Көртоғай шатқалында

Көртоғай шатқалында
Көртоғай шатқалында

(Поэма)

1966 жылы 12 шілдеде Алматы-Нарынқол бағытында автобуспен бара жатып, Көртоғай көпірінен өткеннен кейінгі 300-400 метрде шатқал ішінде кенет алдымыздан шүйілген тау селінің астында қалдық. Сол тасқында біз отырған көліктен 23, осындағы жол бекетінен және басқа жолаушылардан 6-7 адам опат болды. 22 орындық кіші қорапты автобустағы 28 жолаушыдан 5-ақ кісі тірі қалдық. Соның бірі мен едім. Сол жылы бастап, биыл аяқтап шыққан бұл топтамамды қапыда қаза тапқандардың рухына бағыштаймын.

© Естеу Нүсіпбеков, 1997 жыл, шілде.


1

Көртоғай көпіріне тоқтағанда туған ой

(Алғашқы баян,  пролог орнына)

Бұл жерде қырғын тапқан кәрі мен жас,
Атылмай, асылмай да, алынбай бас.
Тау тасқын айдаһардай обып, жұтып,
Ешкімге жасатпаған қарымды айқас.

Талайдың мәйітін де таптырмаған,
Ақымға арулатып жаптырмаған.
Басына тас орнату былай тұрсын,
Ай қиған ағаш қазық қақтырмаған.

Жасырған талай тәнді далдасында,
Қорқыныш, үрей толы әр тасында.
Сол міскін әруақты Алла жарылқа деп,
Қол жайып жалбарынам жар басында.

Шарыннан өте алмаймын ой толқымай,
Басыма қаным шауып бой толқымай…
…Қапыда кеткендерді еске алмасам,
Дейтіндей: жыр жазғанды қой тантымай.

Тасқын
Тасқын

2

Бірінші сурет

Секілді сумаң-сумаң жортқан жылан,
Жол кірді тар шатқалға бұраң-бұраң.
Тіп-тік жар — екі жағы тас қабырға,
Қорғайтын бекіністей бұландыдан.

Жол ені қос машина айқасқандай,
Кем пішкен дерсің сонша қай тас маңдай.
Қосаққа ап екі қаптал итініп тұр,
Қуыс жоқ жан сауғалап байқасқандай.

Лық кернеп шатқал ішін шүйілді сел,
Таппады жүргізуші бұлтарар жер.
Сел өрден, біз еңістен қарсы келдік,
Бас салар қауіп төніп, қиналды ел.

Тау селі сай-сайлардан басын қосып,
Үдере Көртоғайға төнді жосып.
Қақпа тас қалқалады қас қылғандай,
Боларын жұрт білмеді мұндай жосық.

Сел де сұр, жар тас та сұр — жекпе-жек кеп:
Сел төнді, екпінменен таптап өтпек.
Бас-көзсіз соққылады қорған сүзіп,
Шапшыды аспақ боп та баса-көктеп.

Сұр жартас сұлық сүле мелшиіп тұр,
Кемиіп көсе иегі көстиіп тұр.
Кеудесін тасқын шапшып құшып қайтса,
Мардымсып көңілі ерек көншиіп тұр.

Сұр тасқын айдаһарша жөңкіліп жүр,
Шортанша өр толқыны мөңкіліп жүр.
Ұмтылып тіктесе қап, қайта құлап,
Долдығып дойырлықпен беркініп жүр.

Кәрі-жас топ жолаушы шулап кетті:
Жас келін жасын ыстық көзден төкті.
Бурыл мұрт ұрандады Райымбектеп,
Бір ару безек қағып орнын тепті.

Бір аңғырт айқайлады: «Есік аш!» — деп,
Әлдекім тіл тигізді: «Есуас!» — деп.
Әлдекім бұйрық берді: «Артқа шегін!
Газды бас! Тез-тез… жылдам кері қаш!» — деп.

У да шу…
Азан-қазан…
Үрей қашты.
Кеудеде жаны бардың бәрі састы.
Қара сұр айдаһардың басы мыңдай,
Бір басы — тісі арсақ қас албасты.

Дию сел тас тұмсықтан жөңкіді оңға,
Етпеттеп арсы-күрсі, омба-домба.
Арна іші шып-шып толып, сай шүпілдеп,
Қирады қияс толқын қия жонда.

Шегінген автобустан тасқын жылдам,
Тапап жүр танкідей-ақ қашқын қуған.
Қоса аунап құшағында дөңбек, келтек,
Сықырлап сел дүбірін асқындырған.

Әй-пүйге келтірмеді, тасқын басты,
Адамды шабақша іліп, шөпше шашты.
Не екенін сел дегеннің сонда білдім:
Қасымнан Қалайыны ала қашты.

Автобус шоңқа тұрды шалқасынан,
Тірелді көк терекке арқасынан.
Қолма-қол қорапты алды тасқын жұлып,
Тамтық та қалдырмады паршасынан.

3

Екінші сурет

Деді ме, демеді ме «қамдан, мықтан»,
Санамда соқыр түйсік болғандықтан,
«Тал қармар суға кеткен» дегендейін,
Ұстаппын жандалбаса арқалықтан.

Тасқынның мұздақтығын тән ұмытқан,
Қос білек ортасына басым бұққан.
Деміме леп береді ауа шоршып,
Қолтығым астындағы қуысқа ыққан.

Тірімін екі өмір ортасында,
Шын қаза жете ме деп қорқасың да.
Денемді көкпар қып тұр тасқын жұлқып,
Жанымды сұрайтындай қолқасына.

Тұншығып, сан өлімнен қайтарылдым,
Жалынан ұстап тұрмын тай-торымның.
Төбемнен тас соққанда естен танып
Үзілді арқауы шорт айтарымның!

Шалқамнан кеттім селге құладым да,
Шу, сарын тарс бітелді құлағым да,
Тұңғиық түн-түнекке сүңги бардым,
Маңдайдан лып сөнгендей шырағым да.

Шыбын жан шықпай тұрып тәннен ыршып,
Бойды еркін билейді екен соқыр түйсік.
Сол ғажап соқыр түйсік пәрменімен,
Жан үшін қол сілтепті екі бұлшық.

Екі қол жандалбаса су есіпті,
Тірі тән тірлік үшін күресіпті.
…Бетіне телегейдің шықтым сопаң,
Көз жарық көріп, құлақ шу есітті.

Санам сап кірді басқа осы мезет,
Ұрғызды құлашымды кезек-кезек.
Қайтадан тұңғиыққа шөкпеуді ойлап,
Ыр ылди ығын беттеп еттім безек.

Жолықты «өлмегенге өлі балық»;
Келеді бір бөрене суды жарып.
Шап беріп құшақтадым бөренені,
Жабысып тәуекелмен міне барып.

Маңайды қалдым еміс шамалап та,
Қалқақтап бөрене ықты жаға жаққа.
Мен мінген шонданайы шөгелденіп,
Әкетті артқан жүктей тоғанаққа.

Жеткізді көпір асты бұқтасынға,
Иірім үйірілді ықтасынға.
Қарағай ендей-ендей осында көп,
Тізіліп, сығылысып иықтасуда…

Қайтарып жарық тірлік қылған сауға,
Аллаға мың жалбарып айттым тәуба.
Қосақтап сал буғандай қарағайдан,
Әп-сәтте пайда болды алаң-аула.

Жалма-жан түрегелдім асып-сасып,
Бойымнан үмітсіздік үрей қашып.
Жүгірдім қопалыда аттағандай,
Қарағай дөңбектердің үстін басып.

Осы сәт көз жүгірттім атырапқа,
Секілді алып темір қақыратпа,
Көпір тұр жалғыз дара мұз жарғыштай,
Қақ жарып түлей селді екі жаққа.

Батысы қарсыда жар қабаққа ұрып,
Шарынның суын бөгеп кері бұрып,
Қалыспай сыңарынан шығысы да,
Еңіске жөңкілуде жері құрып.

Қақ ара көпір асты, көлкілдеп тұр.
Қалшылдап безгек жандай, селкілдеп тұр.
Табысып осында көп дөңбек біткен,
Сене алмай жансебілге елпілдеп тұр.

Ағаш үй жіңішке өрім қиюлатқан,
Шатырын смолалы қағаз жапқан.
Қалықтап дөңбектердің ортасында,
Күтеді ол да хүкім жалғыз Хақтан.

Ұмтылып,
Шатырына шығып көрдім,
Ұмсынып,
Көпірге қол сұнып көрдім.
Мен қайда, көпір қайда?!
Қол жетпеді.
Опындым үзілгендей сынып белім.

Қараймын аңтарылып жан-жағыма,
«Шығатын жол тұйықтан бар ма мына?
Жалт еткен олжа тірлік ғайып болып,
Кетер ме тажал іліп қармағына?»

«Шарынның кері ағуы — қауіп зоры,
Өр жаққа еңсерілді селдің молы.
Деңгейі көтерілсе, —
Көпірді алар,
Апаттың сойқандысы — оның соңы».

«Қалай да кету керек бұл арадан», —
Деп тұрсам,
Іздеп айла қылар оған,
Көпірдің жағадағы ірге тасы
Торыдай қылаң берді мың аладан.

Аңғардым бір мүмкіндік — жиекті ықтан,
Тау тасын цементпенен қалап шыққан.
Ендік бар кісі сыяр,
Бес қарыстай,
Нық сенім — осы болды үміт тұтқан.

Тас жиек мелшиіп тұр
Кедір-бұдыр.
Шалқақтап,
Төсін керіп етпей қыбыр.
«Қыл көпір тірлігіңе — осы» деген
Тылсым үн құлағыма берді сыбыр.

Ұмтылдым көп ойланбай,
Тас тырмалап,
Жабыстым өңіріммен бастырмалап.
Сиындым Аллаға да, әруаққа да,
Тайғақтан тайдырмалап, састырмалап.

Бар кезі күш-қайраты бозбаланың,
Сақсып тым
Құрт жыбырмен қозғаламын.
Сүйем жер солға тайсам, — сел іледі,
Сел ілсе, — құрдым кетіп тоз боламын.

4

Үшінші сурет

Іліндім жылжи-жылжи көпірге де,
Астым қол белтемірге бекімдене.
Ұршықтай үйірілді Жер мен Аспан,
Зырылдап зырылдауық секілдене.

Айнала ақ ұршықша шайланып тұр,
Бар әлем дөңгеленіп байланып тұр.
Тау мен су шыр көбелек шеңбер болып,
Тасындай тиірменнің айналып тұр.

Түйсіндім сонда басым айналғанын,
Шекеме шеңбер құрсау байланғанын.
Лоқсыдым,
Лақылдады құм менен тас,
Қалшылдап қалтырады қайран жаным.

Білекті бел темірге асып алдым,
Бір қолмен асқазанды басып алдым.
Құм, тастан ортайғанда қазан толмас,
Пайымды байыз тапты ашық алдым.

Алқыным алас ұрған басылғандай,
Алдымнан айдай әлем ашылғандай.
Дүние қаз-қалпына қайта келіп,
Аспаннан алтын сәуле шашылғандай.

Сол тасқын шығыс жақты есіп жатыр,
Жолды орып,
Төсенішін тесіп жатыр.
Кешікпей шеткі іргесін қопарардай,
Көпірдің тағдырын да шешіп жатыр.

Мұнда да
Тайқиып сор бақа маңдай,
Қаһарлы қауіп қайта тақағандай.
Қасқайып көпір батыр үнсіз жатыр,
Қабырға қақыраса да қапаланбай.

Соны ойлап,
Шықтым жайлап көпірге де,
Көпірде отыр төртеу, шөкім дене.
Төртеуі мені көріп ыржияды,
Дәрмен кем тіл үйірер лепірмеге.

Шығыпты тамтық қалмай туталақтан,
Шұнтиып жейде жеңнен, сым балақтан.
Тыртиған лыпа біткен өрім-өрім,
Шаштары жалбыр-жалбыр ұйпалақтан.

Құйрық жоқ біреуінде, қан саулайды,
Бірі — әйел,
Көкірегін қамсаулайды.
Жаралы басқа екеуі аяқ-қолдан
Шүкір қып тірлігіне арсаңдайды.

Көпірден кетуді айтты бірі сонда,
Иегін көтерді де оң жақ жонға.
Сүйеуге құйрықсызды ұмсынып ем,
Сүйеді мені де екеу қолма-қолда.

Сәп салдым осы сәтте өзіме мен,
Болды ойым арсы-күрсі әлем-жәлем.
Ағып қан шүйде жақтан құлақ түпке,
Ұйып та үлгеріпті мойынға әрең.

Қатыпты қызыл сірне омырауға,
Су шайып өңіріме жамырауда?
Меңзеді қанды алқаны жаралылар,
Беймәлім маған әлі жабық аула.

Қолтықтап ақсақ әлгі екі қасқа,
Күнгейде жайғастырды текше тасқа.
Текше тас күйіп-ақ тұр күн қақтаған,
Терімнен тіліп кетті ыстық таспа.

Селк еттім, жабыстым да өздеріне,
Қарадым сасып жапақ көздеріне.
Шыңғырды құйрықсыз да құлын үнмен,
Пәлені шоқ қарыған сезгені де…

Жол жаққа жетеледі сасқалақтап,
Тастардан күн күйдірген қашқалақтап.
Қиналды бізден де әрі тағдырластар,
Күйзелген дәрмені азға қас-қабақ сап…

Құрдымнан қайтты тірлік тайғанақтап,
Қолтықта сүйеніш бар, айнала аппақ.
Денемді дір-дір қаққан жылытып жатыр,
Асфальт жол анамдай-ақ аймалақтап.

Аңырған көп екен жан, аңтарылған,
Техника жол жағалай қаңтарылған.
Үрейі көкке ұшып кейбірінің,
Атқақтап кетер боп тұр қан тамырдан.

Алқынып семіздері сағағынан,
Қыз-қырқын үзілер боп сабағынан.
Еңіске төне түсіп топ жолаушы.
Қарап тұр күнгей Шарын қабағынан.

Лап қойды…
Бізге төніп дабырласты,
Мейірлі,
Жақындардай жабырласты.
— Керек, — деп, — жедел көмек, —
«Техкөмекке»
Салды да,
Нұсқап берді Жалаңашты.

Жалаңаш жақын болмай, қашық болды,
«Техкөмек» терезесі ашық болды.
Дір қақтық, бесеуміз де бүрсең қақтық,
Жарақат зар қақтырып, ашып, тоңды…

5

Төртінші сурет

Аялап қабылдады аппақ әлем,
Ақ адам, өңкей ақ зат әлем-жәлем.
Дәрілі ванна-көлде шомылдырды,
Дуылдап бүкіл денем шыдады әрең.

Аямай қос жауырын, арқа жоннан
Сияқты жарыстыра таспа жонған.
Сілкілеп көкпар қып сел тұрған шақта
Шыны, әйнек салған ойран сауыр соңнан.

Үлкенін жарақаттың тапты бастан,
Төбеден шаш қырықты қайшы қасқаң.
Құйқаны тікті түйреп инеменен,
Ширатқан сабағы ішек, ескен таспа.

— Миыңыз зақымдалып шайқалғандай,
Салмақты ауыр зардап байқалғандай. —
Деді де, сөзін жұтты бас дәрігер,
«Болмайын, — деп, — көңілді қайтарғандай».

Екі қол, екі иін, арқам тұтас,
Таңылды дәкеменен құлаш-құлаш.
Таңылды қатты шымқап басым тұтас,
Уколдар жүгіртілді етер жуас.

…Лездік сәт сол болатын көз ілінген,
Айрылдым мамыражай сезімімнен.
Лоқсыдым, жүрек айнып, шықырлап тас,
Әл-дәрмен тулап түсті төзімімнен.

Кеткендей теңжіп-тірлік босап селкеу,
Көрінді бір дәрігер болып төртеу.
Ағытты лай суды ауыз, мұрын,
Ұсақ құм тамақ қырнап, жонды кершеу.

Зыр қақты бүкіл бике ақ желеңді,
Ұсынып алқымдата ақ легенді.
Дәрігер нық бекітті жорамалын,
Қиялмен кезіп те тұр әр белеңді.

«Шайқалған ми зақымды алған ауыр»,
Деген ой ұстанып тұр болған жауыр.
Ол ойы дәрігердің жанға жақпай,
Шаншу боп қадалып тұр маған ауыр.

Ләм демей жатырмын мен тасты шайнап,
Басқаша шешіміме басты байлап.
Сезінем: бойым сергек, ойым дегдер,
Секілді санам саңлақ, көңіл жайнақ.

Солқылдап екі шекем шаншымады,
Бас меңіп, таңдай құрғап қаңсымады.
Тартпады көкжелкем не қарақұсым,
Шүйдемді зілмәуір жүк жаншымады.

«Сондай да ми шайқалу бола ма екен?»
Жорамал жөн келсе де жораға тең,
Қисыны келмей-ақ тұр маған іштей,
Жұлқыды кеудем шылбыр ала бөтен…

…Құм, лай азайған соң асқазанда,
Түзеді лоқсу мәні басқа заңға…
Қалжырап көз жұмылды, балбырадым,
Ұйқы-арсыз жетелесе жасқанам ба?!

6

Екінші баян

Оятты мейірбике шырт ұйқыдан,
Шұғыл іс байқалады сұр сиқынан.
Әскери киімділер кіріп келді,
Мықтылық атойлаған тұрқынан нән.

Самсаған үш полковник жасыл иық,
Әуелі амандасты басын иіп.
Шетінен жас та емес, жасамыс та,
Келбетті еңселі екен қасы қиық.

Әр сөзін әр жараға ішіткі етті,
Жоспарын келелі істің пішіп кепті.
Апаттан құтқаратын мекемеден,
Ести сап тасқын жайын, ұшып кепті.

Ығай мен сығай екен шетінен-ақ,
Игерген мамандығын жеті орап.
Тіріні, өліні де тасқындағы
Сыйғызды ақ қағазға екі парақ.

Әуелі біз бесеуміз — қаныққаны,
Одан соң басқаларды танықтады.
Әркімнің алды, арты, оңы, солы,
Тік тұрып келген кімдер?..
Анықтады.

Қорапты автобустың орындарын,
Адамның жыныс, жасын, порымдарын
Сызды да,
Оп-оңай-ақ түгендеді:
Қиған кім екенін де жолын жарым.

Ұлтын да ажыратты, киген кимін,
Кісісі екенін де қайсы күйдің.
Аталды есімі де кейбірінің,
Ауылы, көшесі мен қатары үйдің.

Жолаушы 28 болып шықты.
Есебі полковниктің тастай мықты.
Іш босап сезіміміз жеңілдеді,
Түсіріп еңсемізден ауырлықты.

Әкетті хаттап солай апат жайын,
Шертіліп шекесінен тағат, пайым.
Іздемек жоғалғанды әскер шығып,
Құтқарар комитеттен жоспар дайын.

7

Үшінші баян

Сол жоспар қаз-қалпында.
Өзгермеген.
Комитет талай істі безбендеген.
Үш аудан басшылары түгел жетті,
Ерсі, оғаш асығыста тез келмеген.

Не тығыз жұмыстарды жиып басқа,
Ағылды бүкіл облыс Жалаңашқа.
Әр алуан қауесеттің алдын алып,
Саяқ сөз таратпауға ала қашпа.

Өткізіп шұғыл жиын шыжан нөпір,
Мынадай шешімдерді айтты өкіл:
— Шығысқа, үш ауданға, шекараға,
Шығар жол — жалғыз ауыз осы көпір.

Тоқтап тұр кеше түстен сансыз көлік,
Алабын Аспантаудың елден бөліп.
Мерт бопты отыз адам деректерше,
Білмейміз қайда оларды кетті көміп.

Әскерлер жүргізеді іздеу ісін,
Ақтармақ Шарын өзен іші-тісін.
Қасында жан аямас жауынгердің
Болған жөн танитын жан өңі-түсін.

Үш аудан басшылары жисын қолын,
Жасасын жарты күнде сайдың жолын.
Тексеріп комиссия қабылдайды,
Күндізгі сағат бірде жұмыс соңын…

Осылай нақ тапсырма берілген-ді,
Міндеттің төбесі дөп көрінген-ді.
Аупартком, ауаткомдар жалғады іс,
Білмейтін салтыменен ерінгенді.

8

Төртінші баян

Шілденің қысқа таңы тез-ақ атты,
Қынжылған адам жоқ деп: «Мазалатты».
Сол ғана айырмасы — түнгі нөсер
Асфальтты аула ішін тазалапты.

Жетіпті алып ұшып жайсаң қасқам —
Арыстан — нағашы атам, «Алғабастан».
Жетіпті Текестен де Бектас інім,
Жүрегін қолына ұстап ала қашқан.

Жалынып, әрі ағалап, әрі мақтап,
Екеуі дәрігерді екі жақтап,
Алыпты сұрап мені,
Қолхат беріп,
Ауылда емдетуге үйде баптап.

Нағашым жолын берді жиеніне,
Ер көңіл кісі еді, киелі де.
Кім білсін тұрамыз ба, тұрмаймыз ба
Қарысы түгіл оның сүйеміне?!

Бектас та батыр десең батыр еді,
Денесі еңгезердей, батыл еді.
Сөзімен, ісімен де көңіл табар,
Қарымта қайтаруға татыр еді.

Жолығып жүз танысқа әлде қайдан,
Жалдапты машинасын Көртоғайдан.
Әй-пүйге қаратпай-ақ жөнелді алып,
Не ғажап тасқын жортқан өтті сайдан.

Өз «ЗИЛ-і» Көртоғайдың аржағында,
Қалыпты Сасықбұлақ боз жонында.
Үйге бет түзеген соң ағасымен,
Оны енді уайымдайды өз жолында…

9

Бесінші баян

Дүние жетерлік шақ мемлекетте,
Қазына сарқылмастай берсе текке.
Бар түрі табылатын техниканың,
Ешкімге көзін сатпай өтемекке.

Қолма-қол көлік сайлап жол құрылыс,
Таң ата кеткен бастап оңды жұмыс.
Аудандар ағылдырған көмектерін,
Деместен тау арасы, жол бұрылыс.

Басталған Көртоғайда дүбірлі іс,
Дес алып жосығы күш дігір жүріс.
Ол да бір дарқан көңіл заман еді,
Еленіп ескерілмес шығыс, кіріс.

Моторлар күрілдеді, сартылдады,
Қызу іс қайнай түсті, қарқындады.
Қос арық тартылды да қос жағадан,
Тасқынның тазартылды сарқындары.

Осы шақ Көртоғайға біз де жеттік,
Ешқандай қоспасақ та үлес, септік,
Ажалдың тырнағынан аман шыққан
Қояндай жанымызды көжек еттік.

Бір сайдың елік жатақ ойнағынан
Шеңгел сап карьер ашқан қойнауынан,
Мойны ұзын экскаватор — алып жираф
Сидитып сыдырылған мойнағынан.

Сатырлап сап түзепті әлде нешеу,
Бәстесіп, бәсекемен қалмай кешеу.
Машина мықшияды екі көссе,
Жолына шыға алады етпей тежеу.

Теңкитіп тегенесін төбе-төбе,
«КАМАЗ-дар» ағылады қуып көбе.
Аралық қашықтықты алшақтатпай,
Күбірлеп тілейтіні: «Өзің жебе».

Оқшаулық іркіліс жоқ, кідіріс жоқ,
Тоқтаған техника жоқ мүдіріс боп.
Төксе де, тиесе де кезек күтпей,
Шықпайды кабинадан жүгірістеп.

Тәртіпті іс ширатылып, өріліп тұр,
Бәрі де бақыланып көрініп тұр.
Басқарып Кегенатком Байжүнісов,
Жол-жорық сол адамнан беріліп тұр.

Су орған сай табаны тегістелді,
Төккен тас биіктетті еңістерді.
Шұңғыл ор толтырылып тапталғанын
Көпірден сүйсініп жұрт тегіс көрді.

Құлдилап үш шақырым бас жағынан,
Таспадай тартылды жол тас шағылдан.
Көпірге иек артты сұғынып кеп,
Таптағыш таптап, шыңдап шашпа құмнан.

Инженер төрағаға берді белгі,
Төраға сәл ойланып арлы-берлі:
— Жұмыстар жүре берсін, тоқтамасын: —
Деп лебіз жалғастырды ойлы, зерлі…

— Бөгелген керуенді енді өткізейік,
Таптатып төсенішті тепкізейік.
Бірінші жаны олжа Естеу өтсін,
Аулына ілтипатпен жеткізейік.

Үш жерден милиция етсін күзет,
Жүрісін көліктердің тұрсын түзеп.
Деді де, мен отырған «Москвичке»
— Бірінші жүресің, — деп, меңзеді ізет.

Ізетті жаңылмады ережеден,
Көпірде қолым қысты терезеден.
— Естеужан, бақыттысың! — деп шаттанып,
Байқатты тыныстылық кенезе кең…

Осылай өтіп шықтым Көртоғайдан,
Көп адам опат болған ор тоғайдан.
Баяндап қаз-қалпында өлең еттім,
Жарады орын тұтса ортақ ойдан.

10

Шабанбаева Қалайының монологы

Арманым: төсек тартып ауырмадым,
Қалмады бақұлдасып бауырларым.
Нар тұлға аға, іні ортасында
Бар деп бір ойлаппын ба дамылдарым?!

Жүрегім!
Сезіп пе едім дәзің барын,
Жүзімнің аңғартып па ең ажымдарын.
Тым оқыс қысталаңда біліппін бе
Мәтқапы бас тартатын «назың» барын.

Апырым-ау!
Ұстамайды, қолым мерт пе?!
Сұмдық-ай!
Жолыққамын қандай дертке?!
Тасқында тал қармауға жарамаған
Төрт мүшем,
Алдағаның сол да серт пе?!

О, сұмдық!
Сұм жүрегім, сатып тұрсың!
Демейсің мені тіпті атып тұрсын.
Не жаздым қастасқандай қан тоқтатып?!
Қиясың мені өлімге қалай кыршын?!

Лыпылдап кеудем ішін саялаған,
Досым ең.
Қабақ шытпай аялағам.
Бұл оқыс қылығыңа таң қаламын,
Апатқа байлап беріп, аямаған!

Жұтылып кетіп барам айдаһарға,
Құтылар бұл пәледен айла бар ма?
Парапар бір жігітке күш бар еді,
Бүйтіп те қол-аяғым байланар ма?!

Қожасын сатып тынған ұқсап құлға,
Бермей тұр жүрек бұйрық жатып-тұрға.
Қол тұтпай, аяқ баспай қор етті, әттең,
Әйтпесе шығар едім атып қырға!..

Сұм жүрек!
Қапылыста саттың мені.
Басқа еді сатса да атса жаттың жөні.
Кеудемде тұншыққанда мені өлтіріп,
Қане айтшы, қайда қашып, таптың нені?!

Амал не?
Жүрек, сенім ақтамадың,
Зор еді жетем деген бақ, талабым.
Ақ келіп дүниеге, аппақ кеттім,
Өлсем де сені құшып аттанамын.

Аулымда бұлаңдап-ақ өсіп едім,
Аз-көбін санаппын ба несібенің?!
Бойжетіп сән түзесем арасында,
Тең-тұстың десі де едім, сесі де едім.

Шығып ем үй болудың қамын жасап,
Қат заттар табыла ма сабылмасақ?
Қайтейін, қуанышқа бұйырмадың,
Ақ жайма, ақ шымылдық, мамық шашақ!..

11

Сол тасқында қаза тапқан Ыразбек пен  ҚазМУ-дің тарих факультетін бірге оқып бітірген,  апаттан тірі қалған жас жұбайы Розаның ЖЫЛАҒАНЫ

Ыстығы басылмаған Ыразбегім!
Айтатын ағыл-тегіл жыры аз ба едің?!
Өнеге, өрнегіңе үйретер ең
Кейінгі жас өреннің біраз легін.

«Бәрін айт, бірін айт та» дейді халық.
Діттесем: жоқтай маған сенен алып.
Оң қолмен құшақтап ап теректен нық,
Сол қолмен жабыстырдың құшып алып.

Сол шақта соққы тиіп шалқаладың,
Деміңді қайта ішке тарта алмадың.
Тасқынға тұншықтың да ес жия алмай,
Қолмен де, аяқпен де малтамадың.

Соққан не толқын бүркеп сағымдатқан?
Ағаш па әлде тас па ағындатқан?
Сол болды аш қолтықтан қатты тиіп,
Талдырған ажал оғы қағынды атқан.

Кетпейді көз алдымнан өр өрнегің,
Апырмау, мен болмасам өлер ме едің?!
Не екенін жарын қорғап құрбан болу
Қасқайған ерлігіңмен дәлелдедің.

Қайтейін, қапы қалдым, Ыразбегім!
Көз жасым, сарқылар ма мұңды шерім?!
Мият қып бойда қалған нәсіліңді,
Таубаға шақырады біраз елің.

Сен ғана нағыз батыр көзім көрген,
Сендегі кім ойнайды сезімдермен.
Мәңгілік рухыңа бас иемін,
Бойға күш, ойға қуат, төзім берген.

О, тоба, басталды іште маңыздылық:
Нәсілің салып жатыр нағыз бүлік…
Тірі, сау туса, өссе аман-есен,
Сен жайлы айтып берем аңыз қылып.

12 Соңғы баян

(Эпилог орнына)

Шатқалға жол түспейді сай табандап,
Қорғалап қорынбайсың байқап, аңдап.
Тежемей жылдамдығын өтеді әркім,
Қуғындап, басып озып, тайталаңдап.

Тік жартас арқар қонған, бүркіт қонған,
Кеткендей ғайыпқа ұшып үркіп жоннан.
Астына бұғыныпты кең даңғылдың,
Дөңдерден аласартып қырқып жонған.

Қалқада қалған төмен көне көпір,
Бойында Аяз бидей өнеге тұр.
Тоқтатып көлігіңді, қарар болсаң,
Көрме боп шатқал жақта көрмеде тұр.

Бүркіт те, арқар да бар шығысында,
Байқайсың ескі орыннан бұғысын да.
Соларды құйған тастан мүсіншінің,
Мін бар ма ой жіберсең жұмысында!

Бірақ та бәрі бүгін жол астында.
Зейіл мен зерделердің қол астында.
Ұмытпа аялдауды, қанша асықсаң,
Артықша баға, құны таластың да.

Бұл — мені тасқын тірі тастаған жер.
Ауызын ажал-қақпан ашпаған жер.
Әулие болмасам да басқалардан,
Алланың әмірінен аспаған сел.

© Естеу Нүсіпбеков, 1997 жыл, шілде.



Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

семнадцать + 16 =