Жанымда қалтарыс жоқ айла бүккен

Жанымда қалтарыс жоқ айла бүккен,
Жадағай тозып келем жай қалыппен.
Жүзбе-жүз айтылыпты сөзім түгел,
Бүркелмей жамау-жасқау жайма әдіппен.

Пердесін жалғандықтың жұлып аппын,
Көлгірсіп көз алдамай найқалып өң.
Жылпосты жемқор аттай жер тарпытып,
Жүрмеппін бөктергіме байланып жем.

Жалғанға келісе сап ар алдантып,
Жатпаппын бықсып, мүңсіп айланып дөң.
Халқыма зиян жетпес жерде ғана,
Сөз берсем, — беріппін-ақ толғанып кең.

Қойным тас жасырмапты, қоныш пышақ,
Жұдырық сыбанбаппын қайырып жең.
Бұл ғұмыр — асық ойыны десек бір сәт,
Танбаппын алшылықтан, тәйкеліктен.

Нар сабыр жетегімде шаңырақ артқан.
Көш сәнін түзетіпті тайланып тең.
Екі сөз ала алмапты ешкім зорлап,
Жол торып, байқаса да сайлауытпен.

Тапшылық қыспағына тығырықтап,
Соғарын біліппін бе айланып сең.
Пұлдауға, құндауға да қам жасамай,
Жадағай қалыппын-ақ жай нарықпен.
© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

4 × пять =