Саңлақ ой елді бастар сардар іске

(«Қазақ үні» газетіне)

Саңлақ ой бастайды елді сардар іске,
Мән берсе,- мәйек, ұйтқы әр дәріске.
Ондай ой туған еді Орынборда,
Толғағы жеткен, піскен болжалы іште

Бастысы—газет, қазақ тіліндегі,
Асылды жатқызбай қап түбіндегі,
Халқына теңдік іздеп, жоғын жоқтап,
Даланы дабылдатып жүгірмегі

Сардар іс бастаушысы: Ахаң,Жақаң.
Жар салған демеуші іздеп далаға таң.
Тінейде Оразайдың Мұстафасы
Қаржыға ірге қазық қақты қатаң.

Содан да «Қазақ»ұшты қанаттанып,
Жаңашыл жаршы сөзбен жанаттанып.
Бір саны бір санынан асып түсті,
Азатшыл ғұлама оймен санаттанып.

Қойыннан орын тапты қоныштан да,
Қыстаудан, қиырдағы қоныстан да.
Аузында аңыз болды зиялының,
Ақ сөйлеп қандасқа әр болысқанға.

Үлгі етті озық елді, естілікті,
Түйреді етек тартты ескілікті.
Кісенді қиратардай қол-аяқтан
Үйретті жау жарақты сестілікті.

Азат ел қатарынан табылмақты
Үлгі етті, алға тартты дабылдатты.
Болса да қанша надан есіл жұрты,
Көбіне айтқандарын қабылдатты…

Осындай «Қазақ»болды заманында,
Азаткер басы барлар аманында.
Патшадан қауіп-қатер қанша төнсе,
Құтылар тапты айла, амалын да.

Дәл солай дәурен сүрді бес жыл еркін,
Сілкініс еркін ойдан тапты төркін.
Азат ой ұя салса әр көкейге,
Сол еді өзгертер жол өлке көркін.

Амал не? Жол кесілді «Қазақ» үшін
Біз ылғи жаралыппыз азап үшін.
Шегінді жетпіс жылға бізге азаттық,
Өткердік бастан сансыз азалы сын.

Аңсатқан әрең келді егемендік:
Жетпіс жыл көрсетпедік тебегендік,
Байқаттық қайсы істе де төбе кеңдік,
Қызғанбай қызымызды, ұлымызды,

Көрсеттік тым жорықсыз көбегендік…
Әйтеуір иелендік егемендік.
Азат ой таптық әрең жетпіс жыл соң–
Ахаңнан болғанда ата шөбере шоң.

Ес кетіп, жауын келген құдай санап
Зақымды милардан да жібіді тоң.
Жібіді, жібіді тоң ой, санадан,
Мәртебе бар ма биік бойшаң одан?!

Әкімнің, ғалымның да, жай халықтың
Санасы басқа қазір қой санаған
Игілік—ой да, қой да санай алсаң,
Маңына есеп жасап жанай алсаң.

Айрылсаң азаттықтан жазатайым,
Басасың аяғыңды қалай алшаң?!
Білгенге егемендік иесі кім?
Сөз жейтін сол иенің киесі кім?

Мәселе, жұмбақ істер түйін-түйін,
Шешер кім түйіндерін шиесінің.
Жақсы-ақ қой түпкі мүдде сақталғаны,
Жақсы-ақ қой кітаптан да жатталғаны.

Ары тарт, бері тарт сөз аз болды ма,
Заңның да астын-үстін хатталғаны?
Біреулер аптықты көш тездетуге,
Кішкене межелерге тез жетуге.

Нұрекең ондайға ырық бергені жоқ,
Бұл күнде дұрыстыққа көз жетуде.
Қаптаған қалың сұрақ арасында,
Жол берді кейбір кәлла қара сынға…

Оң мен сол, іш те, тыс та есепке еніп,
Ешкімге жөн қалмады таласуға.
Осындай андыздаған ой сайыста,
Жақсы-ақ қой жаңалықпен ми қайысса.

Жарқ етіп шыға келді «Қазақ үні»,
Аспан кең, тілекші көп оңтайлы ұшса.
Толғақты іс мазалады-ақ «Қазақ үнін».
Қарай ма ауырына азабының?!

Саралап саңлақ ойын, сардар ісін,
Көсемін түгендеп жүр қазағының.
Сүйсінем байсалды нық қадамына,
Сүйсінем азат ойлы адамына.
Ахаңнан, Міржақыптан, Әлиханнан
Таратып жүр азат ой саналыға.

© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

13 + 10 =