Кәрлі күй

Соқпағанмен тарихқа арнап қорған,
Қасқайып кек қайтарып қалмақтардан.
Әр төбенің астында мыңдап қазақ
Найза ұстап намысын қорғап қалған.

Ат қойғанда жауына аламан топ,
Боларына алда не қараған жоқ.
Томп-томп теуіп тұлпардың тұяқтары,
Жатты есіл жер күңреніп барабан боп.

Садақ, найза сартылдап, атылған оқ
Бақыт таңын талайдың атырған жоқ.
Қайсар дәстүр қан қуып қанға сіңді,
Батыр таңдап сал білек батырдан көп.

Аз болмақ па онан соң сый еткені:
Түкті, асау, тулаған жүректері…
Әр жілігі атанның бір санындай
Музейдегі боз бөрте сүйектері.

Сауыт киген денелер нөпірленіп,
Жатса бір кез тағдырдан өкім келіп.
Ауыздардан ауызға аңыз көшті,
Күмбірлеген кәрлі күй секілденіп.

Жатсақ та өліп, өлтіріп нөпірленіп,
Күңіреніп, күйзеліп өкінбедік.
Бабаларды, батырды аңыздаттық,
Күмбірлеген кәрлі күй секілденіп.
© Естеу Нүсіпбеков 1966.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

четыре + 12 =