Қанатты ат — көкте самғар…

Шақта да қиын қыстау тергелетін,
Ақ сөзден айнымаған сұрақтасым.
Кейі оның – жыр жазарда пікір қосқан,
Бөліскен ой – сезімін сұрақтасым.

Кейі оның – тайды қатар үйретіскен,
Қонысы, өрісі бір тұрақтасым.
Кейі оның – орақ шалғы тең ұстасқан,
Көлі ортақ, бастауы ортақ құрақтасым.

Кейі оның – парталасым, мектептесім,
Тәлімі, білігі бір бұлақтасым.
Аз емес шалғайдан да табысқаным,
Өткізбес шұрқыраспай бір аптасын.

Аз емес басқа ұлттан да жан ұштасып,
Сырласпай тұра алмайтын қуаттасым.
Азайды, амалым не, қайран теңтұс,
Бақ, тірлік кімге ғана тұрақтасын!?

Баршылық тірісі де қалтақтаған,
Бірге іздер күн жылуын шуақтасым.
Кейі оның – телефонда хал сұрасар,
Дәмдесім, қымыздасым, шұбаттасым.

Кездессем оларменен бір жасаймын,
Қанатты ат — көкте самғар пырақтасым.
Соңғы арман: тірлік борыш өтелгенше,
Құдайым қолдан қалам құлатпасын!

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

семнадцать + 16 =