Мәуліт- мейрам Мұхаммет үмбетіне.

Елшісіне Алланың ақ ниетін ұсынған,
Мәуліт өтеп жатыр көп мешіт толы мұсылман.
Жүреледі сап түзеп, тына қалды қалың жұрт,
Құдай үйі тыншыды абыр-сабыр тысырдан.

Ратбектей ғұлама елеңдетті құлақты,
Баурап алып бұхарлық мақамымен сызылған.
Махаббатпен жырлады  Мұхамметтің өмірін,
Пәниліктің күйбеңін таназардан ысырған.

Арабшада  сарындап елжіретті жүректі,
Асқақтатып тұрғандай таңғажайып құшырлы ән.
Жеті пейіш миуасын үлестіріп молынан,
Қандырғандай аңқатты тіл тамсантып тұшынған.

Бойы, кимі  мұнтаздай, қимылдары ибалы,
Есіп жұпар аңқиды қатарыңнан, тұсыңнан.
Мүміндікпен кішіріп кеуде кермей, бас иіп,
Байқалмайды әбестік ел зәресін ұшырған.

Әр кәсіптің, әр ұлттың өкілдері осында,
Қазақ, ұйғұр, түрік, күрт – бауыр бәрі мұсылман.
Сәлем айқын, сөз түзу, қабақтарда кірбің жоқ,
Байқалмайды бөтенсу бір-бірінен қысылған.
Байқалмайды ершендік оғаштыққа ұшынған.

Жүректерін жуынған шаһадатпен жол бойы,
Сыртқы тәнін жуынған су құйынған ғұсылдан.
Оразасын, намазын ада етіп түгендеп,
Бай, мырзасы құтылған зекетінен, ұшырдан.

Қызықпаған нәпсіге, кісі ақысын жемеген,
Аузын жабық ұстайды ғайбат сөзді пышырдан.
Жасамысы – тақуа, жасы – тәліп шәкірттер,
Әкімі де ғалымы – сенімі нық мұсылман.

Келима айтып бәрі де мерекелеп келіп тұр,
Қиянатты қиқаңы, қипыңы жоқ іш жиған.
Арасында аз емес ат арылтқан алыстан,
Құдай азық қармасын көмбесінде пысырған.

Елге оралған кім білсін тұрған шығар келіп те,
Сириядан Фараби, Бейбарыстар  Мысырдан…
…Барлығында бір тілеу: Мұхамметті ұлықтау,
Бір Алланы ұлықтау —  Ислам дінін тұнықтау.
© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

10 + шесть =