Батыр мектебі

(1996-1997 оқу жылын қорытындылауға бағыштаған «Талантты шәкірт  –  ел мақтанышы» атты кеште оқылған өлең)

Кемелді, есті-ақылды тың бес жылым,
Қажымас еңбекпенен үндес жылым,
Сенде өтті залдарыңды дүбірлетіп,
Шәкіртті топтап жиып әр кешқұрым.

Сыйлады бүкіл ұжым ағалады,
Ағаның жай емесін шамалады.
Жастарға өнер іздеп, білім қуған,
Шалқар көл бола білдім шағалалы.

Бал татып, баурап алды өнер кепті,
«Қыз сыны», «Өлең кеші» елеңдетті.
Беретін орта білім деңгейінен,
Кейде ағаң асып түсіп терең кетті.

Шығардым термешіні дестендіріп,
Шығардым айтыскерді естендіріп.
Шығардым артисті де айғұлақты,
Тар пиғыл тарпаңдарды сескендіріп.

Шығардым жақсы шәкірт не бір саңлақ,
Кете алған бет түзетіп оқу таңдап.
Кейіңе есік ашты аспиранттық,
Бұл күнде ғылымда жүр биік самғап.

Досымды қол соқтырып сүйіндірдім,
Қасымды сан соқтырып күйіндірдім.
Жылпосты жырғаттым да ылдым-жылдым,
Қолына оңай олжа құйылдырдым.

Мен біреу ұжымдағы көптің бірі,
Әріптес аз болмады білім дүрі.
Не пысық қыз-келіншек өкше басар,
Істерді жөнге салды нелер ірі.

Тым-ақ тез мектеп ісі алға басты,
Кешікпей көш түзетіп, аудан асты.
Шетелдік, астаналық талай жайсаң
Ат байлап белдеуіне, есік ашты.

Жайылды облысқа жақсы атағы,
Арызбен, дау-дамаймен жоқ шатағы.
Ел сүйген, жұрт қалаған ұя болды,
Атып келе жатқан-ақ ақша таңы.

Зейнетке шықтым сондай жақсы шақта,
Десе де қоңқылдадым бірнеше апта.
Дем берді тізгін ұстап талапты іні,
Талапты қарындастар болған сапта.

Жас қайрат жақсы қадам байқатқандай,
Тың ісі ел-жұртына ой қатқандай.
Бәріңіз куәсіздер бүгін оған,
Боп тұрған жоқ па топты тойлатқандай.

Өз басым ризамын мектебіме,
Өкінбен ортаңды ойып кеткеніме.
Сенемін озарыңа қатарыңнан,
Сенемін табысқа зор жетпегіңе.

Жастардың қуанамын қадамына,
Жақсы іс нұсқап тұрар адамына.
Көбейсін игі ісің бауырларым,
Қол соқтыр аға ұрпақты мадағыңа.
© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

девять + два =