Есігім

Ерке өзенім, Есігім, екпіндеген,
Ел қадірлер шағың бұл жеттім деген.
Жуасыды шу асау ағындарың,
Арбасына өмірдің жектім де мен.

Жағаң жасыл бау, бақша миуа тұнған,
Арасында сәуле-бұрым ширатылған.
Сұлулықтан, кілең жас тәттіліктен
Жићазды үйсің әдейі жинатылған.

Сымбаттысың, көз тартар батырдайсың,
Жібек кілем жабылған шатырдайсың.
Мәуең тұнып тал түсте маужырасаң,
Кеш найзағай үйіріп шатырлайсың.

Сен өткен жол есімде, жасыл қала,
Бой бермедің тасқынға, жасынға да.
Қасиет мол, қайрат зор ағыныңда,
Таудан келген тарпаң боз тасыңда да.

Күннің нұрын, жер нәрін тең бөлесің,
Жүзіміңе мөп-мөлдір өң бересің.
Аударасың аңсарын көрген жанның,
Деп тұрасың ешқашан шөлдемесін.

Шарлап кеткен шарабың, шампандарың,
Алуан түрін танытты ен таңбаның.
Байтақ елден, әлемнен өріс тауып,
Татқан жанның аңыртты аң-таң бәрін.

Тау сағасы саумал жел тынысың кең,
Сүйсінтесің сылдыр су жүрісіңмен.
Курорт іздеп не қылам сенде тұрып,
Салқын сая жайлаудың бірісің сен.

Құшағыңда қуаныш, қимасым көп,
Серуен асыр саламын қимасым кеп.
Құла таңда қойныңа күмп беремін,
Бұлшық етім, буыным ширасын деп.

© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

17 − шестнадцать =