Таға

Тұяқтарды тайдырмаған тағасың,
Қарш-қарш шауып айдын мұзда ағасың.
Тоңнан тозаң, тастан шақпақ шағасың,
Өйткені сен тайдырмайтын тағасың.

Қалаулыны қорғайсың да бағасың,
Қараң-құраң қауіптерді қағасың.
Арықтың да тауыстырмай шамасын,
Алыс жолға әл-қуат та табасың.

Тайғақ жолда тірексің- сен қарысқан,
Қар ессе ат, күрексің- сен болысқан.
Саңлақ-саңлақ сәйгүліктер жарысқан,
Келдің бе әлде сары сағым алыстан?
Оны білмен.
Көзім көрген бір шындық:
Атам сені тығып қойып жаз бойы,
Шығаратын құлын тері талыстан.

Ғұмыр маған бұйырса да бір апта,
Яки буын қалтыратар жырақта…
Жүрсін тағдыр нық бастырып аяғын,
Тұлпарымның тоздырмай көк тұяғын.
Сүріндірмей
Шығаруға шамаға шақ қыратқа.

Естеу Нүсіпбеков, 1975 жыл

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

5 × четыре =