СӨЗ СИҚЫРЫ

Сөз сиқыры — асау саяқ.
Шыға қашып үйірден,
Жуытпайды теңжіп бойы,
Шалма салар маңына.
Жабы өкпесін күйдірген,
Барлықтырып болдыртып,
Көміп кетер шаңына.

Қуғыншысы пері болса:
Құтылмайды сытылып,
Ту сыртынан жендеттей,
Жетіп келген жүйріктен.
Қылқынады жұлқынып,
Қыл арқанды шалма ұрған
Қайың құрық сүйріктен.

Сөз сиқыры — асау бесті.
Қаймығады, қорқады
Жолбарыстың қолқасына
Қол салғызған жүректен.
Мойын қиып арқаны,
Жуасытып, бой сұнтқан
Тегеурінді білекпен.

Сөз сиқыры — асау бесті.
Салдырады жүгенді
Албастысын жылқы жын
Алас етер Қамбарға.
Қос үзеңгі, тебінгі
Тептіреді қолтықтан
Тайлақтай ұл заңғарға.

Сөз сиқырын ұстай қалсаң:
Тіктеп қара көзіне.
Қаймықтырсаң жанарын, —
Жанын жеңіп алғаның.
Асау сенің өзіңе
Шоқтығын да сауырын…
Ұсынады қалғанын.

Асау сөзді зорықтырма:
Қатыр бойға ет, терін.
Қабағын бақ, сақ күзет,
Сұқ көз, сұқ сөз өтерден.
Қара арбаға жекпегін.
Бабын сақта, салтаң мін,
Кем көрмегін сетерден.
© Естеу Нүсіпбеков.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

13 + одиннадцать =