Ұлағатты ұстаз шәкірттері арасында

Әр шәірттің әр қиялы — Жер Серік.
Кеңістікте кетпей қалғып теңселіп,
Хабар-ошар қабылдайды белсеніп,
Ми-ортаға жеткізеді еңсеріп.

Әр шәкірттің әр қиялы — бір атан.
Мен шәкірттің қиялшылын ұнатам.
Қиялға жүк іздесе егер жүз атан,
Катепті нар керуен тізіп ұзатам.

Әр шәкірттің әр қиялы — бір дөнен.
Дүбірлерге дүбір қосар дүрбелең.
Дөненде де дөнен бар ғой дүрлеген,
Көкпар бермей, бәйге бермей үдеген.

Әр шәкірттің әр қиялы — көк қырғи.
Торғай-ойды доптай кағар оқ қырғи.
Ілгеніне семіреді қырғилар,
Қырғи ісі — іліп түсу көкке ырғи.

Көк жүйрігі жер жүйрігі ызғыған,
Аялы жоқ, мезеті жоқ мызғыған.
Киял бәйге сөресінде мың қылаң,
Тобын бөлмей озып келер жүз құнан.

Әр шәкірттің әр қиялы — ертегі.
Таң-тамаша ғалайыптар шертеді.
Кей қиялдан қан тызылдап дертеді,
Кей қиялдан от ызылдап өртеді.

Әр .шәкірттің әр қиялы — кең ғарыш.
Күші — арыстан, жүректері — жолбарыс.
Кей қиялы адамдыққа қолғабыс,
Кей қиялы болмайтын да болған іс.

Бала қиял таңдандырса кейбірде,
Үлкен ойға оттық берер кейбірде.
Ішек-сіле катырса ол кейбірде,
Ірілікке шоқтық берер кейбірде.

Өзін-өзі кім оспақшы ұяңға?!
Менің де ойым қиял жетпес қиянда.
Шәкірт ойын ұшыратпай зиянға,
Жарар еді бөлей алсаң қиялға.

Ответить

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *