Етікші жәкем Шүлембай

Етікші

Етікші жәкем Шүлембай

(Баллада)

Үш қызға, ұлға зор әке,
Ауылдық аты — Шоң жәке.
Иесі қара шаңырақтың,
Сүт кенже баба Дәкеге.

Беделдің мықты көкесі,
Кімге де алды кең кісі.
Шүлембай десе үлкендер,
Етікші дейтін тең тұсы.

Аз сөзді, іске шүлен, бай,
Ғажап жан жәкем Шүлембай.
Сусыны жазда бал қымыз,
Ал қыста қою күрең шай.

Әйгілі аты аймаққа,
Қазаққа, қырғыз, қалмаққа.
Қыдырып қымыз ішуге
Басқызбас ешкім байлап та.

Қымызы жақпас бірінің,
Ыдысы жақпас бірінің.
Кейінің мылжың сөзі көп,
Жақпайды зілі ірінің.

Күтсе де жұрттың қолқасын,
Сүймейді жалған қолпашын.
Шорт тіке жауап береді,
Қайнатпай бос сөз сорпасын.

Дағдыдан күнде танбайды,
Ертелеп малын жайғайды.
Жайланып шайын ішкен соң
Былғары шалғыш байлайды.

Білекке жеңсе іледі,
Жымиып момын күледі.
Қос езу артқа шегініп,
Жүзінен жылу жүреді.

Байқайды балға, біздерін,
Қылпыған бәкі жүздерін.
Байқайды қайың шегені,
Күрелеп текше тізгенін.

Қап-қара шоқша сақалын,
Самайда сұйық жағалын.
Тарайды добал саусақпен,
Сабақтап әр іс амалын.

Тарамыс шымыр ширақ па?
Буылтық бунап тұрмап па?
Зер жіптен жібек сетінеп,
Кетпеп пе, сусып бумап па?

Дегендей ызып көретін,
Әр неге көңіл бөлетін.
Қарайтын түгел заттарын,
Шолғандай өріс, жер отын.

Босаға толы көп талыс:
Қабысқан талыс, тоқ талыс.
Өгіздің әлде бұқаның
Мойнағы қатқан көк талыс.

Шоң талыс — бұғы мойнағы,
Былғары салып қойғаны.
Осында бөлек қапталған,
Пішкені менен ойғаны.

Көк талыс іші көп ағаш
Мойылдан ойған кеп ағаш.
Қатырған қайың шегелік,
Кергілі ырғай қолағаш.

Болған соң тұтас түгендеп,
Әр ісін аттай жүгендеп.
Он саусақ өрнек салады,
Жорғалап желіп бүкеңдеп.

Сыртқы әлемнен арылып,
Отырса ұзақ сарылып.
Ашады кең жол алдынан,
Өрнектеп өрнек жарылып.

Бастаса тігін жетелеп,
Қызықтан қызық төтелеп.
Жалықпас, шаршап жабықпас,
Құштарлық кетер жетелеп.

Шаршауды жәкем білмейтін,
Бейсауат түзде жүрмейтін.
«Үйкүшік» деп те мін тағып,
Дұшпаны сырттан күндейтін.

Көз майын таусып бергенде,
Етігін киіп көргенде.
Кеуделер жарған ризалық
Жауады алғыс зергерге.

Мақтайды жаппай жұмысын,
Зер жіппен қайып бүгісін.
Жер-суға әркім сыйғызбай,
Дәріптер мінсіз тігісін.

Жәкемнің даңқы жер жарып,
Етігін көріп ел барып.
Қазақты былай қойғанда,
Басқа ұлт та төнер төрге алып.

Әйгілі болды зерлі етік,
Жәкемнің даңқын өрлетіп.
Отаулап қызын ұзатар,
Ынтықты мырза төрге өтіп.

Зерлі етік болып әйгілі,
Құнанға шықты тай құны.
Қинайтын жандар молайды:
— Бітеді, — деп те, — қай күні?

Кім дейсің мұнда келмеді?!
Жәкеме тыным бермеді.
Мал-жанға қарар мұрса кем,
Зерлі етік тігіп бермегі.

Зерлі етік отын алғызды,
Зерлі етік кілем салғызды.
Ағаш үй қалап елде жоқ,
Бәйгілі етті жалғызды.

Зерлі етік желі созғызды,
Зерлі етік елден озғызды.
Тең-тұстар жетпес биікке,
Үш қыздың қолын созғызды…

Ол да бір болған күн екен,
Ол да бір толған күн екен.
Болған жоқ көрген түстей де,
Өтіп ед жәкем — Шүлекем…

Зерлі етік іздеп шүйгіген,
Зерлі етік киген күйліден.
Кездессе бірі, жәкемді
Көргендей мен де шүйгір ем!

Зерлі етік киген сол қыздар,
Шолжыңы ерен мол қыздар.
Ақ самай әже болып па?
Ықтырар бар ма бойда ызбар?

Ақ әже жаны ар ма екен!
Жадында жәкем бар ма екен?
Етікші, етік жайында
Естелік нендей қалды екен?..

Оқырман, кешір, жек көрме,
Қатты ауды аңсар өткенге.
Қағазға кештеу түсірдім,
Жасына жәкем жеткенде.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

2 × 4 =