Жамбыл музейіндегі ой

(Алып ақын туралы айтысушыларға)

Қазақтың жеріндей кең ұлан байтақ,

Кеудеден сөз желдіріп салған жайтақ.

Сарқыны қос ғасырлық ауыз сөздің,

Теңіздей тентек толқын келген шайқап.

Қарт сөзі көкірек жарып шүмектеген,

Төбеден төккенде өлең жүрекпенен.

Тарихын алшаңдатты қазағының,

Сөз түйіп шежіресіне жыр екшеген.

Әзір боп сол шақ оның ат, шапаны,

Кедейлік ұмытылды, ақша қамы.

Көкте ойнап, көп адамды тәуеттірді,

Алатау аспанында ақ сақалы.

Арман не бір сүйген соң халқы құша,

Не өнбек айтысқанмен алқым қыса.

Күрейлі әр дәуірдің өз қонысы,

Өз заңы: жас тудырса, шал тудырса.

Жамбылды тарих туды – қайта туса,

Сыбаға боп тиді оған дәуір – мұрса.

Өз суы, өз ауасы өсірді оны,

Тамыры үзілу жоқ енді жұлса.

Көзқарас бірде олай, бірде бұлай,

Жаралды қолмен, сөзбен бірде «Құдай».

Ой, арман өзгермейтін өмір ме бұл,

Басқаша өтсе бір ай, кірсе бір ай…

Келеміз тарих кешіп біз де солай,

Сүйретіп уақыт шағын өрге қарай.

Бұл ғаламға нұр шашып қайта жанды,

Жарқырап жарық жұлдыз жерде талай.

Сәкен деп, Ілияс деп, Бейімбет деп,

Мұхтардың мәртебесін түгел тектеп.

Көктерек, тақияға тар келмек пе?

Қарайды қайта өнерге ғылым беттеп.

Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

два × 1 =