Естеу Нүсіпбековке арналған сайт

Мінезі, бітісі бөлек батыр

Естеу, Рақымжан Тоқатаев, Тоққожа Оразбеков

(Кеңес Одағының Батыры Р.Тоқатаевқа)

Мінезі бөлек,
Бітісі бөлек батырсыз.
Атаққа әр кез
Дандаймай келе жатырсыз.
Көрер көз болса,
Айдыны шалқар теңіздей,
Тұңғиық тұнған
Тау толқын терең ақылсыз.

Мінезі бөлек,
Бітісі бөлек ағасыз,
Иланғыш, сенгіш,
Ерекше нанғыш дарасыз,
Қалтарыс тұтпас
Ашықсыз барша жолдасқа,
Жайдары қабақ
Бұрмасыз көзбен қарайсыз.

Сіздей-ақ болар
Жігіттің нары азамат.
Тәлейлі адам,
Таңдап кеп қонған таза Бақ.
Жарастық тапқан бір бойда
Кісілік және кішілік,
Табиғат сыры
Ғажап-ақ, шіркін ғажап-ақ.

Сіздей-ақ болар
Сом алтын
Табиғат ана сыйлаған.
Кішілік сыйған кеудеге
Нарлық сыйып,
Мардамсу мүлде сыймаған.
Сіздей-ақ болар
Ақ, адал адамның дәуі, дөкейі,
Баладай таза
Пәктікті аялап ұстап бұлаған.

Сіздей-ақ болар
Жинаған ұстаз дария ақыл, көл білім.
Тозаңнан, шаңнан
Қорғаштап жүрген мөлдірін.
Сіздей-ақ болар
Қияға қиыр ұшырған топтап,
Әлпештеп баулып
Тастүлектей
Отанның мың сан өрені мен өндірін.
Сізбенен артар
Даңқымыз, біздің сәніміз.
Жарасады Сізбенен
Шырқатып салар әніміз.
Арта бермек Сізбенен
Бағымыз, мазмұн, мәніміз.

Сіз барда жайнап,
Ойнайды жүзде қанымыз.
Сіз барда жайраң
Жайлаудай жасаң жанымыз.
Сіз барда сағат
Сыртылдап соғып тым жылдам,
Думанды, тойлы
Атады сәтте-ақ таңымыз.

Сіз барда мен де
Байсалды және тереңмін.
Iскермін епті
Iзденгіш, тапқыш,еренмін.
Бой түзеп Сізге,
Ой түзеп Сізге сөйлейтін
Құндамас өзін
Құлағы бітеу кереңмін.

Сіз барда мен де
Кісімін және кішімін.
Сарабдал өлшер
Жемісін, мәнін ісінің.
Арманым бар ма
Қасиетің жұғып тарыдай,
Мысқалдап дарып
Ұлғайса миуа түсімім.
© Естеу Нүсіпбеков

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *