Тықыршисың бәйге аттай, дегдар інім,
Бойыңда жоқ нәумез күй, енжар ұғым.
От жайнайды көзіңнен, ойың сергек,
Еңселісің, бура сан денең мығым.
Кесек болмыс, бітімің бөлекшелеу,
Көрсетіп тұр күш-қайрат берендігін.
Алқынбаған дем алыс, орнықтылық
Аңдатады ақыл-ой кенендігін.
Қастасыңнан қайыспас қияпат бар,
Қарсы өтінде тұрсаң да қанжарлының.
Санатың да, санаң да кемдік көрмей,
Тыныстайсың тілімен Жер шарының.
Алуан көлік жүйрігін мініп-түсіп,
Шарлап келдің әлемнің тең жарымын.
Кемелді інім, кең інім, дегдар інім,
Шамшырағым, қолға ұстар ең жарығым.
© Естеу Нүсіпбеков