Сыпатаев Мәжен жайында

СЫПАТАЕВ  МӘЖЕН  ӨТЕМІСҰЛЫ ЖАЙЫНДА

Мәженмен алғаш І946 жылы күзде Құлжа қаласында Ұлттар гимназиясында таныстым. Сыныбымыздағы 3О шәкірттің үштен екідейі ересек жігіттер болатын.   Тіпті  Жыңдағы, Шихудағы гоминдаң әскерлерімен болған соғысқа қатысып қайтқан, әскери гимнастиркасымен  жүргендер де аз емес-тін.  Ағзамбай, Шалғымбай, Жұмақын тірізді әскерде командир болған ересектер де көп болатын.

Олар біз секілді І3-І4 жастағы жас өспірімдерге әр тараптан үлкендік, серкелік көрсетумен қоса өктемдік, баса билеушілігін  де жүргізетін.  Сабақтан тыс уақыттардағы ойындарымыз бен демалысымыздың амалдары да әлгіндей ересектермен онша үйлесе бермейтін. Ересектердің әзіл-қалжыңдары да оқшауланып тұратын. Бұған қоса сынып бөлмесінде  де ересектер соңғы парталарға ұмтылса,ұсақтарымыз алдыңғы парталарға ығысатынбыз. Отызыншы жылдардың соңына қарай, Ташкенттің Орта Азия университетін бітіріп  қайтқан педагогтардың біреуі  Ысхақ Иманалыұлы сыныптағы шәкрттерінің осындай психологиялық жас ерекшелігін байқады-ау деймін. Қараша айы орталамай, ересектерді де, ұсақтарымызды да бойымызға, ойымйзға, мінез-құлқымызға қарай сыныптағы орнымызды да, жатақхана бөлмелеріндегі төсегмізді де көкейге қонар ақылын айта отырып, қайтадан түгел өзгертіп шықты.

Дәл осы тұста бойымыздың, оймыздың қарайластығын, жүріс- тұрысымыздың бейімдігін пәмдегендігінен шығар, Ысхақ ағай Мәжен екеумізді  сыныпта бір партаға, жатақханада бір бөлмеге, қатар төсекке орналастырды. Содан бастап өз-өзімізден екеу ара қол ұстасып, достасып кеттік. Оқу-жазу құралдарымыз да, екеуміздің ең жақсы  бір  киерлеріміз де ортақтасып кетті. Өйткені екеуміздің бойымыз да, салмағымыз да бірдей болатын. Ың-жыңсыз табысуымыздың басты себебі момындығымыздан-ау деймін.

Сабаққа бірге дайындаламыз. Менің оқуым да, қабылдауым да тез болатын, ал Мәженнің оқуы баяулау бірақ берік, байсалды болатын.

Жоғарыда айтқанымдай, сыныптағы ұсақтар арасында Мәжен   байсалдылығымен, аса сабырлылығымен, ұстамдылығымен ерекшеленетін. Көп сөзділігі жоқ. Анда-санда аса тапқыр мысқылымен белден басып ұтқыр сөйлеп, кім-кімді де ауыз аштырмай тастайтын. Ол әсіресе Әсейін ағаның география сабағын, Құлжаның орталық мешітінен келіп оқытатын ұйғұр молланың дін сабағын және Әбдірейім Исмайыл капитанның әскери сабағына қатты берілетін. Бірде Әбдірейім аканың карабин, бесатар мылтықтарын, гранатаның  3-4 түрін бөлшектету, қайта құрастырту байқауында еш жаңылмай орындап шығып айырықша мақтауына ие болғаны әлі есімнен кетпейді. Артынан ол Іле жағасына шығып мергендімізді сынға салған байқауда да ерекше көзге түсті.Ең көп ұпайды жинады.

Бір жылдан кейін Мәженнің бойы менен озып кетті. Салмағы да артты. Ол әлгі ұсақтар тобымыздың ең күштісі және маңдай алды палуаны болып шықты. Мынадай бір қызық есіме түседі. Бізбен параллел қазақ сыныбында Мәженнің аталас туысы, әскерден келіп оқып жүрген Арықбайдың Оразайы деген бір жігіт бар болатын. Жұма  күні гимназияның спорт алаңында ойнап жүрген бәрімізді сол жинап алды. Ол кезде Құлжаның барлық мектебі  жұмада дем алатын. Қазақ, ұйғұр, мұңғұл, сібе дегендей әр ұлттың да балалары бармыз. Ортада тұрған Оразай:

—   Қане, балалар, күрес бастаймыз. Ең әуелі менің інім Мәженді  ортаға шығарамын. Шарт былай: Мәженді жыққан баланы мен мәнтіге отырғызамын. Ал ол өзі өзі жығылса, Мәжен екеумізді қоса мәнтіге апарады.Кәне,  кім шығады бұл ойынға?- деді де, Мәженді жетелеп ортаға шығарды.   Мәженмен талай күреске түсіп, сырмінез болған біздің параллел екі сынып оқушылары бірден-ақ Мәженмен күреспейтінін айтысты. Ересек жігіттердің бірі:

– Ұйғұр,  мұңғұл, сібе балалары күрессін,- деген ұсыныс  қойды.

Мұны естіген ұйғұр балалр елеңдей қалысты. Олардың да ересектері аз емес болатын, . Әкім дейтін жігіт:

– Біздің балалар қорқады дейсің бе? –деп, топ алдында тұрған біреуін ымдады. Ол да аңғал және намысқой екен. Біден білек сыбанып алға шықты.Мәженді аса батылдықпен иығынан тартқаны сол еді, Мәжен де дайын екен. Шап беріп, жеделдете қапсыра құшақтаған күйі  көтеріп алды да, аяғын жерге тигізбей деңгелек асырды. Қызарақтаған жығылушы «қайта күресемін» деп еді, Мәжен оған да көнді. Тағы белдесіп, енді оң аяғымен сырттан шалған күйі шалқалата тағы жықты.

Күрестіруді қазақ Оразай мен ұйғұр Әкім ары қарай жалғастыра берді. Мәжен арт-артынан 3 ұйғұр баласын, І мұңғұл, І сібе баласын жығып берді. Кешікпей асханаға түскі асқа шақырған ысқырық шалынды.

Оразайдың мәнтіге отырғызамын деген сөзін бәріміз мәнті әперемін, мәнті жегіземін дегені деп түсінгеміз.Сәйтсек оның да мән-мағнасы бар екен.Оразай да әскер қатарынан оралған ересек жігіт болғандықтан, гимназия бойынша оқушылар комитетіне мүше болып сайланған белсендінің бірі болатын. Ал оқушылар комитетінің мүшелері кезекпен кезекшілік атқаратын. Асханадағы үш мезгілдік ас мәзірінің менюін жасасуға қатысып,оның сапасын,гимназистердің

тамақтануын, әдеттегі тәртіптілікті, тазалықты бақылайтын. Ол міндеттерін кейбіреуі сыпайы,  салмақтылықпен сыйымды орындаса, кейбіреуі айғай-ұйғайын асыра, әуейіленіп,өзін айбынды көрсетіңкіреп айбынданып орындайтын. Біздің Оразай ағамыз да осы соңғы жосындағылардан еді. Жұма демалысында жатахқанада шәкірттер аз қалатынын ескеріп, мектеп директоры аспаздарға,мектеп фелдшеріне анда-санда сапалы үй тағамдарын жасап беруді тапсыратын. Бүгін сондай ниетпен ерекше жасалған ас мәзірін біліп алған кезекші Оразайдың гимназист жолдастарына өзін аңғартқан бір қыры екен. Ысқырық үні шыққанда-ақ ол:

– Ал, балалар, бүгін мен кезекшімін. Әлгінде айтқаным айтқан. Бәрлеріңе қазір мәнті бергіземін. Жығылса да, жүректері дауап менің інім Мәженмен күрескендеріңе жарты, ал бәрін жыққан Мәженге және белсенділік көрсеткен Әкімге бүтін сыбаға мәнті бергіземін,- деді де, жылдамдатып асханаға бет алды.

Бәріміз де қолы-басымызды жуып асханаға келдік.

Білегіне қызыл шүперек байланған Оразай шынында да он кісілік бір үстелді бөлекше әзірлетіпті, Мәжен мен Әкімді және күреске шыққан әр ұлт балаларын сол үстелге шақырып. әлгінде айтқан сый-сияпатын жасады. Өз қалтасынан ақша шығарып, мәнті әпергендей-ақ көрім дырдиып қалды. Бүкіл гимназиске Мәженді палуандыққа тәрбиелеп жүрген бір өзі болып жүргендей аңғартты.

Аспаздардың бұл күнгі мәнтілері таңдайға шын татыған дәмді екен. Туырылған қойдың құйрық майын былбырата бықтырған, көк пияздың исі бұрқыраған, нағыз Құлжа мәнтісі болыпты. Бәріміз де тұшынып жедік. Ақ көңіл аспаздардың да сахилығы ұстаған күн екен. Демалыс күні сұранып үйлеріне кеткен қала балалары мен туыс іздегендер көп екен. Солардың есесіне палуандығымызды сынамағандармыз да қосымша сыбаға жеп мәз болыстық.

Бірақ мұнан бұрын өз сыныбымыз бен параллел сынып қана танып, мойындап келген Мәженміздің күш-қайратын бүкіл гимназиядағы басқа ұлт өкілдерінің де танып, мойындауы жалғыз Оразай ағамызға ғана

емес, бүкіл қазақ балаларына мақтаныш болды.

Мәженнің палуандығы  ұлттар гимназиясына осылай тарады. Бірақ Мәжен біреу қолқаламаса, білек сыбанып белдесуге түспей, жай қарапайым кішіпейіл қалыбын бұзбай томаға тұйық жүре беретін. Мінезі тым ауыр болатын. Үш жыл ішінде бала болып Мәженнің ешкіммен де жүз шайысып жаңжалдасқанын көрмеппін.Егер нағыз сабаз біреу болса соның өзі, екеу болса соның біреуі Мәжен болатын.

Құлжаның ұлттар гимназиясы І948 жылы жазда Орта дәрежелі мамандар жетістіру Білім Жұрты болып қайта құрылды.Гимназия сыныптарын бітірушілер  екі бөлінді, әлгі жасы ұлғайған ересектер қызметтерге жіберілді.Ал ұсақтар арнаулы іріктеуден өткізіліп, Білім Жұртының әкімшілік,мұғалімдік, зоо-вет, бухгальтер-экономикалық, агрономиялық бөлімдеріне қабылданды. Осы тұста Мәжен өз өтінішімен сұранып,  еліне мұғалім болып кетті. Мен одан кейін де Білім Жұртында үш жыл оқыдым. Мәженмен жазғы каникулде ауылға келгенде сирек кездесіп жүрдім. Өйткені ауданымыз бір Мұңғұлкүре болғаныен аулымыздың арасы тым шалғай және бұрыс еді.

Мәжен мұғалім кезінде де беделді, абыройлы болғанын білемін. Оған мысалым да бар.

Осы күні Есік қаласында тұратын Нүсіпәлиев Әділжан деген ескі дос әріптесім бар. Сол Әділжанның жұбайы, замандасымыз, бес баласы бес үйдің иесі болып отырған,олардан ІО-І5 немеренің әжесі болған аса сыйлы әже Данахан Қаныбекқызы мынадай естелік айтады:

-Жас өспірім кезімде Мұңғұлкүре ауданының орталығындағы қазақ бастауыш мектебінде 3-4 сыныптарда оқыдым. Сол кезде мектебіміздің мүдірі де, біздің сынып жетекшіміз де Мәжен Өтемісұлы ағай болатын. Ол кісі ешбір дауыс көтеріп сөйлемейтін, аса мейірймді, ылғи «айналайын» деп сөйлейтйн, өте кішіпейіл ұстаз болатын. Сабағын түсіндіргенде, бар жанын салып ұғындырып, сабақтан шыға қалғанда шәкірттерімен бірге ойнап, бірге күлетін.О кісімен секірісіп, жүгірісіп ойнағанда мәз болмайтын, рахат таппайтын шәкірт аз болатын.Оның үстіне кім ән салатынын, кім билейтінін, кімнің не өнерінің барын, кімнің неге бейім екенін бес саусағындай жетік білетін.

Әсіресе алыс ауылдардан келіп, ата-анасын сағынып жүрген шәкірттерін ерекше аялайтын. О кісінің алдында бәріміз де жасқанбай, бойымыздағы өнерімізді батыл көрсететінбіз.

-Мейрамдарда бір-бірімізден қалыспай, берекелесіп ұйымдаса кетіп, мазмұнды да, тартымды концерттік бағдарлама орындайтынбыз. Содан болар, кейін мен өлең айтып, ән салудан,би билеуден аудан өнерпаздарының назарына ілігіп, солардың қатарына қосылған болатынмын. Бірақ о кісіден кейін шәкрті бойындағы жылтыраған отты үрлеген мұғалімді өте аз көрдім. Шын мәнінде Мәжен ағадай ісіне, шәкірттеріне жан сала берілетін ұстаздар , әй, аз-ау, сірә.

Инауатты әженің 5О жылдан астам уақыт жақсы жадында сақталған жас ұстаздың аталған асыл сипаты одон да өзге шәкірттерінің кеулінде  сақталмағанына кім кепіл!

Гимназия өмірінен кейін Мәжен екеуміздің кездесуіміз жол-жөнекей ғана болып жүрді. Кең шүйіркелесуіміздің сәті 25 жылдан кейін келді.Ол І973 жылдың жазы болатын.Оның өзі Мәженнің қайын атасы – есімі екі елге танымал,  әрі ақын,әрі драматург,әрі прозаик Бұара Тышқанбаевтың Қазақстан Жазушылар Одағының шығармашылық іссапарымен Нарынқол ауданына келуі орайына байланысты болды.Бүкең атақты айқұлақ ақын Таңжарық Жолдыұлының  туғанына 7О жыл толуын атап өтудің ұсыныс жұмыстырымен келген екен.Жазушылар Одағының бұл ұсынысын ол кездегі ауданның парткомы мен атқару комитеті ықыласпен, ілтипатпен қарсы алды. Ауданның Текес, Қақпақ, Қайнар, Сарыжаз елді мекендерінде Таңжарықтың 7О жылдығы мен шығармашылығы жайлы кездесулер мен әдебиет насихатын жүргізуді ұйымдастыруға аудандық парткомнің үгіт-насихат бөлімінің сол кездегі меңгерушісі Шындәлиев Айтбайды бөліпті. Жергілікті қаламгерлерден аудандық оқу бөлімінің инспекторы Тілеужан мен Қайнар орта мектебіндегі мені Таңжарық ақын туралы қосымша баяндамашылар етіп белгілепті. Алдынала жолданған бағдарлама кестесі бойынша сапарға шықтық. Кезекті кездесу Сарыжазда өткен күні қонағасыға Сыпатаев Мәжен Өтемісұлының үйіне келдік. Мәжен мен Сараның сый-сияпатынан соң, күндегі дағдымызбен Тілеужанның өнерін тамашаладық. Ол «Таңжарық пен Қойдымның айтысын», «Таңжарық пен Шоқпар кемпірдің айтысын», Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын жатқа соқты. Айтыс пен жырға сусын қанғаннан кейін арғы-бергі бастан кешкендер, кімнің не істеп, не қойғаны жайлы және жол-жөнекей, кейде ғана асығыс сәлемдесіп қалу, сырттай сұрасумен өткен өміріміз жайлы әңгімелер ағыттық…

Сол күні байқадым: Мәжен екеуміз  он екінші атамыз, Албанның немересі Сүйерқұл бабамыздан тараған жұрағат туыс екенбіз.Мәженнің елі Жолдыбай екенін, Жолдыбайдың Қожбанбеттен тарайтынын, ал Қожбанбет  Сүйерқұлдың бел баласы екенін, менің елім Шүйке-Жансадықтың әкесі Досалы да Сүйерқұлдың баласы екенін бұрын да білетінмін.

Бірақ Мәженнің аса қасиетті, әулие бабаларын онша біле бермейтінмін. Мәжен шөбересі болып келетін бабасы Түгелбай бүкіл  Албанның Сүйерқұл мен Сүймендіден тараған әулетіне он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында 2О-25 жылдай болысы және биі болған,әділдігімен атағын шығарған аса қасиетті әулие кісі болған делінеді. Ол кісінің күмбезі Шалкөде жерінде екен. Бүкіл ел, әр әулет ерекше қасиет тұтып, пұшпағы қанамаған әйелдер мен балаға зар жар жұбайлар басына тілеу тілеп түнегеннен кейін нәрестелі болғанын, жазылмаған аурулар қасындағы бастау суын ішіп сауығып кеткендерін ауыздан ауызға көшіріп аңыздайды. Бәрі де тегін емес. Ұрпақтан ұрпаққа аңыз болу бекер болмаса керек… Түгелбай бабасының бел баласы Сыпатай атасы да болыс болыпты. Қажыға барыпты. Ол кісінің төрт әйелінен  он бір ұл туыпты, олардың бәрі де ата дәстүріне адал, көпшіл, намысқой, таза ділді,діндеріне берік кісілер болған. Бай әулеті , қажы тұқымы делініп, қудалауға ұшыраннан да кеңес өкіметі тұсында, отызыншы жылдардың басында ошарыла Қытай ауып кеткен.Ол жақта да бүкіл әулет жаман тұрмыс кешірмеген,азып-тозбай, береке-бірлігімен тез ес жиып кетіскен. Бәрі де шетінен ақ үй тігіп, қораларына қой, өрісіне мал салып жақсы тұрмыста болыпты.

Аталар  дәстүріне, дініне берік ауыл кәриясы, көзі ашық оқығандары көп, береке бірлігі тығыз, ынтымақты Сыпатай әулеті Қытай ауған Албанның алды болып, І955 жылы тағыда қатарын бүтін сақтап, туған жерге түгелге жуық көшіп келіпті. Содан бері мұндағы туыстарымен де қоян-қолтық қол ұстасып еңбекке араласыпты. Көкірегі ояу, жаны ізгі Мәжен туыстары мен туған елінің сенімін ақтап, ұжымшарда ірі қара фермасының жұмысын ұршықтай иіріпті. Көрнекті де беделді, іскер ферма бастығының абыройына бөленіп жүр екен. Ширек ғасырдан кейінгі кездесуімізде Мәжен ең бірінші маған осы жайын ақтарыла әңгімеледі.

Екіншіден, өзінің үй ішін таныстырды. Жазушы Бұқара Тышқанбаевтың ең үлкен қызы Сараға сол гимназияны бітіргеннен

кейін көп кешікпей үйленіпті.  Қазір төрт ұл, төрт қызы бар екен. Бәрі де тәрбиелі, жақсы оқушылар дейді. Өзі көп оқи алмағанының есесін осылар қайтарар деген үмітін ұқтырды маған.

Мәженнің ақ ниетімен алға қойған асыл армандары орындалды. Ұл-қыздарының бәрі де еліне елеулі, халқына қалаулы дерлік азамттар болып ер жетті. Ұлының үлкені Мәдениет жоғары білім алып шыққан соң, ауыл шаруашылығында қызметтер істеді. Соңғы кезде Сарыжаз округінде ауыл әкімі болып келеді.

Қызының  үлкені Райхан – ғылым  жолында, әрі математик, әрі журналист,әрі педагог. Математика ғылымының кандидаты. Балабақша жасындағы үлдіршіндердің ойлау, сөйлеу, танымдық қабілеттерін дамытуға арналған, ұлттық педагогика ұстанымдарына негізделген бірнеше кітаптың авторы. Қазір Мәдениет, ақпарат, келісім минстрлігінде жауапты қызмет атқарады. Одан кейінгі ұл-қыздары да жоғары білімді мамандар. Бірі заңгер, бірі дәрігер, бірі экономист дегендей әр салада абыройлы қызметтер атқарып, өздері де ұл-қыз өсіріп, бір-бір үйдің иесі болып жүр. Қатар құрбысының алды дерлік. Халқымыздың «Атадан ұл тусы игі, ата жолын қуса игі» деген жақсы тілеуі Мәжен әулетіне де қабыл болып  келеді. Сонау Қожбанбет, Жолдыбай, Түгелбай, Сыпатай бабаларынан бір-біріне жалғасқан ата дәстүрге, дінге, ділге берік, ауыз бірлікті, тату-тәтті сара жол  Өтеміс балалары ағайынды  Жөкен, Мәжен, Әбіжан, Әбдінұр ұрпақтарымен де жалғасын тауып жақсы үрдісте келеді. Мұны білетін ниеттес сырт ағайын да аса қасиетті, қастерлі ата-баба  мен сыйлас құрбы Мәжен әулетін көріп, іштей сүйіне риза көңілмен марқаяды.

Жасы қартайса да жаны, ақылы қартаймайтынын Мәжен де айғақтап өтті. 4О жылдай ұжымшарға, қоғамға қызмет еткен Мәжен көп құрбысынан ерекше екі артықшылығын ашық танытты. Егемендік жемісі саналатын жекешелендіру тұсында кейбіреулер тәрізді тапқанын орынсыз шашып көшіп, қала сағаламады. Қара орда ата мекенінен тапжылмай, еңбек үлесіне лайық жер иеленді, шаруа қожалық құрды. Ата кәсіп мал шаруашылығынан қол үзбеді. Ауылдастарына да,  өз кіндігінен өрбігендерге де еліктерлік үлгі-өнеге көрсетті. Бұл – бір.

Екіншіден, кеудесінен иман нұры өшпегенін байқатты. Өмір бойы ішімдікке жоламады. Ал жасы алпысқа толған тұста біржолата имандылық жолға, діндарлығына бет бұрды. Бес намазын уақтында ада етіп, оразасын ұстады. Ішін де, сыртында таза ұстап, дәретпен жүріп, Құдай Тағаладан күні- түні иман тіледі, шапағат тіледі. Өз әулетін де, ауыл-аймағының кәрі-жасын да адал ақ дін жолына уағыздады. Ниетін, тілеуін Бірім-Барым қабыл етсін! Мұның өзі де Мәжен бауырымыздың көп құрбысынан қамшы салым ілгерілігін танытады.

Мәжен өмірін жақсы  өткізді. Адал, көпшіл, еңбекқор, кішіпейіл, ізетті, инабатты адамгершілігімен замандастарына да, өзінен кейінгі ұрпаққа да,   өз әулетіне де үлгі-өнеге болды.

Өтемісұлы Мәженнің жадымда қалған бірнеше қырын көз алдыма елестете отырып, Жаратушы иемізден, біріншіден иманын жолдас етіп, жанын жаннатта етуін, екіншіден,артында қалған ұл-қыздарының да, немерелерінің де өмір жастарын ұзақ етіп, ата жолында жүргізуін тілеймін.

Естеу НҮСІПБЕКОВ

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

6 − 6 =