Досы Оразбекпен бірге

Естеу және Оразбек

Бүл суретте досы Оразбек Канапинмен  бірге.

Қазір Оразбек аға Алматы облысы Есік қаласында тұрады.

А Н А

(Оразбек Қанапиннің жазған әңгімесі)

Ана бұталы беттен кусеп тұрған ырғайы, ұшқаты, аршасы аралас жуан арқа отынды – дәл өгіздің жүгі дерлік отынды көтеріп әкелді. Ол үйіне шейінгі аралықта дем алып тыныстаған да, тіпті ентігіп алқынған да жоқ. Мұндай отынды ең берісін айтқанда, осы үйдің түтінін түтеткелі  — үзік-туырлығын өзі тігіп, басқұр-бауын тоқып дайындағаннан бері көтеріп келеді.

Ана келгенде үйелмелі-сұйелмелі екі баласы қора шетіндегі тастың түбінде ойнап жүр еді.Туғанына алты ай болған кіші нәрестесі бесікте долданып жылап жатыр екен. Келе сала бетін ашып уата бастады.

— Қарғам-ай, ішегің түйілді-ау! Міні, міне , мен келдім. Енді ашуыңды бас. Ол екеуі саған қарамай қойды ма?…

Бесіктегі сәбиі сөз ұғатындай-ақ ана үнімен күбір-күбір ұғысқандай болып жатыр.

Қатты қайырымға келмесе де, ұсақ-түйек жұмыстарға қолқанат болып қалған екі баласы мал шетінде жүрген сияқты . Үйде жоқ. Ал тұңғышы әкесімен бірге таңертең қойға кеткен.

Алты баланың анасы болып, өзіне тиесілі өмір жүгін көтергеннен бгргі бүкіл жасы үшінші мүшелін әлі жиып толтырған жоқ. Ол ылғи нардың жүгін көтеріп келеді. Күн ұясынан шықпай орнынан тұрса, енді оны «ұялатып» тастамай  тыным алып көрген жоқ. Әйтеуір өзінің еш нәрсеге мойымайтын қаражон мықтылығынан қайыспай келеді. Ол ес білгеннен бері қайғы-шер теңізінің жағасында. Бірақ көз жасын ешкімге көрсетпейді. « Онсыз да көкірегін шерге толтырып, көз жасынан теңіз тұрғызып жүргендер жетіп асады» деп қарайды. Жоқшылықтың, аш-жалаңаштықтың талай-талай сеңгірінен асып келеді. Әке-шешесі жасында ол дүниелік болып кетті. Өзі «қолбала» болып, өзі текті бір жұқалтаң ұялы жанның тілеуіне өтті. Бірақ боздағын шығаратын қарлы боранға қырын бермеді. Сырын алдырмады. Осылайша, өзінің өмірімен тұтасып жатқан желіні селкеусіз ширатып келеді…

Ана ылғи қатпары қалың, иіндене жатқан тіремесі мұз-қармен әдіптелген аңқай сай-сайдың алқымында жалғыз үй отыратын-ды. Бұл араға көшіп келгелі бір айдың жүзі болған еді. Енді ұзаса он-он бес күн ғана отырмақ.

Жылжып көшіп, жығыла жетіп, жаңалап жүрген талай жұртының бірі.

Өз ісінен өзгеге көп ой толғап кетпейтін түзу, жуас Бақтияр есімді күйеуі бір қора қой бағады. «Бір қора қойы»  — бес жүздің үстінде. Бес жүз қойы бар кісі бұлайша көшіп, сай-саланы басына көтеріп жүрмес еді ғой ! Бұл қой — қала мен қырға әбден таныс «Ақсақал» деген кісінің қойы. Қалаға таныс болатыны – ауданын ешкім айта алмайтын егістік, суаттық жері, қырға таныс болатыны – шұрайлы кең қыстау-жайлауы, мыыңғырған қалың малы бар. Мынау – соның төрт-бес  қора қойының бір қорасы. Малшылары күні бүгінге шейін оның «Ақсақал» атын біледі. Шын аты кім екенін сұрастыратын шаруасы не?

Бақтияр осынау қалың қойды күндіз-түні зыр жүгіріп, бірде-біріне ит-құстың тісін дарытпай бағып келеді. Ал ана өзінің жан күйер жарынан қалыспай, серігі, майталман ақылгөйі болып та, бұғанасы қатпаған бір топ сәбиін қызғыштай қорғап, мәпелеп те келеді…

Ана естен кетпес қиналысты тұңғыш баласына босанғанда басынан өткерген. Ауыр жұмысқа қабырғасын қайыстыра жүріп, өз бойында жарық дүниеге бір ұрпақ дайындап әкелді. Оған жанай қуаныш пен уайымды да теңдене келді.

— Тұмсамын ғой, бұл «қылкөпірден» өте аламын ба?  Мынау нәзік талшық бүршік атып, жарық дүние есігін ашқанша ел ішінде болайық,- деді ана өзінің серігіне.

— Мұның табылған ақыл, мен де алакөңілмін!

Ерлі-зайыпты екуі кіндіктес ақылы арқылы ауылды маңайлап келіп қоныс алған болатын.

Ана ымырт үйіріле толғағы келгенін сезінді. Сар жайлаудың үсті. Бақтияр кеште қойды қораға қауымдап, үйіне келсе, жас ана бүйірін таяна от басында отыр екен.

— Мен босанамын. Саған «бопа» тауып беремін. – деді қиналып отырса да  қуанышын жасырмай әрі ерін қуанышының қосарына алып.

— Сен сырттан көрінбеген соң, өзім де бір үмітке жетеленіп келіп едім.

— Шай дайын. Қанып ішіп ал. Бірнеше күн зықың кетіп, күйің кепмес әлі!

— Аман-есен босанып, «бопалы» болсақ, болды ғой. Көп келмеген күйдің бірі болар. Қайтеді дейсің?..

Ана   жуыр маңда босана қоймады. Бір түн, келесі бір күн өте шықты. Бір кіріп, бір шығып, көрші үйдің әйелдері тыным таппай сарпалдаңға түсті. Ерлері де құлақтарын түрік ұстады.

— Байқұстың жаны қиналып кетті ғой?

— Шаруа басты адам, алдын ала күтім жоқ!

— …

«Айлас қатын – мұңдас» дегендей, жанына батқан азапты бастан кешкен әйелдер мұңымен шығарған болады.

Үйде көп отырмаса да, Бақтияр ауыл маңынан алысқа ұзай алмады.

Бұл шаққа шейін соқыр қой ем-дом жасалып біткен еді.

— Ішірткі жазып ішкізу керек!

— Жас аршамен , қарағайдың жас бүрімен аластау керек!

— Күйеуінің тізесінің кірін езіп ішкізу керек!

… Бәрі істелді…

Бір күн, бір түн тағы толғатты. Жас ана енді мүлде есінен танып, сұлық қалатын болды.

«Жын» буып алды. Көзін көрдің бе бозарып кеткенін. Енді «сайтанын» қағып алудан басқа амал қалмады,- деді «тіс қаққан», «көріпкелі» бар Жиенбай калфе.

-Ал, қағып алыңыз,- десті әйтеуір үміт білтесінен айрылып қалғысы келмеген біреулер.

Бір адам алыстан аттандап,айғайлап келіп, үйдің оң жақ сыртынан мылтық атты. Бір емес, үш-төрт мәртебе атты. «Алағай да бұлағай « заман туды.

Белдеудегі аттар үркіп, шылбырды үзіп жатыр. Қой сырылып үркіп бетке шығып кетті. Ит қаңқылдап, ауылдан безіп берді. Жайлауға шығарда ұядан алған Құсанның қара ала балапаны саңқылдап жағы тынбайтын, соны әкелді. Ол да бірталай шаңқылдады. Бір жылқының ендей қатқан тулағын толғақтың көрпесінің сыртынан жауып қойып, сары ала қамшымен тарсылдатып, жатып  кеп сабады.

Соңында суық сумен тітіркендіріп «ұшықтады»… Кеткен пәлекет жоқ…

— Енді қайтеміз?

— Не амал бар?.. деп, әбден дағдарған қауым біріне бірі қарасты.

—  «Ақ апаға»  кісі жіберсін.Ат апару керек.,- деді байсалды ана Мәдина.

— Бақтиярдың оған жіберер кісісі, мінгізетін аты бар ма? Өзінің қой соңынан бұрыла алмай жүргені мынау. Жақын да жер емес.

— Көрнеу өлтіреміз бе? Адам әлсіреп, үзілуге таяды. Айрылып қаламыз ғой!..

Дуыл көпке созылып барып, бір байлауын тапты: адам, көлік дайын болды. Таңертең ерте « Ақ апаға»  кеткен адам ертесі таңға жуық келді. Бұл тұста жас анада ес жоқ болатын.

Жасының баршын тартқанына, дәрменінің кемігеніне қарамай, түндлетіп жетті. Келе сала толғақтың тамырын ұстады. Онша көп отырмады: қабағын шытып, ауыр күрсініп, ашынып кетті. Басын шайқады.

Басын шайқау – көп жағдайда «күдер үзу керек» , «амал болмайды», «бітті» деген мағынада. Ентелей қарап отырғандар еңселерін кері алып, шегіншектей берді.

Ешкім жауап сұрамады. Ештеңе дәметпеді. Ақ апа жас толғақтың ішін сипады. Ұзақ сипады. Ана құрсағын алақанымен сүйеп , аса еппен  саумалап уқалады.Теріс келіп тұрған баланың басы оңалғандай болды. Ерні кеберсіп, қан-сөлсіз қалғанына неше күн болған жас ана әлсіз тыныс алды. Ақ апа тыным тапқандай болды. Өзі де терлеп кетті…

Ақ апа оң қолының саусақтарын қайшылатып, отырғандардан ымдап бірдеме сұрады. Жөпелдемеде ешкім түсіне қоймады.

— Сусын, сүт әкеліңдер! – деді ақырында даусын зорайтып.

Бірнешеу қазан жаққа бұрылды. Өзгесі оларға қарады. Сүтті қолына алған Ақ апа :

— Бисмилла!- деп екі қасық ұрттатты. Алғашқы қасық сүт төгіліп қалды. Екінші қасықтағы сүттің  жартысын жұтты.

Жұтылған сүт әлсізге қорек, қарап отырғандарға үміт болды. «Тағы жұтқызсашы!» деген ынтызарлық оларда тасқындап кетті. Ақ апа үнсіз отырып барып, жас толғақтың тамырын қайта ұстады. Бірақ не көріп, не білгенінен ешкімге еш нәрсе аңғарылған жоқ. Барлық көз толғақтан, онан қалса, Ақ ападан жазып қалатындай телміруде, дыбыссыз тыныс алуда.

Ақ апа екінші рет тіл қатты: «Шыныдағы сүтті жылытып әкеліңдер» деді. Сүт – үміт сүті, тілек сүті, жас анаға «әбілхаят» сүті болып көрінді. Бақтияр да сырттап келіп, мөлие мөлтеңдеп қарап тұрды да, шегініп шығып кетті. Көзі тынымсыз жыпылықтайды, ұйқысы келгенінен емес, кірпігі қатқанынан жыпылықтайды. Бүгін ол қой шетіне шықпақ емес. Жұбайы аман босанар болса, өзінікі болмаса да, «атап қойған» сары бас еркек қойды соймақшы. «Тірі болсам, жанымды жалдап, қарыздан құтылармын» деп бекіген.

Жас ана үш қалақ, толық үш қалақ сүт ішті.Сүт ішіп,оның шөлі қанғаннан көрі , қарап отырғандардың шөлі қанғандай болды. Тұнық судан ғана ішіп, бастарын көтерген қара нардай, мол тыныс алып, жадырай қалды.

Соңынан ана толғақтың келгенін , еті ауырғанын сезінді. Сөйлей алмаса да, ыңқылдауға шамасы келді. Ақ апа белін тартты. Мінеки қараңыздар :

— Сүйінші! Сүйінші!  « Келер заманның жарық сәулесіне шеру тартқан ұрпақ келді…Жылай келді…Жылағаны өлеңдете келгені еді… «Туғанда дүние есігін ашады өлең»…

Барлық қаракөздердің жүрегінде, тілегінде, үмітінде «өлең» қаулап тұрды. Қаулай берді.

Тұмса ана мен Бақтиярдың тұңғышы  — Күнтуар туды. Сәбидің аты Күнтуар қойылды.

— Сендерді жетістіруге мені шұғылалы заман есігінен енгізген сол Ақ апаң болды деп жас ана шертер сырының басын сонан бастайды.

Ақ апа көңлінің пәктігі , ұрпақ біткенге қайда болса да, қашанда, руын, жұртын, өңі-түсін , жаралмыш өзгешелігін айырмай – бәйтерек, сая болатын қасиеті , жасының үлкендігі жөнімен Апа аталған , асыл, аналық мейірімін ылғи алға жайып, шапағат үлгісін шашатын, басына іс түскен ғарып болса, оған жарылқаушы болатын, аузы дуалы, қолы шипалы, соған жарасқан өңінің аппақ, кіршіксіздігі жөнімен ақ аталған.

Ақ апа —  ешкім көңіл жайлауынан көшірмейтін, ешкім өңінен жазбайтын , сөзін екі етпейтін аналардың анасы.

* * * * *

Тарих толассыз жылжып келеді. Ананың тоғызыншы бүршігі жарық дүниенің пердесін қайырды. Ал өзі төрт мүшелін әлі аяқтатқан жоқ еді. Осылайша жүргенде, бір күні оң, бір күні теріс бетін көрсететін қатыгез заман тынысын тарылтып, қыспағына ала қойды…

Ақпан айы.

«Жонынан тоңбасын» дегендей-ақ, жалпақ өңірді қар мамығы қымтап алған.

Ел іргесі сөгіле, ыдырай бастады. Мылтық дауысы, сойыл сартылы толастамады. Мал ұрланды, талан-таражыға түсті. Кінәлі кім? Кінәліге тыйым салатын кім? Әділет таразысы қайсы? Ешкім еш нәрсе білмейді. .. Етегі жасқа малшынған ел қопарылып, бүкіл акмағымен аунап бара жатты. Боздағынан, бауыр етінен айрылып, зарлаған ана, ботасынан адасып боздаған нар-мая, жұртта қалып көкке қарап ұлыған ит…

Ана қар қашығын қайыстыра  жүк – «жасау» артылған , мұрны жырық қара атанды жетелеп келеді. Анда-санда «жасауына» қарап қояды. Онсоң мінгестірген баласына :

—   Мықты отыр, ауып түсіп қалма!- деп қадағалайды. Онан кейін көңілін алдындағы баласына аударады. «Ашылып қалмасын» деп түтесі шыққан ескі көрпешемен қымтайды. Мойны қылдырықтай арық, жалы ұйпа-тұйпа , құйрығының әр жеріне кәріқыз,ошаған қадалған қара көк ат аяғын санап қана басады. Әйтеуір жуас – селт етіп, шамырқанғанды білмейді. «Мал иесіне тартса, майталман болады» деуші еді. Ана, қара атан, көк ат – бір мінезді үшке бөлісіп алғандай. ..

Қара атандағы «жасаудың» ең қомақтысы – төрт бала. Біткен дүние мүлкі де сол түйенің үстінде. «Ақсақал» Бақтиярдың алдындағы қалың қойын алдыңғы жылы қайтарып алған. Сонда «өзінікі» болып қорасында қалғаны – бұзау-торпағымен бес-алты сиыр, бір ат, елу-алпыс ешкі-лақ  еді. Мына қара атан «ұзақ жорық » үстінде бұл үйдің «шаңырақ артары» міндетін кейін алды. Бақтияр жаяу жүре алатын екі баласын ертіп, аз ғана қараң-құраңын өзгелердің малына қосып, жылжыт келеді. Үмітінің алды – тұңғышы Күнтуар жалданып, басқалардың малын бағып жүр.

« Мал – жан садағасы, жан – ар садағасы» деген аталы сөзге ана қатты үйіріледі. Бүгін де сол «ар садағасы» алдынан шықты.

— «Қой – ұры, қойшы — өтірікші!» . « Қойға қосылып» келген мына екі қойды сойып алайық,-  деді көршісі Омар Бақтиярдікіне келіп отырып сөз сыралғысы ретінде,-  мынадай ала сапыранда кімді кім біледі.

Бетін тез бұрып, тігіле қарады ана, өңіне ызғары шыға келді.

— Не деп отырсыз?!

Сөзінің жайлы естілмегеніне кәдіктене қалса да, Омар бөгде адамға қаратқандай «жәй»  сөйледі.

— Мен айтып отырмын: заман мынау, аш-арық күй мынау, көпе-көрнеу аштан өлеміз бе? Жұтқан жұтамайды… Қойға бұралқы екі қой келіп қалған екен. Екеуін екі үй сойып алайық деп отырмын.

— Ондай көпестігіңізді өзге біреуге көрсетіңіз! Ағайын, аулақ отырыңыз!-  деді ана шорт қайырып.

— Ойбай-ау, мен мына көгенкөздеріңнің  қамын ойлап жатырмын. Өз қарным қазірше тоқ.

— Сонда бізге көгенкөздеріңді өлексемен бағыңыздар демексіз бе?

Бақтияр үндемеген күйі төмен қарап отырып-отырып:

— Омар, « Бір қой егіз туса, шөптің басы айыр шығады» деуші еді. Мынау балалардың ырыздығын Алла өзі береді. Елді кейітіп қайтеміз? «Тек жүрген тоқ жүреді»,- деді.

— Қазаныма арам ас салмаймын да, салдырмаймын. Балаларымызды қайың сауып болса да,  халал жолмен бағамыз. Көшке ере алмасақ, осы жерде қалып, шөптің тамырын қазуға шығамыз.

Өзінің сөзіне ермегенінің үстіне , айтқанын істесе, «айғақ болар» түрі болған соң, Омар сөзден тыйылды. Ойдан тыйылды ма, жоқ па, ол жағы күңгірт қала берді.

— «Өзің Құдай болмаған соң, көрер күнің осы» дегендейі.н, кейде аш, кейде тоқ өтерміз. Жамандыққа бармағанымыз абзал,- деп,  Бақтияр жұбайының ойын тиянақтап қымтады да, Омардың көңілін артық кірлетпеді.

— Балалы-шағалы, қолдары қысқа ғой деп сіздерге күйініп айтқаным болатын.!- деп Омар да мәймөңкелеп тоқтатты сөзін. — Әйтпесе біреудің хақысын жеген қай жақсы дейсіз?!

— Бізге жанашырлық білдіріп , күйінгеніңізге рахмет!

Өзінің ойында жоқ, бір «жаңалықты» айтқан Омардың мынау «ақылына» Бақтияр көп бойлаған жоқ. Сөзді естіген жерде қалдырды.

Ана «қайың сауу», «шөптің тамырын қазу» сияқты зілдей ауыр сөзі соңында қайыспас қажыры жатқанын аңғартты. Күшін де, парасат ақылын да әйгілеп танытты…

*****

Ата-бабамыздан берменгі қасиетті қонысты қалай құлазытайық,онан айрылып, жабырқаған көңілді немен жадыратамыз?!- деді ана Бақтиярмен шүңкілдесіп отырып,-  Мекенімізді табайық! Қайбір жетіскеннен келіп едік мұнда?  Қайда болса да , қазанның құлағы төрт екен.

-Қайтайық, « Есің барда елің тап»!  деген.

Бұлар айтқанына жетті. Көп балапандарының кіндік қаны төгілген ежелгі қонысына қайтып келді.

Ана машахат- михнат зәрін осы мекенінде жұтып, қорғасындай ауыр қасірет тұманын осы өңірде кешіріп жатты. Қанаты талған қаздың қаңқылын да, серігінен айрылып, шерменде болған аққу мен сары ала қаздың сұңқылын да , сауысқанның шықылығы мен құзғынның құңқылын да, шың басынан шырқыратып, ұлар үйірін қуған сұңқар қанатының зуылын да өз мекенінің аспанынан сансыз мәртебе естіді. Қалтарыста озандаған бөрі мен орман шатқалында ақырған аю дауысы миын талай ашытты. «Дүниенің қожасы боламын» деген көр кеуделердің мейірсіз қолы мен дойыр қамшысын да көрді…Өзі дайындаған үміткерлігімен төтеп беріп отырды…

Ана рахаттың шәрбатын өз жұртында жұтып, өзіне нәсіп етілген ырыздығын татып, қуанышын қойнауы ыстық, тұнық сулы , ұлпа қоңыр топырақты осы өңірінде өткізді. Күлтелі орман арасында қырық құбылған бұлбұл үніне де, тынысы кең, тіршілігі мол алқапта «ғашығын шақырған» көкек дауысына да өз іргесінен құлақ түрді, Сонда ананың жатпай-тұрмай ойлайтыны — өзіне айналып үйірілген жеткіншектерінің бақыты, қамы болды.

«Даңғыл жол, жайқын жатқан ырыздық бар ма екен?- деп ойлайды ана. – Бар болса, ол даңғылға қалай түсуге немесе оны қалай табуға болар екен? ! Осы бүлдіршіндерім сабағынан үзіліп көрінген табанға тапталып, қор болып өтер ме екен әлде!..»

« Жоқ, жоқ! – дейтін  сонсоң өзіне-өзі қайрат беріп. – Ұрпақ – болашаққа үзілмей жалғаса беретін желі. Өмір өзі сыйлаған ұрпағы бақытты жаз дидарын өз қолымен жасамақ. Менің ана бақытым – осы ұрпақтарымның бақыты ішінде…»

Ана кей-кейде түн баласында көз ілмейді. Кәперсіз, мамықтай жұмсақ рахат бесігінде пысылдап ұйқтап жатқан балаларының ашылып-шашылып қалғанын қымтай-қымтай таңды атырады…

Ана қырық тоғыз мүшелі толған жылы тағы бір жалғасын өмір бәйгесіне әкеліп қосты. – Он екі құрсақ көтерді. Бәрі сау денелі, кем-кетіксіз ер жетті…

Осы ұрпақтарының бақытты күндерінен, қызықты еңбектерінен ләззәт табуды ана аңсап күткен еді. Тілегіне жетер күн туды: қақпайы жоқ, қадірі мол жаңа заманның жаңа марышына бет бұрды. Балалары заман бәйгесіне түсіп, оқу-білім мұхитына желкен жайды. Буырқанған қалың ойдың, ізгі мақсаттың тасқынын жасады. Жан-жақты түгел ойлайтын ананың ойын қоса ойлайтын болды. Ана олардың ой толғамына енді, кей-кейде жете алмай қалатынын аңғарды. Көзбен көріп қана «түсінетін» , қатпарлы тылсым сырды бір шетінен ашып, табиғат әлеміне, тіршілік заңын білуге сүңги жөнелді.

Ана күнде дерлік ұрпақтарының ортасында , қызу айтыстың,түсінуі қиын тұжырымдардың ішінде болатын еді. «Сабақ пысықтаймыз» деген міндетпен күнде, өте-мөте кешкі тамақтан соң қоралай отырып алып, балаларының дуылдасып, айтысып, кейде тіпті ескеуілдеп кететіндері бар.

Бұрын естімеген, жөбішенкіде тіл де келе бермейтін сөздерді маржандай тізеді.: химия, физика, математика, философия, тағы сондай, біріне-бірі жуық аталтын сөзді қайтіп ауыстырып алмайтынын, өзінің атына лайық мазмұнын баламалайтынын кім білсін!..

Күн жылжып өтіп жатыр. Жылыстап білінбей, арты жымдасып жатыр. Тағы бір жаңа «сөз» тапты:  «себеп», «салдар» деп таласа жөнеледі. «Сыртқы себеп», «ішкі себеп» дейтіні тағы бар. Сонсоң оған да дауылдаса , айтыса жөнеледі. Қайсы баласы сөйлесе де жөнін, дұрысын айтып тұрған сияқты. Бірақ бірінің сөзіне екіншісі иланбайды…

— Жұмыртқа бұрын пайда болды ма, әлде тауық бұрын пайда болды ма? – деп сұрайды біреуі.

— Тауық болмаса, жұмыртқа қайдан шығады?

— Жұмыртқа болмаса, тауық қайдан шығады?

— «Жұмыртқа лайықты шамада жылу алса, балапанға айналады». Ал өзге нәрсе /мысалы, ағаш, темір …/ балапанға айналмайды.

— Неге?

— Оның ішкі себебі жоқ.

Енді бірде «қайшылық» деген сөзге дауласады.

— Қайшылықты болмайтын нәрсе жоқ.

— Қайшылық болмаса, өсу, даму болмайды.

—  Біздің осы таласымызда да қайшылық бар ма?

— Йә, солай!

— Олай емес!

—  Мына көзқарасың – «идеалистік» болады.

Оған енді біреуі көп-көрім қызарақтап қалады.

Япыр-ау, осы біз қайшы болмай-ақ дамып, өсіп келеміз ғой!- деп ойлайды ана ішінен.- Мыналары бекер шаршау, осығұрлы қызылкеңірдек болмаса, нелері кетеді екен осылардың!»

Кейде ести-ести ана жалығады. Ой жүйесі қым-қуыт болып кетеді. Сонсоң мұнысы да жақсы, білу үшін таласып-тартысып, соңында біріне бірі үйретеді,-  деп түйін түйеді.

Ана балаларына қарап күнде қуанады. Әр баласы бір түрлі. Біріне-бірі ұқсамайтын «тағылым» сөйлейді. Бір де біріне қанбайды. Әр баласынан әр алуан тың-тың  тағылым естігісі келіп, аңсарын аудара беретін тереңге сүңгиді.

— Енді үш күннен кейін түн ортасында Ай тұтылады екен ,- деді бір баласы, ойда-түсте жоқтан «сұмдық» хабар айтып.

— Тек отыр, балам. Күпірлік болып жүрмесін!

— Рас, апа. Қазір табиғат мынау әлем заңын игеріп бара жатыр емес пе? Айдың тұтылуы біз тұрған осы өңірден көрінеді.

— Басқа жерден көрінбей ме? Онда айдың бетін бұлт қалқалағанын айтасыңдар да?

-Жоқ. Күннің көзін бұлт қаптаған кезде қарсы тұсына көлеңке түсетіні сияқты, Ай өз жолымен бара жатқанда, Жер Күннің нұрын Айдан тосқан өңірді «Ай тұтылды» дейді.

Ана кері пікір айтпады.Ойы шығандап барды да, бұлыңғырлана, күңгірттене берді. Сонсоң «кесімді» күнді тосты.

— Біздің «астроном» біледі, тегін айтпайды. Айтулы күнді тосайық, — деп бір баласы оны онан әрі көтермелеп қойды.

Ана айтулы үш күнді сабырсыздана тосты. «Түн ортасы» әлі ауған жоқ. Байқаса, талай уақыт бар сияқты. Сағаттың шықылдағанын естіп жатыр. Бірақ ол да «ермек» бола алмады. Бір тұста кірпігі қатты білем, көзі ілініп кеткен еді. Әлгі «астроном» баласы оятты.

— Апа, түн ортасы болыпты,. Енді далаға шығайық.

Ана тез оянды. Ұйқысы тез ашылды.Тез киініп, баласымен бірге далаға шықты.

— Міне, Ай тұтылып тұр екен!- деді ол.

— Сұбхан-Алла!- деп ұзақ қарап тұрды. Ай бетінің жартысы қара

қошқылданып кетіпті. Сонда да мұны әр саққа іштей жорып тұрды:

« Ай тұтылса, кәпір бастықтың өлетініне көрінеді деуші еді. Ол өтірік болғаны ғой! Кім біледі? Кімнің қашан өлетінін де мына тағылымдары біліп алатын болғаны ма, әлде?!..

Кемінде Айдың тұтылуы көрінген өңірдегі кәпір бастық өлетін шығар»..

Бүгінгі «тағылымы» анаға тіпті ерек көрініп кетті. Балалары қағазға қарап отырып өлең айтатын болып алыпты. Бұрын кейбір «молда» делінетіндер өлең кітап оқығанда, мықтағанда, бірыңғай әуенмен әндетіп қана оқитын, кейбіреулер Абайдың «Сегіз аяғы» мен «Тайға міндік» деген сияқты өлеңдерін оқығанда, тіпті үзіп-жұлып , сөйлеп-сөйлеп тоқтайтын. Ал, мынау балалары әндетіп, құбылтып-құбылтып оқығанда, алдындағы қалың цифрдың жіпке тізген маржандай шығатынын қарашы!

— Балам, мынауың қандай оқу? – деді тыңдап отырып анасы.

— Бұл — ән, күй әуенін қағазға түсіретін жазу – нота деген болады.

—  Сонда дыбысты да жазып алуға болады екен-ау?!

— Йә, болады.

— Баяғыда Әбен дейтін молдадан біреулер, ысқырып алып, «осы дыбысты жазшы» дегенде, жаза алмай қойған екен. Сол молда мұны білмейді екен ғой!

Ана сол әңгімені еске ала отырып, өз балаларының бүгінгі күнде әуенді жаза алатын да , айта алатын да болғанына ерек қуанды. Іштей мақтаныш сезіміне бөленді.» Сол Әбенмен балаларын қатарластырып салыстырар ма еді» деп ойлады. Баяғыда жеті жасқа келген бір баласын «ескі оқу» оқытатын Салық деген молдаға ертіп барғаны есіне келді. Қазан жақтағы қайқы бас ағаш төсегінің алдына малдасын құра отырып алып, бір жарым түтамдай, сұқ саусақтың жуандығындай тобылғының басын жарып, соған алақандай қағазды қыстырып, «а», »б», «т»… деген әріптерді жазып қолына ұстатқаны бар. Мына нота дегені соған ұқсайды дейін десе, Салықтың да қағазға қарап өлең айтқанын көрмеген еді. Ғылымның жетіскен заманында балалы болып отырғанына ана шүкірлік етеді…

Ана қилы-қилы жылдарды басынан кешірді. Бұрынғыдай қайратын сарқып, терін сел қылып өзгеге еңбек істемейді., күнді ұясынан қарсы алмайды. Өзінің күш-қуаты , қуанышы, арман-тілегі балаларының міндетімен біте қабысып кеткен сияқты…

Осылайша жүргенде анаға тағы бір таңды тынымсыздықпен , ұсақ күйбіңмен өткізетін минут туды.

— Мен екі күннен соң Бежінге баратын болдым,- деп кіре хабарлады бір баласы.

— Неменеге?

— Оқуға.

— Қарағым-ау, сен көп оқыдың ғой, тағы оқисың ба?

—  Апа-ау, ғылымды оқып тауыса ала ма кісі?

— Енді қайтсе тауысады?

— Ешкім де тауыса алмайды.

—  Тауыса алмайтын оқу болса, оның тиянағын кім көріп жүріпті? Соны сен іздеп табасың ба?

—  Табысып бермеймін бе?

— Қайдан білейін. Бірталай оқыған сияқты едіңдер!

Ана дағдарғандай. «Енді өздерің біліңдер, сендердің болашақтарыңа бөгеттік жасамаймын» дегендей, бәсеңдей берді. Бұл ананың алғашқы мойндауының жауабы болды.

Бұдан кейін де ұл-қыздары өмірдің әр саласына , ғылым-білімнің әр тұрғысына қанат қағып шырқап жатты. Жүлделі жүйрік болып та, ақылшы, өкіл болып та барып-келіп жатты. Оларға әр мезгілде, әр тұста мадақтау мен мақтау айтылып та жатты. Ана оның бәрін естіп отырды. Олардың жайқала құлпырған өмір жайлауларының төрінде ана тілегінің шешек атып тұрғаны әркімге аян еді…

*****

Бақыт тілеуші, қуаныш, шаттық көксеуші ана ұрпақтарының ешқайсысына жамандық атаулыны жолатқысы келмейді. Қандай да бір жеріне әлде бір дақ түспесе , жамандық атақ жапсырылмаса екен деп тілейді…

Думандатып жүрген бір топ жастар ортасында біреуі тым «әлжуаз» басып барады екен. Ана мұндайды көргісі келмеуші еді. Өн бойы тітіркеніп кетті…

— Апа, апа,- деп, кенже баласы алқын-жұлқын жетіп келді бір күні жанына.

— Е, не болды?

— Кіші ағам, кіші ағам бар ғой…

— Оншалықты жақсылық хабар айтатындай емес, естігісі келмеген соң :

—  Жә, болды! Ештеңе жоқ. Танауың тым желпілдеп кеткен екен!- деп, сезінгеніне «сенді» де, аржағын айтқызбады. Бірақ аса бір ызғарлы боран өтінде қалғандай сезінді.

Ана осы бір шалаңғыр «хабарды» көпке шейін ұмытпай жүрді. Кұн сайын, ай сайын, жыл сайын болып жатқан жаңалықтың бәрі «осындай ма» екен деп, ондай «жаңалыққа» жиренетін болды.

Келесі жылды , немесе сондай бір айтулы күндерді  алда болатын «жаңалықпен» қабыстыра қарайтын болды.

—  Қайда барасың, балам? – деді таңертең көше аралауға шыққалы дайындалып жатқан «кіші аға» аталған баласына.

— Алысқа бармаймын. Құрбыластарыммен бірге серуендеп келмекпін.

Ақпанның оны жұлдызы еді.

Қыраулатып, күннің қаһарын төгіп тұрған шағы. Бұл – жылына бір оралатын ұлы жұрттың ұлағатты мереке күні.

— Былтырғышыламасаң болды, балам!- деді.

«Кіші ағасы» ұялып кетті. Аналық мейірімі балалық албырттықты өкінішке тоғытты.

«Аналық мейіріміне бүкіл дүние тұтасымен сыйып кететін еді-ау,-  деп ойлады ол,-  Мен білместік істеп көңіліне қаяу салдым ба ?» Бір баласының бір «балалығын» кешіруге іштарлық еткенін кінәлаған жоқ.

*****

Ана мейірімі ылғи теңізбен теңеледі. Теңізді қотарып, тауысуға болмайтыны сияқты, ана мейірімін сарқа айтамын деп кім кеуде керіп шығар? Тап-таза , ақ еділ ана жүрегі, тұп-тұнық, кіршіксіз ана тілегі, бәрінен ыстық ана мейірі – қандай тауқыметті минуттарда да жарқырап тұрмай ма! Ана тарих біткенді жылжытып келеді. Басқаша айтқанда, ананың өзі – тарих. Ана болмаса, тарих та жөңкіліп алға тарта бермек емес!

Ана – ұрпақ бақыты, бүкіл Жер жүзінің алтын берекесі, мызғымас босағасы!

1995 жыл, маусым.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

5 × 3 =