Жолдастылар

Жолдастының күші көп, айласы да,
Ағыл-тегіл қоналқа ай басына.
Кезек күтпей әр ісі оңға басып,
Шешіледі не түйін пайдасына.

Жолдастының көзі көп, құлағы да,
Сырттан тіс тимес тышқақ лағына.
Қалт жібермей көреді қай-қайдағы
Құбылысты
Ұқсай қап қырағыға.

Жолдастының қолы көп, аяғы да,
Қанаттанып жүреді таяғы да.
Көші қонып жатады, жүгі жетіп,
Барам деген жеріне баяғыда.

Жолдастының орны көп, қонысы да,
Ешкім қоңсы қонбайды сонысына.
Түгі құндыз болады, жалы – жібек,
Арығының тым тез-ақ жүні шыға.

Жолдастының аты көп, көлігі де,
Дес кіреді сауық пен желігіне.
Ошағының маздайды оты лаулап,
Мотор қосьп қойғандай көрігіне.

Жолдастыда жүріс көп, сабылыс та,
Қылымсыған қылықты жағыныс та.
Көрсе қызар елде аз ба еліктегіш,
Әркімге де айнымас жағы нұсқа.

Жолдастының десі күш, мерейі үстем,
Шыны шайы шараптай тату ішкен.
Шіркін, сол бір жолдастық арылса екен
Есепқорлық саудалы ақылы істен.

Естеу Нүсіпбеков, 1972 жыл

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

одиннадцать − семь =