Естеу Нүсіпбековке арналған сайт

Аппақ аға

Рақымжан Тоқатаевпен бірге

(Кеңес Одағының Батыры Р.Тоқатаевтың 80 жасына)

Ассалаумағалайкум, аппақ аға!
Жұрттан ерек жаратқан Хақтағала.
Денеңізді шап-шағын пішсе-дағы,
Жау жүрек қып жасаған баққа бола.

Қара жерге сызғылап жара-шиыр,
Қаптаса да анталап қара «Тигр»,
Аспай-саспай сабырмен ес тоқтатып,
От қаптыра өртедің танкіні үйір.


Адал, алғыр серігің алып Кардан,
Аумайтұғын қапсағай палуандардан.
Білегі де саны да, бұлшығы да
Алынғандай болатын бура, нардан.

Қимылы тез, тым ширақ, қарымы мол,
Орын жеткеп, оқтап та үлгерді ол.
Қашықтықтың жаңылмай есебінен,
Қарауылға бастың деп қапысызқол.

Тиді нақтап атқан зент зая кетпей,
Таптағыштың бірі де жағаға өтпей.
Бұрыла сап, қалғаны шегінді артқа,
Шынжырынан шашатын ажал жетпей.

Қызыл алау он үш өрт тастап зытты,
Үрейі ұша мойындап сасқандықты.
Ойлапты олар: «Зеңбірек аса көп ,- деп –
Қалқа жерге бекінген асқан мықты».

Жау жүрексің жасаған тапқыр ерлік,
Айла, ақылын, сабырын нақ білерлік.
Ата да айтып, аңыздап бала да айтып.
Ауыздардан түсірмей ап жүрерлік.

Батыр десе дағды бар дәу елестер,
Сезікпенен қарайтын дәу емеске ел.
Арамыздан біздің де табылады,
Сол әдеттен әлі де сау еместен.

Селт еткіздің сондайды секемінен,
Ерлік – жүрек әмірі екенімен.
Қатарыңнан қорқақтар тайқыса да,
Қобалжымас сенімнің бекемімен.

Отанға адал, елге адал, өзіне адал,
Уставтвғы әскери сөзіне адал
Кеуделерден туады нағыз ерлік
Деп көрсеттің әр ұрпақ көзіне дәл.

Одан әрі өсірдің мыңдап әулет,
Ұстаздықта ұлағат құрып сәулет.
Қара ормандай халқыңнан алқалаған,
Арқалдың ақ алғыс, құрмет-қаумет.

Сексен сеңгір секірген жолың таза,
Қағаз қалам ұстаған қолың таза.
Бола білдің риза бар адамға,
Сөзін, ісін кім де кім боямаса.

Қаруылда қалт кетпес көзің түзу,
Қара қылды қақ жарған сөзің түзу.
Болмаған-ақ тірлікте нәпсі билеп,
Жалт-жұлт еткендүниеге көңіл бұзу.

Ғұмырлы бол, көп жаса, аппақ аға
Жұрттан ерек жаратқан Хақтағала.
Айналайын бейнеңнен қол тоқпақтай,
Нағыз асыл құйылған баққа бола.

© Естеу Нүсіпбеков

One comment

  1. өте керемет жазылған сөздер!!! Р.Тоқатаев мектебi 6-б сынып окушыларынан!!!!

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *