ТАС ТӘЛІМІ
Ой қусам ояу ақыл, зерек баспен,
Кейде оқыс кездесемін серек таспен.
Тас дейді:
— Болса сендей аяқ-қолым, —
Адамнан аямас ем көмекті әсте.
— Ойсызға ең зор міндей тілсіздігім,
Сақтаған сырды ішке үнсіздігім.
Күйреудің, қираудың да қабақ шытпай
Ондайлар сезсін қайдан мінсіздігін!
Ұғады сырымды кім ұсқынымнан,
Бұж-бұж без күн қуырған тыстығымнан!
Жияды бойына кім шыдам, қуат,
Мызғымас мықтылығым сұстығымнан!!
Тапсаң да тастай қатқан тас жүректі,
Тапжылмас таба алмайсың тас білекті.
Кімде бар — құласа да, — тастай шыдау!!
Тас сенім табыла ма тас тілекті!!
Сан мың жыл білген бабаң ойып көрген,
Мәңгілік ескерткішке қойып көрген.
Білсең де енді білдің құдіретті
Тәлімін тасқа басып өріп берген.
© Естеу Нүсіпбеков