«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ» ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖАЙЫНАН

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ» ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖАЙЫНАН

Құрметті жерлестер ! Ардақты ағайын ! Қадірлі қазақ тілінің жанкүйерлері !

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, пәрменділігін  күшейту  мәселелері бойынша кеңестеріңіздің берекелі және баянды болуына тілектестік білдіремін.

Мен алдымнан әлденеше жүздеген, тіпті мыңдаған шәкірт ұшырған, 45 жыл қазақ  тілі мен әдебиетін оқытқан қарт ұстазбын.Орта мектептерде дәріс берумен қоса, туған тілді қорғап, қоршау, нәсихаттау жолында да аянбай тер төктім. Ана тіліміздің халі мүшкілдеген, тағдырына қауіп төнген дәуірінің де қиыншылығы мен азап-машақатын бастан  кешірдім. Қайтсе де шәкірттермді, қандастарымды ана тіліміздің асыл байлығымен, уызды нәрімен мол сусындатудан шаршамадым, жалықпадым.Жүрген ортамда өз мамандығымды кім-кімге де құрметтете білдім. Ар-ұятыма шаң жұқтырмадым.

Ана тілімнің шынайы жан ашырларының бірі болдым. Оған осында отырған замандастарым куә және ғылымның, мәдениеттің, ел басқарудың әр саласындағы бүкіл елге танымалы түлектерім куә.

Иә, ана тілім жайлы күрескерлігіме дәлел ретінде шығармашылығымнан да бірер мысал келтірейін.Озық ойлы зиялыларымыздың бастамашы, ұйытқы болуымен 1989 жылы Тіл туралы заң шыққанда, қуанышым қойныма сыймай, «Тілімізге дес тиді» деген өлең жазғамын. Онда:

Тілімізге дес тиді, есе тиді,

Шор боп қатқан шиені шеше тиді.

Жолды ашып тосқауыл бөгет тастан,

Болашаққа бастар кең көше тиді.

Тілімізге тың, тосын теңдік тиді,

Көкжиегі кеңіген ендік тиді.

Еңсемізді тік ұстап, нық басуға,

Жасаруға кепілдік кеңдік тиді…- деп жырлағанмын.

Маған ол кезде ана тілімізге мемлекеттік статус берілуінің өзі-ақ бар мәселені оңай шешіп тастайтындай сезілген… Бар билік, бар басымдық біздің ұлт қолына берілгендей сезілген…Онан бері табаны күректей15-16 жыл өтті. Бірақ бәрі  баяғыша. Мендей албырт аз екен де, жағдайшылдар мен орайшылдар, салбөкселер көп екен.Айлашылдар да, алдамшылар да, өтірікші мен өңін өзгерткен пайдакүнем  мансапқор да баршылық екен.Ділі өзге, тілі сақаулар да аз емес…Осының бәрі жолға бөгет, аяққа тұсау, шылбыр- тізгінге талас болумен тіл туралы заңдарымызды да, жазғандарымызды да дәрменсіздендіріп келді…

Арада 5-6 жыл өткеннен кейінде :

Көтерейін еңсемді төмендетпей,

Көк дөненім терін ап, көбеңдетпей.

«Өнер алды – қызыл тіл» деп кесеткен,

Ата сөзі арнасын бөгендетпей.

Түрінейін балтырды жарысуға,

Сыбанайын білекті алысуға.

Арбамды да нарымды дайындайын,

Тіл көшінің жүктерін салысуға.

Тілдің туын ұстайын биіктетіп,

Жырын жырлап, әнін сап сүйікті етіп.

Оқ қағар боп қорғайын қауіп төнсе,

От шарпыса өтінде күйіп кетіп…-деп жырладым.

Амал не?! Бұл сезімім де алдады. Менің айтқаныма, пысқырушы болмады. «Қазақ тілі» қоғамын « Дарын» деген жасанды қоғамға қосып, ұлтжанды біздерді , қулық-сұмдығы басым айла-шарғының арқа көрінісін аңдамаған аңқауларды оп-оңай адастырды. Іс жүзінде осылайша жабылып қалған «Қазақ тілі» қоғамына қағаз жүзінде , тиісті талап еткен жоғрғы орындарға абыройлы, беделді бір бауырымыз мен иемін деп қол қоюмен келді. Бастауыш ұйымдар үн-түнсіз-ақ  зым-зия жоғалды. «Сен тимесең мен тиіспен, бадыраң көздің» ақыры міне осы. Мұндай «жаны ауырмастың қасында басың ауырмасындар» менің балақ түрінген жүйріктігімді, білек сыбанған палуандығымды, жанын бәй тігер оққағарлығымды не қылсын-ау ?!..

Мұндай берексіздікке нүкте қояйық, ағайын….

Енді бүгінгі жиынға мынадай ұсыныстар енгіземін :

Бірінші,ауданымызда қазірше «Мемлекетік тіл» қозғалысы боламыз ба, «Қазақ тілі» қоғамы боламыз ба  деп отырмыз ғой. Менің ойымша, қайсысын құрсақ та , аудандық әкімшіліктің, мәслихаттың  бұйрығын, нұсқауын емес, ақыл, кеңесін ала отырып, қоғамның да, қозғалыстың да бағдарлама, жарғысына сәйкес, өз бетімен, өз инциативасымен белсенді жұмыс істейтін болуы керек.Сонда ғана  заман, уақыт талабына сай іс атқарады. Әйтпесе баяғы ескі сарынмен тоқырайды.

Екінші, екі тілді мектептен арылу жолында күресуіміз керек.

Үшінші, тамыр-таныстық, қызмет орнын пайдалану жолдарымен ап-арзан «жекешелендірілген» бала бақша, кітапхана, клуб үйлерін мемлекет иелігіне тез және өз құнында қайтарту жолында күресуіміз керек.

Төртінші, аудандық білім бөлімінде қазақ тілі мен әдебиетінің тәжірибелі, іскер маманын шешуші лауазымда отырғызу берік тәртіпке, үрдіске ену керек және  жаңа замандық құралдармен жабдықталған мемлекеттік тіл кабинеті болып, оны жаңа құрал-жабдықтарды жетік игерген білікті маман басқаруы керек.

НҮСІПБЕКОВ Естеу Сабырбекұлы,

Ардагер ұстаз,ақын,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті Азаматы.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

11 + восемнадцать =