Көкек

Көкек

(Мысал дастан)

1.

Әділетсіздік әкесі құста екен.
Күндестіктің көкесі құста екен.
Қияс мінез қиянат құста екен.
Қорқақтық та жалтақтық құста екен.

Без бүйрек тас жүректік құста екен.
Жалт беру де көз шұқу құста екен.
Бейімделгіш жылпостық құста екен.
Кеуде кергіш құр мақтан құста екен.

2.

Қыран мінез қылық аз, көбі момын,
Қынжылтпайтын ізденбеу, бар мен жоғың,
Баяғыда болыпты құс үйірі
Мекен еткен кең тоғай орман, шөбін.

Дағдыларын бұзбапты, күн көрісін,
Бұзбай және күндізгі, түнгі өрісін.
Бірі сайрап, шиқылдап енді бірі,
Сәндейді екен құс ұлпа жон терісін.

Қарқылдаса еркі екен, қиқуласа.
Көл де, тау да мәз-мейрам құс шуласа.
Тоғай сәнін, саз сәнін кіргізіпті,
Әрбірі де өз тілі, өз үнін қоса.

– 3 –

Сол үйірді үйірер мықтыны іздеп,
Құс парткомы жасапты шұғыл тізбек.
Сарапқа сап, бір-бірден талқылапты,
Жүргендердің әрқайсын ілікті деп.

Бүркіт – жегіш, қаймықпас, тегі жуан
Құзғын – кәрі, қомағай, сұры қуаң.
Сұңқар – шикі, шетелде тұтқын болған,
Үкі күндіз көрмейді көзі тұман.

Қаршыға – азған, маскүнем арақ жеңген.
Тоқтыбалақ – тым сылбыр , салақ жеңгем.
Кекілік – тағы, Қарлығаш –  көңілшек.
Ал ана Тотықұс оралды өрден.

Қырғижанның қызметі өрлеп кетті.
Тұрымтай қыз облысқа төрлеп кетті.
Ителгіге тұрар үй табылмапты,
(Шын мәнінде Бірінші еп көрмепті.)

Қаз – кербез, үйрек – былбыр, тіл білмейді.
Сары ала қаз – саяқ жұп, бір жүрмейді.
Бөдене – момын, бұқпантай көзге түсіп,
Жүргенін де не істеп білдірмейді.

Ақ кептер де зікірші, Көк Кептер де,
Қала жаққа қашқыш-ақ өкпек желде.
Ұясын да салады қырман, қамба –
Айналақтап адамды – бөктерлерге.

Сотты болған Жағалтай жарамайды.
Партиясыз Күйкентай жарамайды.
Жапалақбай, Сауысқан, Шымшықхан да
Лайықсыз деп бәрін саралайды.

Біріне де кандидат жібін тақпай,
Аңтарылды құс партком лайық таппай.
Сонда Екінші ұсынды курстасын,
Саясатқа жүйірік сөзбен баптай:

– Көк Көкек бар бұл топта мен білетін.
Қыз күнінен білуші ем, жөн білетін.
Бастықтыққа сол лайық осы топқа,
Қабілет бар бойында төндіретін.

Бұл ұсыныс бәріне бап табылды.
Делінді енді кандидат нақ табылды.
Сол-ақ екен құп көріп бүкіл бюро,
Үні, жүні, келбеті мақтанылды.

– 4 –

Көп кешікпей Көк Көкек бекіп келді.
Әлдекімге кәр шашып зекіп келді.
Жуса керек мансабын достарымен,
Үш күн өтпей мертігіп, шекіп келді.

Әр құстың да  тамырын басып көрді.
Жонын сылап, бауырын қасып көрді.
Момын ұжым ыңғылын түйгеннен соң,
Бір күн Көкек өз сырын ашып берді:

– Өзгертемін түгелдей салттарыңды.
Ойланыңдар әрбірің арт қамыңды.
Жетекші тіл, жетекші үн мен боламын,
Орындаңдар тек менің айтқанымды.

«Көкек» десем таңертең, «Көкек» деңдер.
«Өпеп» десем сәскеде, «Өпеп» деңдер.
Мен ұшқанда ұшыңдар бір кісідей,
Секектесем, дәл мендей секектеңдер.

Үн шықпасын басқадай, дым шықпасын,
Менің үнім басқа үнге тұншықпасын.
Тұншығыңдар тұншықсаң сендер ғана,
Ұмытасың үніңді тұншыққасын.

Міне менің – бағытым, бағдарламам,
Ауданатком, аупартком мақұлдаған.
Көнсең – осы, көнбесең – арызың жаз,
Тәртіп сонда орнайды сақылдаған.

Бұл сөзді естіп, құс біткен жаға ұстасты
Бір-біріне «Уәссалам» бағыштасты,
Кердеңдеген Көкекке сонда-дағы,
Дей алмады ешкім де қағыс басты.

Мардамсыды Көк Көкек, толып кетті,
Айтқандары айтқандай болып та өтті.
Тіксінсе де бәзбіреу көкектікке,
Түзелер, түзелермен көніп кетті.

Көкек бастық ылғи өз атады атын,
Күн болмады басқа есім аталатын.
Құлақ тұнды бір үннен, жан қажыды,
Қасиет қашты әсем саз жасалатын.

Жамылғы еткен жалған ар, ұры ұятын,
Ұрыссаң да, ұрсаң да жымиятын,
Жағымпаздар табылды құс тобынан,
Көкектің де қолына су құятын.

Шиқ– шиқ етіп Шақшақай, Шымшық шықты,
Жылан іннен зәрлі шөп шымшып шықты.
Қарға, Ұзақ қарқылдап, сақ Сауысқан
Жауыр шоқыр әдетпен сусып шықты.

Мүлде өзгерді тоғайда енді жағдай.
Бұлбұл бұқты бір әсем ән сала алмай.
Қарға қарқыл етек ап, шымшық шиқыл,
Құлақтарды сарсылтты саннан қалмай

Шақшақайға деді де «Сен–ақ жырға»
Басын күйттеп Бозторғай кетті қырға.
Қара қарға Көкекке «іскер» деген
Мақтауы үшін мейрамда тақты сырға.

Ет дайындап Бүркітке қылған жұғыс,
Қаршығаға жиеншар жақын туыс,
Жарбаңдаған жалтақ көз Жапалақбай
Көк Көкектің көңілінен тапты қуыс.

Бұл шіркіндер үн қосты, демін қосты,
Айла асырып айладан ебін қосты.
Шынтақ жастық, астына көпшік болып,
Көкекеңнің аузына барын тосты.

Өнер қамын ұрмады, тұрмыс қамын,
Ұя салды үстіне жылбысқаның.
Мыңқыл, сыңқыл, күңкілдер өріп кетті,
Ұқсамады ешбірі мың нұсқаның.

Ендігі салт: іш тарлық, аңду болды,
Пәле жіпті тұзақ қып шанду болды.
«Көкек» деуден басқа үн естілмеді,
Ерекше өнер: тамақ жеу, саңғу болды.

Қарға қарқыл сыйланды, шымшық шиқыл,
Қызғыш сұңқыл, және де үйрек  бипыл,
Үн де,  тіл де өзгертті өңін, түсін,
Дербес дауыс, дербес тіл болды типыл.

–5–

Орындардан орынға тез ауысқан,
Бір күн сойқан бастады сұм Сауысқан.
Көкекке кеп сыпсыңдап өсек соқты,
Залымдықпен ой салып жер тауысқан:

–Бөденені борбиған білесің бе?
Момынсынған кейпіне күлесің де…
Бытпылдықтап  зарлауын естімей-ақ,
Білмегенсіп бек бейғам жүресің бе?

Күнде таңда, кейде ол таң атпай да,
Бытпылдықтап сарнайды әлдеқайда.
«Үні нық, – деп, – Көкектен» кейбіреулер.
Күліседі қас керіп жағатпай да.

Бұйрығыңа сенің ол пысқырмайды,
Құлаққа да құйрыққа қыстырмайды.
Көгал қуып жайылып шабындықта,
Тойынып жүр, өзіңді мысқылдайды.

Бұл сөзді естіп Көк Көкек көк беттенді,
Сақтайды екен іш құса көптен кекті.
Қарауылға дәл тиді сауысқан оқ,
Көкпеңбек боп ішкі ыза сыртқа тепті.

О бастан-ақ Көкекке жақпайды екен,
Кек-запыран кеудеде сақтайды екен.
«Білмеппін ғой, шынында бытпылдықсыз
Тоғайда таң жаздыгүн атпайды екен».

Үн-түнекте тіс сайын зәрін жиған,
Ирелеңдеп бой жиды шұбар жылан…
Көк еріні қалшылдап, қол дірілдеп,
Басып кетті көз алдын қара тұман.

«Деп жүрсе тек бұл бастық:Көкек! Көкек!»
Бытпылдақтар ол кім, ей, төпеп-төпеп?!
Мен аспанда ұшып жүріп көкектесем,
Ол шалғында жортады, ей бөкек-бөкек!.

«Селқос десем неге жұрт қарауымда
Құтыртыпты ол анауын, мынауын да.
Тәубесіне залымды келтірейін,
Тобыр жұрт түспей тұрып талауына.»

Деп ойлап жинап алды жақтастарын.
Шыбындатып, шұлғытып ақ бастарын.
Қарға, Шымшық, Сауысқан, Жапалақбай
Құп көрісті аяр ой тап басқанын.

Өшіруге келісті Бөдене үнін,
Ұстап алды қасында Көделінің,
Көк бет Көкек айрықша мардымсыды:
«Артар тұсы – осы, – деп, – беделімнің».

– 6 –

Сұрау, тергеу басталды Бөденені.
Қозғады әркім алыстан әрнемені.
Қара Қарға қадалды қомп-қомп етіп:
–Даусың қатты сенің неге, неге? – деді.

Үніңді өшір десе де, өшірмейсің.
Тілің тартпай, неге сен кесірлейсің?
Көкек тілін, үнін неге үйренбейсің?
Бүйте берсең, ешкімді де өсірмейсің.

Сауысқан да шүйілді оң бүйірден.
Шер шеменін шешердей мың түйіннен:
–Түсің тарғыл, туысың Кекілік, Шыл,
Неге тауға кетпейсің Шыл-пылыңмен?..

– Таста әйтпесе тағылық, таулығыңды,
Жымырайтпай тымпитып жаулығыңды.
Сарнағыштық неңді алған бытпылдықтап?.
Ойласаңшы бас қамы – саулығыңды.

Кім асады өз биік, өз өресінен.
Іздеу барда оң қабақ төресінен.
Әрқайсында іш жиған үрей күшті,
Тие ме деп бір сойып төбесінен.

Қарғаға бір жалтақтап, Көкекке бір,
Жүрер ескі дағдымен жетекке кіл,
Жапалақ та үн қатты:
– Сотталасың …
Жәбірледің… Не өшің бар Көкекте бұл?

– Көкек – бізге партия қойған бастық.
Ескі салтты, көп тілді жойған бастық
Қарсылығың жасаған заң алдында
Бола қоймас жай ғана байқамастық!.

Шыр-шыр етті Шымшық та безек қағып:
– Біз жүрміз бастық аузын кезек бағып…
Құлақ етті жеп болдың бытпылдақтап,
Шабындыққа бұғынып тезек бағып…

Шолақ ақыл жан аз ба нешік пенде?
Кімді аясын ал олар өшіккенде?
Айдап шығып тоғайдан Бөденені,
Айыруды ұсынды несіптен де.

Сасық көкек сөз алды осы шақта:
– Бөденені аяйық бермей сотқа.
Болсын оның жазасы жүнін жұлу,
Қызыл шақа етейік осы топта.

Сөйлеп қалды Бөдене кезек күтпей,
Ыза, ашуын түңілген іште бүкпей.
Жазғырушы, тергеуші долыққан топ
Шаншу сұрақ қадалтқан сөзі бітпей:

–Тілім өлсе, менің де өлгенім ғой.
Өлгенімді тірідей көргенім ғой.
Бас амандық тілеймін шыбын жанға,
Жаным үшін бәріне көнгенім – той.

Көкек бастық керіліп көтерілді,
Жеткірінді. Шыт жалған жөтелуі:
– Жетер сұрақ! – деп тоқтап сөз бастады
Көтеріңкі дауыспен өте ірі:

– Басқа сөзің, Бөдене, тыңдалмайды.
Көзің жасы біздерді күнде алдайды.
Осы айтқанды орында балпылдамай,
Нәтижесіз құр сөзде құн болмайды.

Естідің ғой қадірің жоқ екенін.
Еткен ісің қып-қызыл шоқ екенін.
Жақсы сезген шығарсың, миың болса,
Сен жалғыз, саған қарсы көп екенін.

Әділ айтты жолдастар, үғу керек.
Көкейінен көп топтың шығу керек.
Жоғарғы орын бастық қып қойған жаннан
Дым шығармай сендейлер ығу керек.

Бытпылдықты қой енді, тіл алып жүр.
Бастықтардың бұйрығын құп алып жүр.
Үйрен мына Қарғадан, Жапалақтан,
Сауысқанша сусылдап жуанып жүр.

Бір жыл туған төлміз біз сен екеуміз.
Тату болсақ, осы біз кімнен кембіз?!
Тығып қоям тергеудің мәжіліс хатын,
Жең ішінде – қол сынса, сыяр жеңбіз.

Сендер, достар, болыңдар сырға берік.
Талай жайды айттыңдар ақыл беріп.
Бір жеңнен шығарсақ, жағадан бас,
Қарар дейсің кім ғана сырттан жеріп?!

Бөдене ісін ешқайда жар салмайық.
Бытпылдығын тек қана қарсы алмайық.
Жүнін жұлмай, қазірше мойнын да үзбей,
Бірге ойнап, бір күліп сайраңдайық.

Тергеу тынды.
Осылай кесім болды.
Тұжырымы Көкектің шешім болды,
Тіс жармасқа сөз алды Бөденеден,
Кесетілді сезіну кешіргенді.

Байқұс момын Бөдене бұғып кетті.
Енді оңбасын әбден-ақ ұғып кетті.
Бадырайып көздері алақандай,
Шарасынан шақшиып шығып кетті.

– 7 –

Сынатындай, – сәл басын иліктірсе,
Бастық аз ба қоқиған билік тисе?!
Үйірінде кім тұрсын ондайлардың?
Күнде кекшіл тобырын шүйліктірсе.

Құс үйірінде жағдай жоқ тұнықтанған.
Жаман болды дәніккен құныққаннан.
Құнықты да, Көк Көкек құтырынды,
Даудан дауға бас шатты былықтанған.

Сахына көрмей жоғалды Бұлбұл торғай.
Қырға қашты Боз торғай, Суық торғай.
Қамалды да Аққу, Қаз зоопаркте,
Емге аттанды Қаршыға зарлай, қарғай.

Қарлығаш та, Кептер де ғайып болды,
Жақындығы адамға айып болды.
Үйін тіреп кілем мен жиһаздарға,
Қатпа Көкек ыңқылдап байып болды.

Сау қалмады Тоқылдақ тоқылдайтын.
Басқа түлік Бақа да бақылдайтын.
Тоты сотқа берілді хаттамамен,
Үйреткенді өлі айтып тақылдайтын.

Ағыл-тегіл ай, жылдар кетіп жатты,
«Көкек! Көкек!» құлақтан өтіп жатты.
Көнбегеннің өзгеріп кәсіптері,
Көнген үні тұншығып жетіп жатты.

– 8 –

Мезгіл жетті.
Басталды қайта құру.
Жаңаша ойлап, сілкініп қайта тұру.
Әр нәрсенің өз атын, қасиетін
Қоспа қоспай дәл, нақты айта тұру.

Ақ түсті – ақ,
Қараны – қарасың дер.
Сауысқанды сен нағыз аласың дер.
Малта қылмай мансапты, малжаңдамай,
Уақыт туды: шаланы шаласың дер.

Әділеттің өзгерді ұғымдары.
Еді бәрі қоғамдық бұрындары.
Қаралмайтын табиғи бітімдерге,
Тек саясат сарнайтын ғылымдары.

Келді Ақиқат – жұрт сенген төте кісі.
Міне сонда ашылды Көкек ісі.
Көкек, Қарға, Сауысқан, Жапалақ та
Құстар екен жай ғана өте кіші…

– 9 –

Кім жасады қиянат? Кім жағынды?
Құтырғаннан ар аттап не табылды?
Әділдікті аяққа таптаған кім?
Мақтан қуып, өрекпіп кім сабылды?

Дарын бар ма Көкекте табынғандай?
Айбын бар ма қаймығып бағынғандай?
Тамыр-таныс, сүйеніш сүйрер неге,
Бұлды асыл бойынан табылғандай?

Бөденеде айып не жабылғандай?
Кімге зиян келтірді шабынғандай?
Бытпылдығы тілі, үні емес пе оның?!
Тіл, үнінен кінә не қағылғандай?

Қараңызшы, кім өзі есіргендер?
Есірікті дәріптеп өсіргендер.
Бөдене ме, Көкек пе – айыпты кім?
Ар сотымен ашыңдар, кешірмеңдер.

Жойылмайды Құдірет берсе дарын.
Алдап-ақ жүр арзан бақ бірқатарын.
Мансап, атақ, бақастық – бәрі өтпелі
Таң соңынан ұмытпа күн батарын.

Естеу Нүсіпбеков, 1988 жыл, қаңтар.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Один ответ к «Көкек»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

тринадцать − 10 =