Құлмамбет рухымен тілдесу

Жүгіртілдің, тарланым, талай саққа,
Қуған күнге куәміз қоспай сапқа.
Арамызға тұрғызып таптық қорған,
Сығалатты сыртынан темір қақпа.

Дүсірлетіп дүбірлі дүмді ғасыр,
Қан жосамен қорқытып деді бас ұр.
Тағылықпен әруақты таптап өтпек,
Ат ойнатты қорымға асыр-тасыр.

Дей алам ба ел зарын естімедің?!
Жер құштырды халқымның естілерін.
Көз, құлағын тарс жапты қалған қауым,
Қатты үреймен қымтанды жаға, жеңін.

Көп жырыңнан көз жаздық, өзіңнен де,
Дидарласқан өзіңмен Көзіңмен де.
Ең жалдысы – Жамбылмен айтысқаның,
Шылбыр, тізгін бермеген безінгенге.

“Ел – қазына” деген сөз рас екен.
Шын керілсе қос білек – құлаш екен.
Сарқылмапты әулетің Әбдінұрдай,
Дейтұғын жыр асылын мирас етем.

Солар жинап тірілді азғана өлең,
Тоң кеуделер жібіді, маздап әлем…
Туыстарың тұрғызды ескерткішін,
Кітабыңды шығарды жазбаменен.

Үркітіп құс – кеудеден күпіршілік,
Осыған да айтам мың шүкіршілік:
Қу түбірге отырып қалмағанға,
Тұтпағанға шірік тал, сөңке-шілік.

Бір аунап түс, тарланым, оң жамбасқа,
Өр Жетісу жерінде озған қасқа.
Тұрсын сенің рухың қуат құйып,
Айтыс десе арқасы қозған жасқа.
© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

4 × 3 =