Қастерлісің азаттық

Ой-қырынан қазақтың аттандаған Азаттық,
Ашу, кегі, ызасы батпандаған Азаттық.
От шарпыса, оқ жауса ойран болмай, шарт сынбай,
Қаны, тері жуса да тоттанбаған Азаттық.

Абақтыда тас қапас азапталған Азаттық,
Миллионнан, мыңдардан аз-ақ қалған Азаттық.
Матқапыда қас дұспан қапқа салып тарс буып,
Тасқа матап теңізге лақтырылған Азаттық.

Сүргінделсе, Сібірден сескенбеген Азаттық,
Азынаса қарлы аяз, дес бермеген Азаттық.
Тауға, тасқа төтеген қырдың қарабайыр,
Қас тұлпарға бергісіз төске өрлеген Азаттық.

Кенекемнің кеуліндей кек қайнатқан Азаттық,
Кек қайтару жорығын көпке айдатқан Азаттық.
Тұс-тұсынан жау торып, жатқа сатып туысын,
Сырым менен Сыздық боп шетке айдатқан Азаттық.

Домбырада, қобызда зарын шаққан Азаттық,
Күйлерінде күңіреніс қалыңдатқан Азаттық.
Күймеде атын Шоқан боп арындатқан Азаттық,
Жан күйігін Абай боп жалындатқан Азаттық.

Мәди менен Ақан боп байбайлаған Азаттық,
«Қазақ» пенен «Айқапта» айғайлаған Азаттық.
Әлихан боп алды-артты абайлаған Азаттық,
Ахмет боп болашақты бажайлаған Азаттық.

«Он алтыда» тау-тасты дүбірлеткен Азаттық,
Сан соққан, сан саусақты бүгулі еткен Азаттық.
Қан қақсатып қапылыс, қанды Қазан дауылы,
Қашқан-пысқан үркінді, бұғулы еткен Азаттық.

Мұртты атаға жақпай қап қырғындалған Азаттық,
Әулеті боп арыстың қуғындалған Азаттық,
Із аңду мен тыңшылық, соңнан қалмай сүмеңдеп,
Тыныш ұйқы алаңсыз арман болған Азаттық.

Діннен, ділден жаңылып азапталған Азаттық,
Табан асты тапталып мазақталған Азаттық.
Айың туып оңыңнан, күнің шығып солыңнан,
Еркіңе әрең ие боп ғажаптандың, Азаттық.

Қырғынына Қызылдың қалың бөккен Азаттық,
Желтоқсанның қарына қанын төккен Азаттық.
Жердің жүзін таңғалтып, ниеттесті қуантып,
Қазақ халқын әлемге мәлім еттің, Азаттық.

Әр қазаққа бүгінгі қадірің күшті, Азаттық!
Әр ұрпақтан күтесің адуыңды іс ғажаптық.
Қажымайтын, қайтпайтын байыптылық күтесің,
Қойдай қоңыр мінезді, адымы аршын Азаттық.

Шыққай әркім үддеңнен қасиеттеп қастерлеп,
Сардар сана, саңлақ ой сарсаңында бас терлеп.
Бүгінгі әулет қаласа табжылмастай тас ірге,
Қалауға нық қабырға ертеңгі әулет жас келмек.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

четыре × 1 =