Естеу Нүсіпбековке арналған сайт

Орман-ну

Орман

Қаздитып тіктеп бойын, түзу өскен,
Көк сүзген, бірін-бірі күндеместен.
Кеңдікпен, кемелдікпен кербезденіп,
Нұр, нәрді тең бөліскен қың деместен.

Ұмтылған Күнге қарап, Айға қарап,
Солқылдақ балашықтар бойлаған-ақ.
Сыбызғы, сырнай басым күйі сазды,
Сырбаз-ақ самырсындар сары балақ.

Кірбеңсіз, қатар өсу шықпай естен,
Түртісер бұтақтарын шешкен үстен.
Тірлікті — Тәңір сыйы, бейқұттықты,
Пір тұтқан, жері жоқ еш сескеніскен.

Серігін төре тұтып көсемдескен,
Саламат сабын сақтап кешендескен.
Сиремей, сиқын бұзбай, сабыр ұстап,
Самырсын самырсынмен есендескен.

Уілді күй кернейді, қауіп аулақ,
Қарағай бастарының қары саулап.
Қайыңға қалжыңдайды қасындағы,
Жүзіне қызыл күрең қаны заулап.

Сұлуды сұлу деп-ақ сымбаттаймын,
Бойынан әсемдіктің мін таппаймын.
Сыланған сымдай түзу өрімдерге
Қалт тоқтап көз қадасам — сұңғақтаймын.

Маң таза, ақ қасат қар, ауа таза,
Бақталас ада мұнда алар маза.
Орман-ну ойға шомып, зікір соғып,
Оқиды жан таубасын қылмай қаза.
© Естеу Нүсіпбеков

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *