Райымбек батыр рухымен тілдесу

Райымбек батыр рухымен тілдесу

(300 жылдығында )

***

Қабанбай, қарт Бөгенбай, Хангелді әкең—
Қайтарған қалмақ десін – Көкең, Жәкең.
Кемел би: Төле, Әйтеке, Қазыбектер
Жасайтын, қан бұзбайтын шешім бекем.

Өр, қайсар жорықтасың көп болатын,
Жанары от жайнаған шоқ болатын.
Бел буса, өшіккен жау жекпе-жекке,
Бастары  иығынан жоқ болатын.

Іледен, Шу, Қордайдан,Сатай, Бөлек,
Аягөз, Алакөлден,Баян, Төлек,
Жоңғарды қуғанымда атажұрттан,
Атағың жерді жарды Алла жебеп.

Солардың арасынан дара шықтың,
Атыңды ұран етіп ала шықтың.
Соңынан саған сеніп, жасағыңа
Қосылды жау жарағы жарасып мың…

Жорығың сол заманнан тынған емес,
Ат басын еш әулет кер бұрған емес.
Мақсаты – жаттан тізгін тартып алу,
Кеудеде көрік үрлеп қозған егес.
Жатса да атып-шауып, байлап-матап,
Қонды атқа қару таңдап, атыңды атап.
Бәй тікті басын, жанын, азаттыққа,
Қорықпай мерт болудан, қумай атақ.

Үш жүз жыл айқас салды аянбаған,
Маусым кем дүрбелеңсіз аялдаған.
Кене хан, Сыздық төре –Қасымовтар
Оңайша беріспеуді баяндаған.

Жетісу жерінде де сен қорғаған,
Сұраншы, Сауырық жауға жем болмаған.
«Шал өлсін- бала өлгенше» деген дегдар,
Ұзақ пен Жәмеңке де оң жолды адам.

Қапыда ілінсе де қармағына,
Сыйынды ел Алласына, әруағыңа.
Шыдады қан қасапқа қайсарлықпен,
Көнбеді көнбетті аяр арбауына.

***

Жамылып жарылқау сөз Кызыл келді,
Аңқау көп көсемдерін құзыр көрді.
Бұйыртпай малын, барын аузына,
Шұбыртып аштан қырды Қызырлы елді.

Жаяуы жаны н сақтап қаңғып кетті,
Аттысы қара жолды шаң ғып кетті.
Бай мен би Итжеккенге айдалды да,
Сотқары сойқан салып, даң ғып кетті.

Шыдады қалың қауым төзімменен,
Көбейтті түнін таңын көз ілмеген.
Шыдады қайнаса да ішқұстасы,
Төзіммен тірлігінен безінбеген.

Ол аздай, зар қақтырған замана тұл,
Төндірді талай үйге заман ақыр.
Үрейлі «халық жауы» деген атпен
Жабылды және атылды  нақақ ақыл.

Шыдады қалың қауым мұнда да үнсіз,
Көбейді қарайтындар мұңға мұңсыз.
Бейкүнә жоғалтылды талай асыл
Сұраусыз, іздеуіңсіз, құдауыңсыз.

Шыдады шыдамы күш халқың сенің,
Кейде оқыс тани алмай жарқын шебін.
Алданды Еркін Одақ деген сөзге,
Емгенге –ақ өгей шеше жарты емшегін.

***

Саптасың, батыр баба, тірісің сен,
Тірілер арасында ірісің сен.
Кеп тұрсың үш-ақ аттап үш ғасырды,
Қызулы жауға шабар жүрісіңмен.

Ел бейбіт, той-думанды  туыс тату,
Еш ұлтқа тіл қатпайды ешкім қату.
Дүбірлі дүниені дуылдатып,
Базарлы дүрілдеп тұр сауда, сату…

…Аз-маздап сайлау бұзды шырқымызды,
Дау-дамай бүліндірді құлқымызды.
Мәнсапқор, атаққұмар қалталылар,
Саудаға салмақ болды ырқымызды.

Осының мәнін, баба, байқадың ба?
Жаратпай, әлде басың шайқадың ба?
Айтшы өзің аталы сөз төрелігін,
Біз тұрмыз тығырықтың қайқаңында.

Айтшы, ата, ақылыңды бетке басып:
Кімге де кетпе деші шектен асып.
Бұзба де тыныштықты, сыйластықты,
Болма де аран-аран, тек таласып.

***

Ақ, қараны айырасың, Әулием!
Әмірімен құдіретті Дәу Ием.
Сол Иемнің әмірінсіз ақыл-ой,
Аңыраған, қаңыраған тау иен.

Рухың сенің – ақ сенімді адамдық,
Ақ періште, ар жүректі адалдық.
Абдырамай, қалтырамай алдыңда,
Тұра алмаған қара ниет жамандық.
Шекесінен шертіп таңдап шөгелді,
Айналаңа топтай білдің көп ерді.
Жерді жаттан тазартпайша,бел шешпес,
Мақсаттарың, мұраттарың кемелді.

Сен аңсаған сол арманға біз жеттік,
Көрші елдермен көп шарттарды түзеттік.
Батыс, шығыс, оң менен сол  — төрт тұста,
Қырағы тұр өз әулетің күзет қып.

Бұл жөнінде ұрпағыңа бата бер,

Бір жасасын көңілі тасып баталы Ер.

Өркені өссін әруаққа адал ұрпақтың,

Кең жаһанда кемелденсін аталы Ел.

***

Уа, баба, Құдай сүйген, киелісің,
Халқыңа ұран болған—иелісің.
Артынған Ақ түйесін  Мұхамедтің,
Әспетті, алаштағы жиенісің.

Қиялын баурай білдің, нанымын да,
Құрметін, әдебін де, танымын да.
Үмітін жалғап алғы арманына,
Дестентіп, дем бергенсің анығында.

Алғырсың, асық ақыл, парасатың,
Артықша алапат күш аласатың.
Аңызшыл ел-жұртыңа аңыздатып,
Дәрпіңді дақпырттауға да жарасатын.

Борышкер қай-қашанда дыңдай ұрпақ,
Жасауға зор қызмет қылмай бұлтақ.
Десе де іш жиғызар сөзі сұйық,
Тұрмайтын айтқаныңда ісі сырғақ.

Көрмеген ат байлатып белдеуінде,
«Мырзаны» ұқсатамыз әлде кімге?!
Шіреніп, шертигенмен шылп етпестің,
Қақысы барма бізге бәлденуге?!

Сұмдық сол: тым көбейді тегін білмес,
Әдептің , жосықтың да жөнін білмес.
Азайды шын дарынды таланттыға,
Дем беріп, көшін кері шегіндірмес.

***

Беу, баба, Райымбек!Райымбек!
Кернеген кеудесін кең тұлайым кек.
Ақтауға үмітіңді ант етемін,
Уайыммен бұзылмасын шырайым бек.

Рухың – бүкіл қазақ, байтақ әлем,
Атыңды мың қайталап айта берем.
Сен мінген Көкойнақтай, Күреңіңдей,
Дайынмын мінгізуге жайтаң өлең.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

пятнадцать + семнадцать =