Байлық, атақ – қол кірі, көңіл құрты

Байлық, атақ – қол кірі, көңіл құрты,
Жете алмайды жетесіз ырқы-дырқы.
Ұстайды оны пайымды, ақылы зор,
Парасаты басымдар, рухы мықты.

Мал табады іс біліп, ықты ұққан,
Төрт тұяқ тең тағалы мықтылықтан.
Мүлде басқа жөн-жайы шығудың да
Зерек зейіл, қою қан, мықты ұрықтан.

Атаққа да жетеді ер бастап қайрат,
Мұратқа да еңбекке жанын қайрап.
Адамдығы шаршатпай алға ұмтылтып,
Ізгулігі нұр шашып іште сайрап.

Әйтпесе атақ баянсыз, байлық қоса,
Жарымайды ақшаға айлықтаса.
Есі бары жаңылмас есебінен,
Көңілі де жүрегі шайлықпаса.

Атақ аңсап әлдекім сабылып жүр,
Зәузат жалдап, зорларға шағынып жүр.
Сумаң-сумаң сөз тасып, өсек тасып,
Мәймөңкесін ар көрмей жағынып жүр.

Жақындығы далбаса мықтыларға,
Сақилығы даңғаза жүк қыларға.
Қауыз толы кеудесі ала қаптай,
Сарайында жұғын жоқ жұқтырарға.

Ой-пікірі, пиғылы – бәрі шатақ,
Қонсын қайдан қолына байлық, атақ ?!
Құтая ма байқұсқа құт пенен бақ?!
Сым арқанмен берсең де байлап-матап.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

2 − 1 =