Таңғы дала

Күн кірпігі қадау-қадау найзадай
Бұлт-кілемді шұрық тесік түйреді.
Шұғыла-жігіт жарқыл қағып сай құлдай,
Көлбеңдетіп көлеңкені сүйреді.

Көгілдірін ерткен үйрек көл тіліп,
Бұқты барып жасыл құрақ қамысқа.
Қопа жақта аншы мосқал өкініп,
Көз салады көлегейлей алысқа.

Шуда сақал шайқақтатып ақ серке,
Иіскейді самал ескен жон жақты.
Сілкінісіп, ытқитындай тап берсе,
Тұрды шетте қотаннан қой он шақты.

Аш кезеңнен асқан сәуле лентадай,
Тұпа-тура шаңыраққа жалғасты.
Киіз үйдің еңісі сай — ен тоғай,
Бозғылт мұнар тоғай үстін дөп басты.

Бара жатыр Әбдікерім қара мұрт,
Суылдырық шылдырлатып атына.
Сиыр сауып, самауырын қайнатып,
Жаңа ауысты Рәпіш шай-затына.

«Жигулимен» қасқа жолды шаңдатып,
Ферма бастық үйге жете тоқтады.
Өрер мезгіл таянғанын аңдатып,
Ақ қой алды қырға қарай қаптады.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

3 × 5 =