Естеу Нүсіпбековке арналған сайт

Ауырдым, ауырсам да алпысқа аттап.

Ауырдым, ауырсам да алпысқа аттап,
Бір ғұмыр кітапшасын алпыс қаттап.
Гүл жардым алпыс көктем, алпыс жазда,
Ажым сап алпыс қыс пен алпыс қатқақ.

Күн, түнім ойлы өтті, өнерлі өтті.
Өмірден, кітаптан да көрдім көпті.
Ал мектеп – ми шыңдаған мектеп болды,
Дәт тұттым шәкіртпен тек көгермекті.

Еш атақ алмасам да, дәрежесін,
Қоздырдым ұстаздықтың делебесін.
Тәніме, дағдыма да көп сіңірдім
Мектептің тастай қатқан ережесін.

Халқымнан алғандарым, жиғандарым,
Кеудеме білім-кеніш сиғандарым
Халықтың баласына жеткізілді
Арқылы жұлын жүйе, ми, қандарым.

Өткізер өткел болдым қара суда.
Жол тапқан соқпақ болдым тар асуда.
Тасқын ой көпір болдым өзеніңе,
Нүкте болдым айтыс пен таласында.

Шытсам да кейде жылы қабағымды,
Жүргіздім бұзбай даңғыл сабағымды.
Тойынттым шәкірт көзін, көңілін де,
Ортайтпай толы ұсынып табағымды.
© Естеу Нүсіпбеков

2 комментария

  1. Естеу ағамыздың шығармашылығымен енді танысып отырмын. Тамаша! Өзім де мұғаліммін. Ақын туралы тереңірек білгім келіп еді, өмір жолын таба алмадым.

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *