Айқасқа ақын

(Таңжарық ақынның 100 жылдығына)

Үшбурыл Таңжарықты еркелеткен,
Қызай ел қыз сүйдіріп серкелеткен.
Сал, сері, тура бидің тұсында ол
Бурадай буырқанып ерте жеткен.

Сын жұрты – нағашысы албан екен,
Оған да өнер іздеп барған екен.
Айтысып Қойдымменен Қарқарада,
Өр албан «иығына» салған екен.

Бұл – оның бұла күні бұлқынатын,
Жұлып жеп екі иінін жұлқынатын.
Мырзадан Жайырбектей мініп қашқан,
Сетерлі Сетіккөгін – мініс атын.

Табиғат Таңжарыққа дарыған-ақ,
Қызыл тіл уызына жарыған-ақ.
Биіктік, өрлік, төрлік, кекшілдікті,
Ұстанған дегдарлықпен ары қалап.

Табиғат Таңжарықты туған дара,
Інжуді іздесін деп жырдан ғана.
Абайдан, Әсеттен де сіңіргені
Іленің дәриясындай зор даңғара.

Ол – дүлдүл, өлең сөзде ай маңдайлы,
Суырылып, бәйге алдынан жайнаңдайды.
Талқандап тас түрмені тебінімен,
Бұғауды, тұсауды үзіп, сайрандайды.

Ол – қыран, томағасы сыпырылған,
Қиырдан, қиядан да ытырылған.
Ол – алғыр, ойы қылыш, сөзі найза,
Ағытып айтары мол ықылымнан.

Ол – батыр, қас дұспаннан қаймықпаған,
Жүрегі азаптардан шайлықпаған.
«Бас кеспек болса дағы, тіл кеспек жоқ», –
Деп, көзін сұрақшыдан тайқытпаған.

Ол – қайсар, төзген аштық, қорлықтарға,
Төтеген ұрған, соққан зорлықтарға.
Тілінген арқасынан таспалардан
Пісірді ол дастан, толғау ыстық қарма.

Ақынның шын әділдік – аңсағаны,
Ол дайын әділдікке жанса жаны.
Жырымен, өмірімен, ісімен де,
Ұсынған куәлікке қаншаманы.

Ол өтті тас тәлейлі ауыр сыннан,
Қара үзіп оза шауып жүз бен мыңнан.
Бұл күнде өктем үнін саңқылдаған,
Тыңдайды барша алаш биік шыңнан.

Жырына тапты жоқшы, тапты мият,
Жүрегі, зердесі ояу – сергек зият.
Әр буын әулеті өсті ақыл-есті,
Мәуелі жапырақ жайған жасыл қияқ.

Таңжарық табысты өршіл Мағжанымен,
Жараспен, Маралтаймен, Дағжанымен.
Таратып тәлкек болған тағдырларын,
Қойнына құшақтатты нақ-нағымен.

Табысты ол Мұхтармен де, Қанышпен де,
Табысты ол қайта ақталған арыспен де.
Қапаста сағынысқан ұл-қызымен,
Қайғылас, қасіреттес таныспен де.

Табысты ол бүкіл елмен жүз жасында,
Турашыл, түңіліссіз тұлғасында.
Алып ол, Абай, Жамбыл сияқтанған,
Кім шыдар бел буынып ырғасуға?!

Ешкім де ырғаспайды Таңжарықпен,
Ешкім де бұлдаспайды Таңжарықпен.
Білген құл далияды Таңжарықпен,
Білген ұл қариялы Таңжарықпен.

Ақын кем Таңжарықтай алабұртқан,
Жай тастап жарқыл қаққан ала бұлттан.
Аузынан аман қалып айдаһардың,
Құтылған қоңын ойған қара құрттан.

Жүз өліп, жүз тірілді өмірінде,
Күні-түн кек-шоқ үрлеп көңілінде.
Өлең-жыр отыменен кесіп шықты,

Көк кісен, қолда құрсау – темірін де.

Қазақы қара өлеңге дария қосты,
Дабылды дауыл күйге ария қосты.
Қан қатқан жүрегіне қандастардың,
Шер-қайғы жан айқайын жария қосты.

Көз ашқам Таңжарықты оқуменен,
Көңілге көркем сөзін тоқуменен.
Бірімін іздеушінің лаулатуды,
Таңжарық өлеңінің отын немен.

Ай маңдай ақын даңқы дабылдасын,
Аруағы риза болып дамылдасын.
Толғаулар туа жатар әлі талай,
Әуелі ниетті Алла қабылдасын.
© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

2 × четыре =