Естеу Нүсіпбековке арналған сайт

Ода (Мұқағали және оның ақындығы)

Өлкесіне өлеңнің
Ақын келіп ақ маңдай,
Жаулайтұғын жүректі
Сиқыр жырлар тапқандай.

Ағыл-тегіл дастанды
Тұра алмады ақтармай.
Анау-мынау жыршыны
Табанында таптардай.

Жұмырлығы оқтаудай,
Жуандығы соқталдай,
Таза, тұнық сезімдер
Тау суындай тоқталмай.

Желмаяша сар-желді
Сандал санды, тоқ борбай.
Өшкеніңді жандырып,
Өлгеніңді жоқтардай.

Аспанында өлеңнің.
Ақын шүйгіп қырандай.
Жар, жықпылға тығылды
Қыр көкжалы құп алмай.

Қызыл түлкі, сұр қоян
Анық қырға шыға алмай.
Тоз-тоз қашты тұс-тұсқа,
Бұта тауып бұға алмай.

Нөсерлі ақын селдетіп,
Өлең, төкті тасқындай.
Жүйрік шығып жүйріктен,
Басып озды басқындай.

Жүлде алғыштар қалды артта,
Өкпесі өшіп шашқындай.
Шаң қаптырды көбеңге,
Адымдарын аштырмай.

Қасым сарын қара өлең.
Дүрдіреді дабылдап.
Әнге қосты қалың, жұрт,
Қаумаласа қабылдап.

Әкелді әдет алашқа
Жырын сұрап сабылмақ.
Дүкендерден таппады,
Жабыла іздеп жабырлап.

Тұңғиыққа, тылсымға
Көсілді ақын жасқанбай.
Жасамысқа, жасқа да
Байтақ әлем ашқандай.

Тарпаң, мінез танытты
Тағдырына тас маңдай.
Қаңбақ ойлы қас надан
Қаңғалақтап қашқандай…

Сөйтсе құп-ты.
Сұмдық-ай!
Орай тауып сұмырай.
Ту сыртынан сұр мерген
Мылтық атты тасадан.

Таудай ет, көлдей шықта
Май білеулер асаған
Бір сәрі еді көк сақал
Қарт болса көп жасаған!..

Олай болмай,
Кәдімгі
Ағат болды, жас адам!..
Қинайтыны- сол мені,
Ағаны іні атып тұр.

Соқыр Ағат қолында
Ауыр қылмыс міні тұр.
Шілтірейген белінде
Аңғырт күдік сездіріп,
Мұқағали жауының
Қылышының қыны тұр…

…Тау суына бөгетті
Кімдер оңай салмақшы.
Мертіктіріп топшыдан
Қыранды кім алмақшы.

Тарпаң тарлан талантты
Қайсы арнаға салмақшы.
Көл дей ме кен теңізді
Жалбаң жаяу қармақшы.

Уақыт, ұрпақ өкімін
Кім қалады жасырып.
Істегені Ағаттың —
Пендешілік, асылық.

Болашағын шала аңдап,
Билегенге жас ырық,
Сұрар таупиқ кешірім,
Бармақ тістеп, бас ұрып.

Қола менен қоқысты
Айырған жөн алтыннан.
Аяламау асылды
Ауыр ұят халқыңнан.

Мұқағали — нар қазақ,
Қанша алса да алқымнан,
Жігер мұқап, аршынды
Тана қоймас қарқыннан…

Мұқағали қазаққа
Атқан жаңа таң күліп.
Алашқа әні тарады
Тау да, тас та жаңғырып.

Өлмес өлең  жасайды,
Жүрек жаулап мәңгілік.
Саза тартар таң жақын
Қиянат сын әңгүдік.

© Естеу Нүсіпбеков Қайнар. 1974, 25-желтоқсан.

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *