Ақынмен сұхбат

АҚЫН Е.НҮСІПБЕКОВПЕН СҰХБАТ


(КазГУ филология факультеті 5-курс студенті Рахова Жаннаның сұхбаты, 2003 жыл)
1. Сіз жазуды қашан бастадыңыз?

Менің өлеңмен әуестігім Құлжа қаласында Ұлттар гимназиясында оқып жүрген шағымнан басталады. Ол шақта Сәбит Мұқановтың, Жұмағали Сайынның, Асқар Тоқмағанбетовтың өлеңдерін оқитынмын да, соларға еліктеп өлең сымақтарымды көп жазатынмын, және ешкімге көрсетпейтінмін. Сондай өлеңдер жазылған бір дәптерімді газет редакциясында қызмет істейтін Рахметолла Әпшеұлы деген ағай көріп қалып, маған бәрін оқытты. Бір-екі өлеңімді көшіртіп алды. Бірінші май мерекесінде қызыл бояумен басылған мерекелік газетті көтеріп келген сабақтастарым онда менің «Май» деген өлеңімнің басылғанын көрсетіп қуаныш етісті. Содан бастап жазғандарымды ішінара редакцияға жіберетін болдым. Бұл өткен ғасырдың елуінші жылдары болатын.

1951 жылы Үрімжі қаласына әдебиет мұғалімі болып барғаннан бастап ұстаздықпен қоса шығармашылықты қатар алып жүретін болдым. Артынан Халық баспасына ауысқаннан кейін талғап оқу, талғап жазу дәрежесіне көтерілдім. Жаңа қалыптаса бастаған әдеби ортаға ендім. Содан бергі шығармашылығым ғана әдеби талғамға сай деп ойлаймын.

2. Шығармаларыңыздағы әдеби бейнелер мен лирикалық кейіпкерлер ойыңыздан шығарылған ба әлде өмірден алынған ба?

Менің басты шығармашылығым өлеңмен, поэзиямен басталған, сол жанрдан айнымай келемін. Әліде айнымаспын. Өлеңдегі ойды қиялдан да, өмірден де ажырата қарауға болмайды. Өлеңдегі бейне, лирикалық кейіпкер өмірден, табиғаттан, адамдармен қарым-қатынастан туады, дүниеге келеді, алайда ақындық қиялмен, тіл көркемдігімен жетіледі. Бір мысал келтірейін: 1955 жылы ол кездегі «Шиңжаң әдебиет – искусствосы», қазіргі «Шұғыла» журналында менің «Фабрика жырлары» деген топтама өлеңім шықты. Ол топтама қытай тіліне аударылып, 1956 жылы шілде айында Пекиннің қалалық әдебиет журналында жарияланды. Оны сол кездің дуалы ауыздары қытай қазақтарының, әсіресе Шолпан атты тоқымашы қазақ қызының жаңа бейнесі деп бағалады. Сол себептен шығар, мен бүкіл қытайлық жас жазушылардың бірінші съезіне делегат болып қатыстым. Мұның өзі аталған топтама өлеңдерімнің өмірден алынған дерегін де, қиялды идеядан туғандығын да қоса аңғартады. Ақын қиялы өмірден туып, өмірге, адамға, жан дүниеге ықпал етеді.

3. Ғылыммен, зерттеулермен айналысып көрдіңіз бе?

Иә, айналыстым. Әліде айналысып келемін. Бұл – менің әдеби-ғылыми шығармашылығымның екінші арнасы. Ол былай басталды : 1954-1956 жылдары Шыңжаң Халық баспасының оқулықтар бөлімінде редактор болдым. Кеңес Одағынан маман ретінде көмекке барып, осы баспада кеңесші болған қазақстандық жазушы Жәрдем Тілеков тің тікелей жаттықтыруында тәрбиелендім. Өлкедегі қазақ мектептерінің 6- және 7- сыныптарына арналған « Әдебиеттік оқулығының» екі кітабын құрастырдым. Аталған оқулықтарға қандай ақын-жазушыларды, олардың қандай шығармалырын кіргізу туралы мәселе өте ауыр әуреліктерге салды.Осы тұста мен Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің негізін салушылар, тірі қаламгерлер, қытай әдебиетінің, орыс әдебиетінің, ұйғұр әдебиетінің өкілдері туралы да зерттей бастадым. Ол жылдары өлке орталығында мұндай мәселелермен айналысатын ғылыми орындар әлі қалыптаспаған болатын. Сол себептен әр ұлт ақын-жазушыларын танып білу, оқырманға, бүкіл елге таныту оқулық жасап отырған тікелей менің ғана борышым секілденетін. Мен құрастырған оқулықтарға шығармасы енген М.Горький, Лушин, Жүй Чүй Бэй, Лұтфолла Мүтәлліп т. б. туралы мақалалар жазып, газет-журналдарда жариялағаным да, Ақыт қажы, Таңжарық, Көдек ақындарды оқулық кітаптарға кіргізу жолындағы жұмыстарымның тұйықтарға тірелетіні де, кейін жергілікті ұлтшылдыққа қарсы күрес кезінде басыма таяқ болып тиетіні де сол тұс болатын.Ол о жақтағы істер. Ал бұл жаққа келгеннен кейін, ҚазМУ-дың филология факультетіндегі студент шақтарымда Абай поэзиясының тілі, Әсет Найманбайұлының өлеңдері, Бейімбет Майлин новеллаларындағы шеберлік, Елжас Бекеновтің шығармашылығы жайлы зерттеулер жазып, Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Зейнолла Қабдолов, Нығмет Ғабдоллин тәрізді білікті ұстаздардың назарына іліккенмін. Университет бітіргеннен кейін осындағы қазақ әдебиеті кафедрасына « Мақыш Қалтаевтың шығармашылығы» тақырыбы бойынша ізденуші болып қабылданған кезім де бар. Қазақ тіл-әдебиеті мұғалімі болған соңғы отыз жылымда жоғарғы сынып оқушыларымен С.Мұқановтың «Ботагөз»,Ғ.Мүсіреповтің « Қазақ солдаты», Т.Ахтановтың « Шырағың сөнбесін», Ә. Нұршайықовтың « Ақиқат пен аңыз» романдары бойынша кітап оқырмандары конференцияларын өткіздім. Ш. Айтматовтың « Боранды бекет», « Жан пида» романдарын, « Ақ кеме», « Алғашқы ұстаз», « Қош, Гүлсары» повестерін жан-жақты талдаттым. Осы аталған авторлар мен олардың кейіпкерлері жайлы толғаныстарымның, ғылыми болжамдарымның басын құрап, жүйелейтін болсам, оның өзі де үлкен том боларлық.
Бір сөзбен айтқанда, мен өз шығармашылығымды еріккеннің ермегі немесе пайда табудың көзі деп түсінбеймін. Өнер жолындағы, жас ұрпаққа сөз өнерінің ұрығын шашу жолында бір кісідей-ақ ізденген, өлеңнің, дастанның, әдеби-ғылыми мақаланың әрқайсын да қызу қанмен жазған шынайы шығармашымын деп түсінемін. Атақ, даңқымды ерте шығара алмағаным, қалың оқырманмен жиі көріспегенім үшін ең әуелі өзімді кінәлаймын.

«Кешіккен сый» кітабыма ұлы Абайдан «Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға» деген жолдарды эпиграф етіп алдым. Бұл – менің өмірлік ұстанымым. Қалған өмірімде де ол ұстанымнан айни қоймаспын. Асыл пышақ қын түбінде жатпасына сенемін. Менің де таңым атып, күнім шығып келеді. Шығармашылықтың серті – көп жазуда емес, дөп жазуда. Не дүнием де дөп жазылған болса, оның елге танылуы ешқайда қаша қоймас…

4. Проза, сатира жанрларына жұғысып көрмедіңіз бе?

Жоқ. Ол жанрларда өзімді сынаған да емеспін. Ашулы, ызалы
сәттерімде туған берен-саран сатиралық өлеңдерім бар да болар.Оның бәрі қойын дәптерімде, еш басылымға ұсынған емеспін.

Әңгімеңізге рахмет!

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

2 × 3 =