“Астана-Бәйтерек” басындағы ой

Астана Бәйтеректе
Астана Бәйтеректе

Сабыр, тағат безбенде
Тартыларын сезгем бе?!
Лифтіменен зәулімге
Көтерілдім лез-демде.

Туырлықсыз, үзіксіз,
Керегесіз, уықсыз
Хан сарайдай ақ орда
Төр ұсынды ұлықсыз.

Елтаңбалы төбесі –
Егемен Ел кемесі.
Бет түзеген Ғарышқа
Астананың жебесі.

Тұрғандай-ақ қалықтап,
Тікұшақта шарықтап,
Сол Ордада көз салдым,
Айналаға  анықтап.
***

Жарық көрмей, жыр күйіп,
Жүруші едім дүрдиіп…
Тәңір, тағдыр сақтапты
Мен шығар да бір биік.

Біл екенін қай биік :
Төбемде тұр Ай тиіп…
“Бәйтеректің” басынан
Жұртпен қатар жай тиіп…

Ай маңдайлы Айнұр қыз
Ақ шәйнектен шай сұнып,
Құзар Орда төрінде
Мен отырмын байсынып.

Тізгін жұлқып жүрегім,
Балбұлдайды реңім.
Сезім, санам серпіліп,
Шүңеттейді шүленім…
***

…Қарсы күштер қағынып,
Жағадан ап шабынып,
Он жыл бұрын өршіген,
Қарадүрсін тағылық.

Астананы көшіру,
Есілде өмір кешіру –
Қолдан келмес қиял деп,
Белең алған есіру.

Енді ойласам ол лақап
Болдырыпты жолда қап.
Жеңіліпті Ақылдан
Қауесет сөз делбетап.

Қайсыбірі қас екен,
Қайсыбірі пәс екен.
Қайсыбірі нас екен,
Қайсыбірі жас екен.

***

Дем беріп Елбасының Жолдамасы,
Елімнің таланбады қолдағы асы.
Көрікті гүл жайнап тұр Астанасы,
Есілдің оң жағасы, сол жағасы.

Көрдім мен құдіреттің қайда екенін,
Күмбезі көк тіреген жай мекенін.
Самала қаздиған үй қаржы құйып,
Сәулеті дәулетіне сайлы екенін.

Мәнері Шығыстың да, Батыстың да
Қазақы түйсіктермен қатыс мұнда.
Бергі бет, арғы бет пен орта ғасыр
Үйлесім тапқан түгел жатыс тұлға.

Осында тоғысқан-ақ қос құрылық,
Ешкім де қарай алмас осқырынып.
Кездесер көкитін де көбік ауыз,
Алған жөн қасты ұғынып, досты ұғынып.

Шүбәң жоқ “Бәйтерекке” шыға қалсаң,
Даңғылдық, дегдарлықпен ұға қалсаң.
Санаң да, санатың да саңлақтанбақ,
Сағымда сарылмай да болмай сарсаң.

Бөсті деп босқа мені кінәлама,
Жазғырсаң даттап үстірт – күнә о да.
Жанымның сызаты бар олсыз-дағы,
Сызатқа жалалы сөз сыналама.
© Естеу Нүсіпбеков 2004 жыл

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

13 − 2 =