Тұманбай ашқан бір жаңалық жайында

Тұманбай ашқан бір жаңалық жайында

Құрметті меймандар, ұстаз әріптестер және әдебиет әуесқойлары мен жас тыңдармандар! Бәрлеріңізді үлкен үрдісті әдеби кештеріңізді қаламгерлік ілтипатпен құттықтаймын.

Қазіргі қазақ лирикасы көш басшысының ірі өкілі, еларалық және өз еліміздегі  әлденеше аса беделді сыйлықтардың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев сынды ірі талант туралы сөз сөйлеу жауапкершілігі өте ауыр іс. Біріншіден, Тұмашты сүйіп, іздеп оқитын оқырманы көп, олардың бәрі де сауатты және поэзияны, лириканы ілік-жілігіне дейін шағып оқып жүрген адамдар. Солардың талап-талғамынан шығуды ойлайсың. Екіншіден, Тұмашымыздың өзі де — өзі жайлы дуалы ауыз білермендердің, арнаулы зерттеуші ғұлама ғалымдардың зерделі ой-түйіндерін, екі ғасыр тоғысындағы әдебиет тану ғылымымыздың сан-салалы саралауларын оқып та, тыңдап та келе жатқан қазыналы кеуде. Лириканың ыстық-суығына жарты ғасырдан артық уақыт бойын үйреткен ай маңдай ақын…

“Қиналған Жамбыл жері осы”,- дегендей күйге түстім. Тоққожа бауырымның “кездесуде сіз сөйлеңіз” деген ұсынысына бастабында келіссем де, шынтуайтында қатты қиналдым. Не айтамын? Ғалымдардың жазғандарынан жинастырып, тақтақ жолмен жүйткіп шығуым керек пе? Әлде, жеңіл естелік айтумен желіп жортамын ба? Мұның екуі де — жан ауыртпағандық болар деймін… Осылайша ойлана келе арбаны да, атты да аман сақтаудың бір амалын лайықтадым. Теңіздің, дарияның дәмін тамшысын татып та білуге болатынындай, атақты ақынымыздың лириктік талантын танытуға 1966 жылы жарық көрген “Жүрегім менің сапарда” жинағын өзімше жіліктесем  екен деген шешімге бекіндім.

“Жүрегім менің сапарда” Тұманбайдың орда бұзар отызында жарық көрген. Аталған жинақтағы “Мен отыз жастамын “ деген өлеңінде ақын:

Адам жасы күн мен айға шектелмей,
Мен туғалы отыз ғасыр өткендей.
Дүниеге келмегендер ”тоқта”  деп,
Ал келгендер: ”келерсің”,-деп кеткендей…

…Мен туғалы отыз-ақ жыл дұрысы,
Мені аттады Отанымның ұлы ісі.
Отызыншы жылда жатыр байлаулы,
Менің титтей өмірімнің бір ұшы…

… Отыздамын, мына дүние жас менен
Жете алмайтын бақытыма қаш дер ем.
Өмірімнің орта жолы осы ма,
Қамшыңды атқа енді аямай бас дер ем.

Тер моншақтап жаба берсін ат жонын,
Тек ұсынсын достар маған ақ қолын.
Мен еңіске жүру үшін туғам жоқ,
Өрге қарай , елге қарай тарт , жолым!-
деп толғанатын шағы еді, сайгүлік шабытының әбден жарап, ауыздығымен алыса бастаған арынды шағы еді. Бұл және тәрбиенің қай-қайсысын да кеңестік жүйеде алған, күш-жігерлі жас ақынның шет мемлекетке тұңғыш рет жасаған сапары болатын.        Оның топтамасы:

Шекара, тәртіпті бағаналар,
Соңымда барады қалып-ақ.
Вагонда бейтаныс адамдар
Паспортты тексерді тағы да ап…
…Тал түсте бір түннің қойнына
Кіріп-ақ кеткендей боламын…-
деп басталады. Көңілі алаң. Қызықты, думанды тойдан шыққандай жолаушыны алдынан бейтаныс өмір, шет ел тұрмысы, жат дүние, жат тағдырлар күтуде. Десе де,  жас саяхатшы салтанатты сарайларға, көк тіреген биік көк күмбездерге көркем суреткерлікпен көз тойдырады.  Кемеден де, жағадан да теңіздің тау толқындарын суреткер көзімен аңдап, сұрапыл шуын күйшіл, сарыншыл құлақпен  қабылдайды. Римді шарлағанда тас ескерткіштерге түгелдей жан бітіп, патша Гарибалди да қара арғымағымен тау мен тасты жаңғыртып шауып бара жатқандай елестейді. Бірде атыс-шабыстан, сырнайлы дабылдардан  құлағы тұнғандай болса, бірде маужырап ұйқыдан оянғандай күйдегі мадонналардың тәңірлерінен кешірім тілегеп жалбарған зарлары мен мұңдарын естіп елжірейді… Осылайша Римдегі сәулет, сурет, мүсін өнері жасаған ғажайып қазыналарды, жетістіктерді тамаша суреттеген әсерлі сұлу өлеңдер мүсіндейді. Мейрамханадағы әнші, арбадағы арғымақ, қайыршы кемпір, монақ келіншек т.б.ды  суреттейді.

Көркем суретті бұл өлеңдерін қазақ ақыны :

Мұндағының бәрі құмар алуға,
Сіңіп бара жатып көкшіл сағымға.
Бүкіл шамдар өшейін деп тұрғандай,
Қалтырайды түннің ауған шағында.-
деп түйіндейді.

Біздің Тұманбай мұнан кеін итальяндардың ішкі жан дүниесін, адамдық қасиеттерін жырлауға ауысады. Әуелі “Римдік Антонидің он жыры” деген топтама жазады. Қазақ Тұманбай римдік Антони болып жырлайды. “Бірінші жырда” Антонидің кім, қандай римдік екені танылады.Тыңдайық:

Қай көшемен жүрсең-дағы күніге,
Жалтылдаған, көзді тартқан дүние.
Өзім аштан өлем-ау деп қорқамын,
Костюм сатып алар едім ініме.

Сол дүкендер шықты алдымнан тағы да,
Арзан зат жоқ мына менің бағыма.
Өзім аштан өлем-ау деп қорқамын,
Жүзік сатып әперер ем жарыма.

Бар сыбағам басқа қолда кете ме?
Өз аузыма қолым еркін жете ме?
Қарны ашып қала ма деп қорқамын,
Бір ойыншық алар едім бөпеме…

Байқаған шығарсыз: Римдік Антонидің тапқаны не костюмге, не жүзікке жетпейді. Бөбегіне ойыншық сатып та әпере алмайды.

“Үшінші жырдағы”:

Бақыт іздеп Ромаға тарттым мен,
Баласы едім мен даланың, ат мінген.
Балалықтан айырды ғой бұл қала,
Айырды ғой қызығы көп шат күннен,
-деген шумақ тіпті айқын.

Екі қолға бір күрек еңбек іздеп қалаға келіп, атқа мініп қырда шапқан, ойсыз жортқан балалығынан, қызықты шат күнінен айырылған ғой есілің.

“Алтыншы жырдан”:

Менен ақыл сұрама, туа салып жындымын,
Көкірегіме жинадым, адамдардың кіл мұңын.
Жақсылықты аз көрдім, жамандыққа куәмін,
Таусылған соң жамандық, қайта өмірге туамын
,- деген мінезге тамсансақ,

“Оныншы жырдан”:

Шараптан да шаршадым мен,
Шалқысам деп ішіп ем.
Көңілімнің аңсауымен
Өткенді еске түсірем.
Көзіме кеп жас тұнады,
Өкініштің жасы – бұл.
Өз-өзінен ашынады,
Дүниеге ғашық ұл…
…Көңілімнің мауқын басып,
Шырқап айта берер ем.
Сол даусымнан өзім шошып,
Өзім қашып жөнелем,-
деген шумақтарды оқып мұңаямыз.

Оқылған шумақтардағы Антонидің күңіреністеріне де, тебіреністеріне де ешкім күдік, күмән келтірмес деймін. Меніңше, бәрі сенімді, нанымды. “Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз” деп Абай айтқандай, Антонидің зар, шері ақылға қонымды. Табиғи сол сенім, нанымдар арқылы шет елдік Антони құрбысының адамдық түйсік, аңсарлы сезімдерін тап басып, тауып айтып, мұндағы қандас оқырманын қалтқысыз нандырғаны Тұманбай ақынымыздың алғыр да шалымды, ұшқыр талантын танытады. Таза  талантқа адам атаулының бөтендігі жоқ. Жүрекке жүгіну үрдісі шекараға, ұлтқа, дінге бөлінбейді, бүкіл адамзатқа ортақ. Біздің Тұманбайымыз римдік құрбысы Антонидің он өлеңін  ағыл да төгіл  жырлап, шын қалыбында айнытпай танытады. Қара бояу жақпайды. Антонидің алдамшы, опасыз жарға, тапшы тұрмысқа деген реніші, өкпе-назы, ашу-ызасы – бәрі біздегідей.  Қазақша өкпелеп, қазақша ашуланып, қазақша ызаланып отырған тәрізді. Антонидің нені ұнатып, нені жек көретіні әлгінде айтылған барлық адамзатқа ортақ  жүрек әміріне бағыну  үрдісіні лайық реалистікпен күйленеді…

Екінші топтама “Неаполь халқының әуендері” деп аталады. Құрылысы мен формасы танысқан топтамаға ұқсайды. Бірақ қамтыған мазмұны мен ой-түйіндері жөнінен одан күрделі. Алғашқы топтама дара Антонидің ғана толғаныстарын өзек етсе, соңғы топтаманың лирикалық кейіпкері бірде жігіт, бірде жер, бірде терек, бірде сағындрып адасқан жар, тіпті ана немесе әке болып та кейіптеледі. Өлең шумақтарына жүгінейік. ”Бірінші әуендегі” лирикалық кейіпкер былай тебіренеді:

Бәрі бекер, тәтті сөзге
Уланыппын бекер мен.
Қара жермін, қасіретті
Қос иіндеп көтерген.
Бәрі бекер, бақыт бар деп
Шаттанғаным бекер-ақ.
Соққан желдер, өткен күндер,
Сол шаттықты кетеді ап.
Мен терекпін, жапырағын
Күзгі желге тонатқан.
Опасызбын шетте тұрып,
Өз досына оқ атқан.

Сондай-ақ  “Екінші әуенде”:

Сен жоқсың бүгін бұл қалада,
Сен жоқсың, менің аяулым,
Жатқандай жалғыз айдалада,
Ұйқымнан түнде ояндым.
Қақпадың келіп есікті сен,
Қаға ма деп көп күттім.
Келмедің , жаным, кешіктің сен,
Сенсіз жылжып өтті түн,-
деп жар жоқтау зарын шертеді.

Ал “Бесінші әуенде” белгісіз себептерден алыстап адасқан сүйіктісіне деген ашты сағыныш пен ызалы назды өкпе зілді жырланады. Тағы да мәтінге жүгінейік:

Сен мені күтесің бе келеді деп,
Әдемі жырлар жазып береді деп.
Біреуге айырбастай саласың ба,
Жүрегі жоқ болса да, беделі көп.
Адаммын мүмкін ашық, мүмкін жұмбақ,
Кетермін бұл өмірден бір күн жырлап.

Мен сенің көлеңкеңді қызғанамын ,
Сыңғырлап төгілетін күлкің тұрмақ.
Мен саған өзімнен де көп сенемін,
Сен едің талай жылғы көксегенім.
Өмірден кетерімде саған ғана
Хош дермін , егер оған жетсе демім.
Құдайдан бақыт пенен күш тілемен,
Сен барда бақыт бастан ұшты демен.
Өмірден кетерімде сені ғана
Қимаспын мына жердің үстіне мен.

Байқадыңыздар ғой, италяндар да сүйгеніне қазақша өкпелеп, қазақша қызғанып, қазақша ызаланады екен. Менніңше, адамзатқа тән мінез-құлықтың шекарасыздығын ашу деп түсінемін.  Мұндай шекарасыздықты ашып отырған да өзіміздің Тұманбайымыз. Шын сүю мен шын жек көруде де, жақсылық пен жамандықта да, адалдық пен сатқындықта, опадарлық пен опасыздықта да ұлтқа, шекараға бөлу болмайтындығын дәлелдеді біздің Тұманбайымыз отызында-ақ.

Топтаманың “Алтыншы әуенінде“ ой арқауы – зарығу мен сағынудың обьектісі басқаға ауысады. Тағы мәтінге жүгінейік:

Аспаным түгел ашық емес менің,
Бұлт көшіп, естимін мен жел ескенін
Альпінің құздарында қозы баққан,
Баяғы жетім күнім елестедің…
…Мен оған жәутеңдеген әлі бөбек,
Жалғызым жетімсіреп қалды ма деп.
Мұңға бір оңашада батқан кезде
Сорлы ана, сен тұрасың  алдыма кеп.

Ал “Жетінші әуенде” сезім сыры былай ақтарылады:

Жатады ғой көп арман ішімде өліп,
Қол бермейді аяулы кісім келіп.
Өз әкемнен өзім мен шошынамын.
Қара қошқыл қатыгез түсін көріп.
Досым кейде жанымды жаралайды,
Жүрегіме жамайды қара қайғы.
Сенім, күдік аралас бұл тіршілік
Түнде менің қанымды аралайды.

Іздеу, жоқтау, сағынудың обьектісі  бұл екі әуеннің алдыңғысында ана болса, соңғысында әке.

Сөйтіп, “Жүрегім менің сапарда” деп аталатын Европаға саяхатынан жазып қайтқан өлеңдер топтамасында қазақ ақыны Тұманбай Молдағалиев суреттеулерінде де, лирикалық поэмаға ұқсайтын екі топ лирикасында да шымқай қара бояудан аман. Шет ел өмірін жоғары мәдениеттілікпен сыйымды, нанымды жырлап береді. Жазғаны сол елдің тіліне аударыла қалғанда да бетке шіркеу түспесін ойлап пішіп, қазақы мейірім, шапағаттылықпен орынды астастырып, бүкіл әлемдік этика, эстетика қарымында жырлаған. Бұл – Тұманбайдың отызында жеткен бір биігі болатын.

Онан бері де сол біктен жоғары өрлегеніне 40 жылдың жазы мен қысы ауысты. Соның бәрінде де Тұманбай:

…Әркімнің бір мақсаты бар көздеген,
Өзіңе ыстық өз жүрегің, өз денең.
Басқаларды жұбата алмас ешқашан
Өз бақытын, өз қайғысын сезбеген…
…Күн шуақты, күн бұлыңғыр, күн тұман,
Жаңылмайды табиғат та ғұрпынан.
Өз биігім тым аласа көрініп,
Басқалардың биігіне ұмтылам
,- деген кредоны серт тұтқан ақын. Ол өзін ылғи жарыста, ылғи бәсеке-бәйгеде , тынымсыз ізденісте ұстап келеді. Табысы да, жетістігі де ұшан-теңіз, жөбі-шөнкі  құшақ түгіл алап көліктерге сыймайды. Оның бәрін талдау түгілі санап берудің қиындығынан тайқып, мен кішкентай топтапмасына тоқтағаным да содан.

Тұмашымыздың қазынасы, байлығы замандастарына  зор мақтаныш. Оны зерттеп ғылымға ендіру жоғарға оқу орындарында жүйелі жүргізіліп келеді. Әлі де кейінгі толқын жастар жалғастыра беретініне мен сенімдімін. Атақты ақынымыз әлі де ұзақ жасап, маржан жырларымен халқымызды мәз-мәйрәм сусындата беруін Бір Алладан тілеймін! Тыңдағандарңызға рахмет!

Естеу Нүсіпбеков,

ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

2 ответа к «Тұманбай ашқан бір жаңалық жайында»

  1. Тұмашаға мен сізді жақсы танимын .

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

15 − 5 =