Тіршіліктегі береке

Тіршіліктегі береке-бірлігіміздің, сыйластығымыздың мықты тірегі, ақыреттегі Алла алдындағы ақ жүзділігіміздің, имандылығымыздың негізі болған дініміз жайлы ауданымызда өтіп отырған аса игі жиынымызға Құдайым береке берсін деп тілеймін.

Дінімізді күшейту барлық мұсылманның береке-бірлігіне, имандылығына, күрескерлігіне, ең әуелі,  имамдарымыздың біліктілігіне, ақыл-парасатына, іскерлігіне  , еңбегіне байланысты. Көз көріп, куәсі болған істерден мысал келтірейін:

2004 жылдың басында аудан орталығы Есіктегі орталық мешітке бас имам болып әйгілі ғұлама , хазірет Ратбек Нысанбайұлы, найып имамдары болып Әбдіғани Әбдікәрімұлы мен Мұсахан Төреханұлы келді. Ісіне жетік үш имамға бүкіл намазхан, жергілікті барлық ұлттың мұсылман қауымы қуанышпен қарады. Аудан, қала әкімдері мен олардың ұжымдары да ықылас, ілтипат көрсете бастады. Кәсіпкерлер де көмек қолдарын ұсынды. Соның нәтижесінде, есебі тұттай бос, тозыңқы мешіт 275 мың теңге мөлшеріндегі құнмен күрделі жөндеуден өткізілді.Іші-сырты көрікті безеліп, көз тартарлық болды. Оның сыртында дауыс ұлғайтқыш және телефон қондырғысы орнатылды. Сапалы, жаңа замандық табыт жасатылды, жылу жүйесі жаңартылды. Ең бастысы : азан уақтында шақырылып, бес намаз мезгілінде өтілетін болды. Әсіресе хазірет Ратбектің жұма сайынғы аса тартымды айтылатын құтпа-уағызының әсер-ықпалы күшті болды. Мешітке келушілер күрт көбейді. Тіпті ұжымы көп оқу орындары, мектептер, оқу, мәдениет, тәртіп мәселелерін ой өзегі еткен келелі кеңес-мәслихаттар хазыретті арнайы шақырып, шариғат, уағыздар тыңдауды дағдыға айналдырды. Мәуліт мерекесі бай мазмұндылығымен есте қалды. Онда ауданда тұңғыш рет Құран сүрелері мен аяттарын жатқа оқудан шәкірттер байқауы өткізілді. Мерекеге ауыл-ауылдан, тіпті көрші аудандардан, Алматыдан арнайы келген қонақтар, қызықтаушылар да көп болды.Найып имамдар: Әбдіғани мен Мұсахан мешітте оқытып жүрген  шәкірттерден 60-тан астамы жазғы каникульға шыға қалған тұста арнаулы автобустармен  Оңтүстік астанаға, ондағы орталық мешітке, демалыс паркіне, Райымбек батыр кесенесіне, Медеу мұз айдынына саяхатқа апарылды.

Тақуалығы тасып-төгіліп арнасынан аспаса да, тақуалықтан қара жаяу емес мен сияқты бір топ қария құтпа-уағыз тыңдап та , онан сырт оқып, зерттеп те, имамдарымызды, әсіресе хазірет Ратбекті  жақыннан танып жүрміз. Сөзі мен ісін салыстырып та саралаймыз.  Хазіреттің төл тумалары “Намазға асығыңдар”, “Намаз – ғибадаттың ұлығы”, “Исламдық рәсіммен жерлеу”, қазақша және орысша  шыққан “ Ислам – Алланың хақ діні” дегін кітаптарын да оқыдық. О кісі туралы жазылған басқалардың еңбектерімен де таныстық. Ана тіліміздегі жергілікті, республикалық та мерзімді басылымдар Ратбек хазіреттің мақалалары мен сөздерін жиі жариялап жүр, арнайы сұхпаттар да берді. Осының  бәрі – бүкіл қазақстандық бас мешіттердің біреуіне лайық ірі тұлға дәуірі бұйырған қызмет аясын назырқанбай, қанағат тұтып-ақ, , аудан көлемінде көсіле түсіп, ойға алған хазіреттік, имамдық, азаматтық, адамдық борыштарын абыройлы атқаруының сипаты болатын.

Осы арада халқымыздың тарихында алтын әріптермен жазылатын Р. Нысанбайұлының мынадай қасиетерін айтпауға болмайды : Ол — ең әуелі ата-бабаларынан әлде неше ұрпақ бойы таза дін жолын берік ұстанған әулеттен.Онан кейін ол — дін атаулының, әсіресе ислам дінінің, тамырына балта шабуды мақсат еткен кәрлі, қаһарлы Кеңес өкіметі тұсында бетін біржолата дінге бұрған, әлде неше ғасыр бойы Орта Азия мұсылмандарының қасиетті ислам орталығы болып келген Бұқара мен Самарқан медіреселерін оқып бірінші бітірген қайсар қазақ талібі. Тағыда сол Кеңес өкіметі тұсында шетелге шығып,  бүкіл әлемдегі ең әйгілі Сирия Ислам Университетінің  шариғат және заң факультетіне түсып, Египеттің атақты Аль-Ахса университетінің ең даңты , дуалы ауыз профессорларынан лекциялар тыңдап, солар жетекшілік еткен диплом жұмысы ғылым кандидаттығына парапар бағаланып оқуды озат бітірген дарынды қазақ діншілі. Елге келгеннен кейін тағыда сол Кеңес өкіметі тұсында  Ташкенттен Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасын бөліп ашып, соның тұңғыш Муфтиі болған қайраткер қазақ – осы Ратбек хазірет. Еліміздегі ислам күрескері ретінде жер шарының сексенге жуық елінде болып, араб, парсы, орыс, ағылшын т. б. тілдерде баяндамалар жасаған, лекциялар оқыған , алуан түрлі айтыс-тартыста алымды да шалымды шешендігімен, біліктілігімен шетелдік дін ғұламаларын аузына қаратқан сайыпқыран да осы Ратбек. Ал Құдай сөзі Құранды қазақшаға алғаш аударған осы полиглот Ратбек екенін бәрлеріңіз білесіз…

Амал қанша ! Жалғыз Жаратушы Алладан дарыған осындай асыл қасиеттерін табанды қажыр қайратымен қанаттандырып, еріну білмес еңбегімен ұштап келе жатқан,  қазіргі қандастарымыздан теңдесі жоқ , дін ғұламамыздың ыстық ынтасына, айналасындағы мешітке сыймай ентелеген кәрі-жас , әр ұлтты мұсылман қауымның ынтық ықыласына соңғы кезде салқын су сепкен келеңсіздік байқалуда. Хазіретпен еш жүздеспей, тілдеспей, сыртынан сөйлеп, сыртынан тон пішіп, аудан имамдарының басын түгел қоспай, Есіктегі орталық мешітті қасақана аттап өтіп, ауыл-ауылда жолсыз, жөнсіз бас қосуларда хазіретті ауданның  өкіл имамдығынан қалдырылды, Есік қаласы мешітінің имамы болып қалды деп жариялаған дін басылар шықты.  Бұл сөз пайда болған екі айдан бері де олардың бір де біреуі Ратбек хазіретпен бетпе-бет кездесіп, сөйлескен емес. Өйкені,  істеген қиянаттарынан  олардың жүзі шыдамайды.

Меніңше, бұл —  өте ұят қылық, жөнсіздік және мүлде жолсыздық. Жөн білетін адам, шариғат  пен заңды құрметтейтін адам, ең әуелі, Есік мешітінің бір жылдан бергі істеген істеріне, әрине дін мүддесімен, жетістігіне де, кемшілігіне де , кірісіне, шығысына да көз жеткізеді. Онан соң тағатын кінәсін ашық жүзділікпен жария тағады. Қызмет ауқымын тарайтуға онан кейін ғана қадам жасайды. Қазірше ондай тәртіптің бірі де орындалған жоқ. Бізді көңіліміз соған күпті болып, жанымыз қатты ауырады. ..

Абай дана айтқандай, мен мұның бәрін жаттың жақсысынан мың артық , жерден де, көктен де ат сабылтып іздесек те таба алмас  өз жақсымызды , абызымызды аяқтан шалу, абыройын төгу, қадіріне жетпеу деп түсінемін. Мұның аржағынан, тағыда, Абай дана айтқандай, шынға емес, өтірікке сену, аққа қара күйе жағу, өсек-аяң, көре алмастық тәрізді дін адамына лайықсыз сорақылықтардың қылтиып тұрғаны да аян. Мұндай келеңсіздікке тоқтам, тиым қоюымыз керек. Дінде, шариғатта сонау төрт сахаба тұсынан бері имамдардың қайсысының ілімі зор болса, соған жол және мәртебе ұсынатын қатаң да әдепті үрдіс бар. Біз де сол үрдісті ұстануға тиіспіз. Облыстық мешіт имамдары мен есепшілері ілімі жоғары,бүкіл әлем мойындаған , қарт қайраткермен мәдениетті, әдепті қатынас жасауға хақылы.

Тоқсан ауыз сөзден түйін мынау :

Біріншіден, құндылықтарымызды құлдыратпайық, берекемізді қашырмайық, арамызға әзәзілдік кірмесін. Татулықты, береке-бірлікті, келісімді , жариялылықты жарлап келе жатқан Елбасымыздың жолына адал болайық.

Екіншіден, Есіктің орталық мешітін бұрынғысындай ауданның бас мешіті, хазірет Ратбек Нысанбайұлын бұрынғысындай ауданның өкіл имамы қалыбында қалдыруды өтініп, Елбасызға және муфтиіміз Әбсатар Дербісәлі қажыға осы жиынның атынан ұсыныс хат жолдайық.

Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет !

Естеу НҮСІПБЕКОВ, ардагер ұстаз, ақын,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы.

Есік мешіті басқармасының хатшысы.

2005 жыл.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

четырнадцать − девять =