Жер үйде туылыппын

Жер үйде туылыппын,
Аласа өңшең.
Ішікке құндақталып қара сеңсең.
Уызға мөлтектетпей қосын қайдан,
Абысын қос ананы жанаса емсем?!

Жөргекте жұлқынбаған атырылып,
Тынышты нәресте екем мауқы тынық.
Сыртта аяз, ақпан қанша ақырса да,
Мен зықы шығармаппын запы қылып.

Ата өбектеп,
Ал әже жиі өжектеп,
Ағам мен көкем, жәкем «мазалап» бек,
Түсірмей қолдарынан,
Иіскелеп,
Әуестеп ойнатыпты алма кезек.

Таңыпты ашамайға үш жасымда-ақ.
Ұстатып жеке тізгін үйретіпті,
Ақ самай ата қыран қарт қасына ап.

Мінгізіп үлгеріпті –
Ұмытпасқа:
Жегілген атқа-дағы тұлықтасқа.
Боларын аңдатыпты көтеруге
Дағарды екі кісі иықтасса.

Қарамай қос білектің балғынына,
Кешікпей ұстатты орақ, шалғыны да…
…Балалық қайран дәурен қалды да артта,
Ат жалын тарттым оқу әр қырына…

Солайша басталған-ды жеке сапар,
Жырақтан хатпен жолдап хабар-ошар.
Жетіппін жетпіске де тым-ақ суыт,
Қанеки, қоржын тоқ па олжа ашар?!
© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

десять + восемь =