Қырықтың бірі – Қызыр.

Қырықтың бірі – Қызыр.
(«Білгенге— маржан, білмеске— арзан» сөз)

Қызыр, Қыдыр — бір есім. Біреулер пайғамбар десе, біреулер әулие дейді. Ислам діні тарихында аталатын пайғамбарлар тізімінде Қызыр есімі кездеспейді. Соған қарағанда әулие деп түсіну дұрыс секілді.
Көз көргендерден әңгімелесем: ауыл қарттары қара жер бусанып, егістікке алғаш соқа салғанда және астық бауларын ағытып, қырманға төсеп жатқанда «қызыр дарысын», – деп ықылас айтатын.
Аталарымыз бен әжелеріміз бала-шағасы көп, үрім-бұтақты үйлерді «қыдырлы шаңырақ» деп қасиет тұтып, қастерлеп сөйлейтін.

Көнекөз қариялар қотаны қойға, өрісі малға толы байларды «пәлен атасының босағасына Қызыр әулие түнеген екен, содан бері бұл әулеттің іргесінен ұйыған іркітке иті тойынып келеді», – деп аңыздайтын.
«Қырықтың бірі — Қыдыр» деп ауыл маңынан өтіп бара жатқан бейсауат жолаушыны шақырып алып, үйінен дәм ауыз тигізуді кез келген қазақ ырым ететін және құдайы қонаққа төрінен орын беріп, дәмдісі мен жұмсағын соның аузына тосатын.
Жұма, ораза, құрбан намаздарынан тарағанда, тақуалар бірінің-бірі басбармақтарын ұстасып амандасатын. Соны аңғарып таңырқаған біздерге олар мұның мәнін: Қызыр әулиенің қос бармағы болады дейді. Соны білем деген үмітпен басбармақ ұстасады. Іздегені табылып, қос бармақты адам кездесе қалса, оны басқаға сездімеу, құпиялық сақтау — әркімге де қатты серт, —деп түсіндіретін.
Аталған әлқиссалардан Қызырдың жақсылық иесі, бақыттың, байлықтың, қазынаның, игіліктің, несібінің үлестірушісі, ақыл мен ойдың қуаты, сенім мен нанымның қолдаушысы екені аңғарылады. Мұндай ұғым, наным түсініктер қырғыз, қарақалпақ, ұйғыр, өзбек, татар, ноғай секілді туыс түріктерге де ортақ. Қызырдың адамдарға көрінуі, кездесуі, ықылас-ынта қоюы, назар аударуы — бәрі ғайыптан. Ол ешкіммен де мен Қызырмын деп кездеспейді. Адамдар онымен кездескенін білмей де қалады. Ол кіммен де күтпеген жерде кездейсоқ танысы болып та, бейтанысы болып та кездесе салады. Өзіне кездесіп сөйлескен жанның Қызыр әулие екенін жұрт әлде талай уақыт өткен соң ғана біледі. Міне, бұл қасиеттері Қызырдың ғайыптық сипатын танытады.
Таңғажайып араб ертегілерінің әлемге әйгілі тамаша жиынтығы «Мың бір түнде» де Қызыр әулие кейде түйелі, кейде есекті, кейде жаяу, бай, манап, саудагер, не ғұлама білімдар, тіпті кедей, мүсәпір болып та кездеседі. Адасқанға жол, ашыққанға азық көрсетіп те жүреді. Жетімдерді, жесірдерді, жебейді. Батырларға бағыт сілтейді, қауіп–қатерден сақтайды, адалдарды алқайды. Біздің, бір замандары Тәңір дінінде болған бабаларымыздың абыздарына ұқсайды. Онда да Қызыр әулиенің ғайыптық қасиеті сақталады. Тегінде түрік тұқымдастардағы Қызыр жайлы ұғым, наным аңыздары араб Қызырымен де тамырлас, төркіндес болса керек, кейбірі солардың ұшқындары да шығар деймін.
Еліміз егемендік алғаннан бері әр алуан даурықпалыққа салынып, мейрамдарда, наурызда, сахналық қойылымдарда, тіпті салтанатты жиындарда, той-томалақ ойындарда, кештерде, кездесулерде әйгілі тарихи адамдар: батырлар, билер, хандар, абыздар, ақсақалдар арасында ақ киінтіп Қызыр әулие деп ат қойып, айдар таққан біреулерге бата жасататын қылық етек алып барады. Мұнымыз не сонда? Қызыр жайлы арғы, бергі ұғым, түсінігімізге сай ма осы қылығымыз? Мұны көбіміз білместіктен істеп жүрміз.
Ондай ағаттықтан арылуымыз керек. Арғы-бергі халықтық, аңыздық ұғым нанымымызға қайшы қылық жасауымыз жараспайды. Қызыр әулиені қастерлейік, қасиет тұтайық, бірақ оның ғайыптық сипатын сақтайық, ағайын.
Халқымыз «Қырықтың бірі — Қызыр» дегенде, нендей ой, нендей идея тастап отырғанын да дұрыс аңғарайық. Менің пайымдауымша, танысымызды да, танымасымызды да Қызырдай әулие санауды үйренейік. Қайткенде де адамдардың қырықтың бірі Қыдыр болып кездесуі ғажап емес пе?! Айналамыздағының, қасымыздағының, қабылдауымыздағының қырқының бірі Қызырдай әулие емесін кім біліпті?! Бұл — жолсапардағы жолаушының да, жүкшінің де, көше менен аула сыпырушы жұмысшының да, кеңседегі атқарушы хатшының да, іс шешетін әкім менен лауазым иесінің де, автобусқа, поезға, ұшаққа билет сатушының да, кластағы қырық шәкіртке дәріс берушінің де жадында ұстайтын қасиетті борышы, этикалық жан азығы. Әр қырықтың ішіндегі бір Қыдыр төрт ондықтың қайсысы екенін де жалғыз жаратушы өзі біледі. Олай болса, сол қырықтың әрқайсысын да Қызыр деп қастерлеуге тура келмей ме?!
Қызыр әулие жайындағы ой толғауым осылай өрбиді, замандастар.
© Естеу Нүсіпбеков. 1996 жыл

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

14 − десять =