып кеп,
Қапияда өлтіруге қас жауын да қимайды.

Халқым менің достасады тым берік,
Ірі, кесек мінезбен.
Кесек достық, кекшіл қастық
Туар да өзі мінезден.
Қай-қашанда жөні бөлек кесектің,
Бір батыл жан артық тұрар мың езден.

Халқым менің баяндырақ қашанда.
Досын күткен сый аямай,
Мейман етіп төредей де хан-сұлтандай,
Ақ киіз үй тігін қойып жасаңға.
Тевкеловтер таң қалатын пейліне,
Билеріне шешен сөйлеп тап басып
Қиыннан қиыстырып жол табатын тосаңда.

Менің халқым сертке берік,
Ойлап айтқан сөзіне бас береді.
Таңдап алған доспен бірге у жұтып,
Дос қолтығын ажыратпай,
Доспен бірге жасқанбастан өртке кіріп өледі.
Бас тартса да риза, жамбас тартса,
Ықыласпен дос ұсынған қара су-
Бал татиды ауызна-
Бола қалса қорегі.
Достық үшін шыбын жанын шүперекке түйіп та ол береді.
Бар жаңісті, бақытты доспен теңдей бөледі.
Екі жарым ғасыр болды
Қор болса да, зор болса да сол сертінен айнымай,
Орыс достан қолтық жазбай келеді.

Менің халқым жол тартты
Сонан бастап соны соқпақ данғылға.
Аты озып жоңғарлардан,
Атырау – Алтай,
Сары арқа – іле арасыңда жон, қырда.
Егін егіп, мал өсірді жалтақсыз,
Тізін бермей Қытайға да, Монғолға.

Мақтаған етем халқымның бақытының баянын.
Тұрлаулы тың тұғырын
Жүрегімнің қаның құйып
Бұл әлімге жаямын.
Жырлаймын мен халқымның мерей тапқан тұстарын.
Азайса екен іс басты кідірісім, аялым.
Бақытты елмен бақыттымын – аяным.
© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

один × 1 =