Жаңа ғасыр ұрпағым — болашағым

Армысың, Жиырма бір — Жаңа ғасыр!
Ойлы-қыр кешкенмін мен ұлан-асыр.
Сан қилы тәлкектенген тағдырымның,
Құлақта дүбірі тұр асыр-тасыр.

Жан сақтау сықтаса да бағынбақты,
Ар сақтау алға қарай адымдатты.
Жел үрлеп, май тамызып қозға, шоққа,
Үміттің лапылдатып отын жақты.

Отты үміт қондырды атқа әулеттерін,
Ішсе де саптыаяқтап нәубет шерін.
Бәс тікті басын, жанын ерлер сансыз,
Қан қасап жасқандырып жау беттерін.

Отты үміт жалғас тапты әр ұрпақтан,
Бойыңда намыс қаны тасып аққан.
Сақтады бүтіндігін тілдің, діннің,
Жердің де тұтастығын байтақ жатқан.

Қаздитып қарауылын қатар-қатар,
Қорғанын мықтаса да қанша қатал,
Құрдымға батты түгел қан қақсатқан
Қара күш таба алмай еш қармауға тал.

Мен сөйтіп қайта тудым Жиырмада,
Бағынбас болдым бұғау бұйырмаға.
Тіктедім Көгілдір Ту, дербес ірге,
Дей алдым: Шекарамды шиырлама!
Көлденең көк атты емен жол торыған,
Олжаны бөктеріндім ең зорынан.
Бағдарды Барыс болар алға жайдым,
Өткізіп миллиондардың қолдауынан.

Тұрса да қинап біраз базар нарық,
Алдында өркенді елдер жүзім жарық.
Төрінде жетпіс елдің жазыламын,
Қазақстан деген ат ірі әріппен.

Таныған бүкіл әлем ерікті елмін,
Түрінген етек-жеңін берік белмін.
Қос білек, от жүрекке жүгінемін,
Мылжыңын малданбаймын көріпкелдің.

Маған сын — жаңа ғасыр баспалдағы,
Ай, Күні, Жұлдыздары аспандағы.
Маған сын — ақ алғысы қарттарымның,
Ақ ниет, айлалы еңбек жастардағы.

Маған сын — буған белді босатпауым,
Әр істі әр сөзіммен қосақтауым.
Маған сын — сап құрауы заводтардың,
Қайнауы өндірістік ошақтарым.

Маған сын — әрбір таңым, тәуліктерім,
Думан той мейрамдарым, мәуліттерім.
Маған сын — ғылымның нақ есептері,
Сәуегөй былшылынсыз әулікпенің.

Маған сын — қандасымның қағынғаны,
Арланбай әр бөтенге жағынғаны.
Азғындап Алла таныр ата діннен,
Жат дінге маубастанып табынғаны.

Сын-сынақ мың молайса жасқанам ба?!
Тозса ұлтан тоза тұрар тас табанда.
Жоспарын қарыштаудың мың бір толғап,
Сызамын Алматымда, Астанамда.

Әлемдік өркениет — алып ағыс.
Өтіне кеме салдым қалмай қалыс.
Бұл өзі ерекше айдын, заңы тосын,
Аңыртпас, аңтарылтпас нағыз жарыс.

Жиырма Бір!
Мен қазаққа шашуы мол,
Айқара кеңістік аш асуы зор.
Енші, үлес, сыбағамды бөлшектемей,
Ортайтпай қайыратын ғасырым бол.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

пять × 4 =