Жігіттер, пайда — бедел қасықтаған
Жігіттер, пайда — бедел қасықтаған,
Арлылық, адалдықтан қашықтаған,
Сендерден әділетсіздік көрген күні
Ас батпай, ұйқы көрмей қажып қалам.
Жиренем көлеңкеңнен безіп кетем,
Кей-кейде сақ жаныңды сезікті етем.
Білместен қулық ойлай, айла жалдай,
Төбеңнен жайдай түсіп езіп кетем.
Көл-көсір пайда өнеді сендер үшін,
Мені бір жер соқтырып жеңгені үшін.
Сендер мәз аспа-төкпе дастарқан мен
Жүгірген жең ұшынан теңгең үшін.
Ақыл-ой ауруы ғой бұл-дағы бір,
Сап жүрген қала, дала, қырға дігір.
Онымен уланғандар масығып ап,
Маңдайдан Адалдықты ұрғалы жүр.
Күнім көп менің-дағы азаптанған,
Азаптан өлең жазып азаттанған.
Керек-ақ өлең үшін арды сақтап,
Індетке бой алдырмай таза аттанған.
© Естеу Нүсіпбеков