Бексейітке

Естеу мен Бексейіт

Қожакенің күйлері
Кейде судай тасады.
Көп иірім, иреңі
Шайдай көңіл ашады.

Кейде тасқа ұрылып,
Ақ жал көбік шашады.
Кейде еліктей қуылып,
Тым-тырақай қашады.

Кейде бояу самалдай,
Сыбырлайды құлаққа.
Кейде қаяу адамдай,
Мұң шағады бұлаққа.

Кейде майда жорғадай,
Суылдайды тайпалып.
Кейде жаңбыр сорғалай,
Майса бусар найқалып.

Кейде құсы қаптаған,
Ну орманға апарар.
Кейде күйік қақтаған
Нала көңіл қапалар.

Кейде самсап қалың қол,
Қырда келе жатасың.
Кейде қалып жарым жол,
Қайғы көлге батасың…

Ең бастысы — құрбандық,
Құрбандық ол күй үшін.
Өнер іздеп туғандық,
Өнерге арнап үй ішін.

Азаттықты аңсады ол,
Ылди барды, өр барды.
Теңдік қуып жамсады ол,
Көрсетті де төр барды…

Өр ерлігі, талабы
Бүгінге оны жеткізді.
Күймен кернеп даланы,
Дертті тағдыр кеткізді.

Өр албанда шарықтап,
Текес аңсап ұшқан-ды.
Әруақты әруақ шалықтап,
Бексейітін құшқан-ды.

Бешей ме одан қашқақтар!
Бұла күшпен бұлқынтты.
Алуан үнді аспаптар
Қожакені жұлқынтты.

Құдай оңдап, ескерді.
Күй құлпырды жанданып.
Ата аруағы дес берді.
Біз отырмыз жалданып.

“Ақ толқыны” толқындап,
Көбік шашып жатқандай.
Жауды алқымнан алқымдап,
Тас боп қолдар қатқандай.

Ат Тауында шайқақтап,
Жорға мінген нән құшақ,
“Селкілдекте” тайқақтап,
Көпір құшты болды ұсақ…

Бексейіттің еңбегі
Көшін жаңа түздеді.
Дөңгеленер дөңбегі
Жайлы жолын іздеді.

Жауыздықтың құрбаны
Қожакені тірілтті.
Дөйіздіктің құрбаны
Өз әкесін тірілтті.

Жастай қайтқан келінім
Әлияны тірілтті.
Текес өзен желінің
Өкпегінде жүгіртті.

Суынған өң-түстері
Үрлеп менен үмітті,
Қатқан шемен іштегі
Тастарымды жібітті.

Қарт кеудемді қыздырып,
Қан жүгіртті бойыма.
Мұзды сеңін бұздырып,
Құйды қуат ойыма.

“Әкеден ұл туса игі,
Әке жолын қуса игі”.
Әке арманын ақтауға,
Белін бекем буса игі —

Деп тілеген бабаның
Әруағы ырза ұлына.
Сазды әуенмен заманын
Сусындатқан жырына.

Сәбең имам тіріліп,
Сеніммен кеп Текеске,
Кенжесінен ірілік
Көргендей-ақ емес пе!

Риза саған, Бешейім,
Әкеңді көрген тірілер.
Риза саған шешейің,
Риза ұсақ, ірілер.

Риза саған мына жұрт,
Көрерменің — көп елің.
Көл көңілді құба-құп
Өнеріңмен бөгедің.

Өнерліге өріс кең,
Алқалайтын алғыс көп.
Танба осы желістен,
Жол сал өрге алға үстеп.

Сиқырлы үндер сазымен
Тыңдаушыңды баурап ал.
Әр күйіңмен, әніңмен
Мейір, сезім жаулап ал.

Назды, сазды қағыстан
Сиқыр ұста, жалтартпа.
Танба осы шабыстан,
Шабытыңда шар тартпа.

2002 жыл

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

19 − двенадцать =