Ініге

Естеу мен Бексейіт
Басынан бұл ағаңның не кешпеді?
Көп дұшпан көре алмаған не деспелі ?!
Ұқсайды керуен жолға арттағы інім,
Боздатып боз інгенін ел көшкені.

Атадан қаттап жиған естігенін,
Сезімін тізгіндеген есті де едім.
Өмірдің даңғылына шығармады,
Жолымды жолсыздықтар кесті менің.

Ақ әкем арашасыз құрбан болды —
Келімсек көзі ашықты қырғанда өлді.
Бұлқындым, бұза алмадым, жырта алмадым,
Саяси айламенен құрған торды.

Момын жұрт xалқым, көбім бұғып шөкті,
Сүбемді сұкты найза сұғып сөкті.
Бойымда қаным суып, жаным мұздап,
Езгі тас — қауіп жаншып, сығып кетті.

Шабыттың шақша басы шара болды,
Қозы көш түстік жолға ара қонды.
Жолдас қып шерлі жүрек, мұңды ойды,
Таппады дәрмен жияр дара жолды.

Тың жүріс елге келіп жасап едім,
Тумады сәтім оңнан аса менің.
Бой тартқан биіктегі шынарларға
Жуықта теңелмеді жас еменім.

Көбейтіп таңдарымды көз ілмеген,
Күрестім кенже тәлей кезімменен.
Қасым мен Мұқағали болмасам да,
Ұқсап ой салмақтадым сезімменен.

Ақпайды таудан баяу өркешті ағын,
Інішек, ілтипатпен сен қостағын.
Текестің орқаш-орқаш қойнауынан
Жүк тиеп шықты жолға нар қоспағың.
© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

3 × 3 =