Естеу Нүсіпбековке арналған сайт

СӘБИТ МҰҚАНОВТЫҢ «АЛЫПТЫҢ АДЫМДАРЫ» КІТАБЫНДАҒЫ ТАЙҚОҢЫР КІМ ?

Атандым жайбарақат жай қоңыр да,

Атандым баяу басар байқоңыр да.

«Алыптың адымдары» кітабында

Сәбеңді қолтықтаған Тайқоңыр да.

Автор.

Аталған кітаптың бір тарауында Пекиндегі Ұлттар Университетін таныстырады.  Оның оқытушыларының, оқушыларының әлеуметтік және сапалық құрамдары туралы жан-жақты  жазады. Институт жетекшілерімен, оқытушыларымен, студенттерімен көп әңгімелескенін баяндайды. Солардың ішінен Тайқоңыр деген қазақ жігітті ерекше танытады.

Сәбеңнің баяндауынша: Тайқоңыр Шиңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағында, кедей отбасында І929 жылы туылған. Әкесі де, шешесі де Шәуешек маңындағы ірі жер иесі сібе байының малайы болып, рахымсыз қанаушылықты, зәбір-жапаны көп көрген. Бір ағасы помещик қиянатының құрбаны да болған. Бірге туған әпкесі жергілікті қытай әкімінің зорлығы мен қорлығына ұшырап, тоқалдығына кіріптар болған. Әлгі помещиктің қойын, сиырын, жылқысын бағумен балалығын өткізген Тайқоңыр бұғанасы қатайған бозбала шағында өз ықтиярымен тіленіп, әуелінде Ұлт Азаттық, кейін Халық Азаттық Армиясына қосылып, азаттық ұрыстың ауыр соқпақтарынан өтеді. Гоминдаңшы әскерлерді, ең соңында Жәң-Гайши тобырларын қуалай ұрыс салған бөлімдермен Тайвань жағалауына дейін барады. Сол жақтағы соғыстың бірінде баяғы өз әпкесіне жәбір көрсетіп, тартып әкеткен гоминдаң әкімін қолға түсіріп,  командирлерінің рұқсатын алып,  қанішерді Тайқоңыр атып өлтіріп, әке-шешесінің, ағасының, әпкесінің кектерін алады. Азаттықтан кейін бүкіл халыққа азаттық әперу жолындағы осындай еңбегіне бола, жаңа өкімет Тайқоңырды Пекіндегі ұлттар институтының тіл тану факультетіне оқуға жібереді. Сәбеңмен кездескенде, Тайқоңыр оқу бітіру қарсаңында екен.  Бұл  – бір.

Кітаптың  ….   бетінде    ақ пиджакты  Сәбит Мұқановты қолтықтаған балғын жігіт Тайқоңырдың суреті  тұр.  Бұл – екі.

Мен І96І жылы көктемде елге қайттым. Май айының орта шені болар, Нарынқол ауданының орталығындағы кітап дүкенінен  көзіме оттай басылған Сәбеңнің «Алыптың адымдары» кітабын сатып алайын.Дүкен ішнде кітап  ішін ақтарып жатпадым. Әйтеуір  қайтсем де мен  оқитын кітабым ғой деген оймен алғамын.  Қиялымда осы кітапты жазар іссапарында атақты прозашымен ұзақ әңгімелескен Қытай қазақтары зиялысының бірі өзім болғандықтан, мүмкін өзім немесе менің таныстарым мен серіктерім жайлы да бір лебіздер айтылуы  мүмкін ғой деген  сезім-түйсігім қоса бар. Менің ішкі түйсігім алдамапты. Үйге келіп, ең әуелі суреттерін көріп, аударыстырып отырып, Сәбеңді қолтықтап тұрған өз суретімді көріп, тұла бойым оттай жанды. Шынында, Сәбең қолтығындағы шәпету жігіт менмін. Бірақ астында жазылған ат басқа. Денем қайта суынды. Қайта ысынды.           … Бұл қалай деп аң-таңмын.

С.Мұқанов пен Тайқоңыр

Әлден уақытта қайтадан сабама түсіп, Тайқоңыр жайлы Сәбең баянын құнттап түгел қайталадым. Мүмкін Тайқоңыр деген жігіт те маған ұқсайтын шығар деп бір түйдім. Ең соңында мүмкін сурет сыртына аты-жөніміз жазылмау себепті екеумізді Сәбең ауыстырып алған да болар деп бір түйіндедім. Әйтеуір, тірі тарихқа да , өлі тарихқа да, аңызға да, шындыққа да бай, көргенінен қөрсетері, білгенінен білдірері көп, дақпыртынан дабыры артық Сәбең кітабын жүгірте түгел оқып шықтым. Алып екі мемлекеттің арасын жақындатуға қызмет еткенін білдім. Сәбеңе тән тапшылдық пен аңқылдаған ақ көңілділігін  тағы да тани түстім. Баяғы аңқылдаған дарқан қалпын көріп сүйіндім.

Кітапты оқып болғаннан кейін менің суретімді иеленген Тайқоңыр кім болды екен деген сауал да мені көп мазалады. Өзім білетін Тарбағатай аймағынан шыққан, олардан барып Пекиннің Ұлттар университетінде оқыған жігіттерді шетінен тізіп, көз алдымнан өткізумен болдым. Тіл тану факультетінде оқитын  Мақсұт деген жігітті білуші едім. Ол Үш Аймақтың Ұлт Азаттық Армиясында болғанымен, Халық Азаттық Армиясында болмаған еді. Лұқпан Бадауамов та сол факультетте оқитын. Ол да халық Азаттық Армия қатарында болған жоқ және оның шыққан жері Тарбағатай емес, Алтай аймағынан. Оразбек Қанапин де тіл тану факультетінде оқыды. Ол да Сәбеңмен сұхбатта болғанын айтатын. Бірақ ол да тарбағатайлық емес, үрімжілік. Халық Азаттық Армияда болмаған және ешбір соғыс көрмеген жігіт. Ал философия факультетінде оқыған Жаңабаев Шөненді де жақсы білемін. Құлжаның Білім Жұрты мектебінде қатарлас оқығанбыз. Алғаш мектеп кітапханасында танысып, содан-ақ сырлас, сұқпаттас, пікірлес болып кеткенбіз. Кейін Үрімжіде мен мұғалім болдым, ол Шиңжаң университетін бітірді де, сонда оқытушылыққа қалдырылды да, Пекинге оқуға жіберілді. Екі жыл оқып, философия факультетін бітіріп, өз университетіне оралып, марксизм-ленинизм кафедрасын меңгерді. Философиялық мақалалар жазып, әдеби сынға да араласты. Біздің «Шұғыла» журналымыздың редакциялық алқа мүшесі де болды.  Бойдақшылық, қалыңдық таңдау жорығында да екеуміз бірге сапарлап бажа болып қала жаздағанымыз да бар. Мен елге қайтар сәтімде Үрімжінің кеденінде мені жолға шығарысып, таможна ұлықсат етпеген газет-журналдарымның тігінділеріне ие болған ескі досымның бірі де осы Шөнен болатын. Шөненге де мауошылдар оңшылдыққа, ұлтшылдыққа қарсы күрес ашқан жылдары талай-талай пәлелі жалалар жауып көрді. Артынан өз орнына қайтадан келтірілді. Ол өте өжет, отты, ұлтжанды жігіт болатын. Оның о жақтағы және бұ жақтағы қиын тағдырлары жайлы Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Ғажайып өмір» атты ғұмырнамасында да аянышпен жазады. Содан да ол оқиғаларды қайталамаймын.

Шөненнің де шыққан аймағы, Ұлт Азаттық Армияда болғаны тура келгенімен, Чаңкайши әскерін қуып, Тайван жағалауынан қайтқаны тура келмейді және оның Сәбеңмен кездесіп, сұқпаттастым дегенін естіген емеспін. Міне осындай ойлар төңерегінде көп те ұзақ ой шиырын салумен болдым. Еш жорамал ұшығына шыға алмадым.

Бірге оқитын жастардың да, әр түрлі ауғандықты басынан  кешкендердің де шүйіркелесе қалғандарынан  суыртпақтап Тайқоңыр жайында не білетінін сұрастырып жүрдім. Тіпті шиңжаңдықтардан Халық Азаттық армиясы қатарында болып, Тайван жағалауынан қайтқандар жайында да сұрастырдым. Тайқоңыр жайлы да, Тайван жағалауынан қайтқан қазақ не басқа шиңжаңдық  ұсақ ұлт өкілдері туралы да ешкім еш дерек айтпады.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                    Сөйтіп, кітаптағы менің суретім  мен Тайқоңыр жайлы жұмбақ шешілмеген күйі қала барды. Жұмбақ шешімінің сәті І963 жылдың күзінде түсті. Қазақ Мемлекеттік университетінің үшінші курсындағы кезімде күздігүні кездейсоқ Мұқан Төлебаев көшесіндегі аллеяда скамейкада дем алып отырған Сәбеңе кездесіп қалдым. Сәлем беріп, алдына келген мені жылы қабылдап, сәлем алды. Қасына отыруымды қалаған ыңғайын білдірді. Қай бала екенімді сұрады. Студент екенімді, бұрыннан кездескен әдебиетші, ақын екенімді айта бастадым. Осы шақта өңі-түсіме ерекше назар аудара түсіп:

—                   Өй, иә! Жүзің таныс секілді. Иә, айта түс, қарағым -, деп, мол денесімен құлшына маған тура бұрылды.

Үлкен жазушының айырықша ықылас қойған сәтін пайдаланып, толық танысып қалғым келді. Баяғыда Пекинде Лушин атындағы әдебиет институтында оқып жүрген шағымда төрт сағат бойы тамаша әңгімеге ортақтасқан қаламгер екенімді қарт есіне түсіруді ойластырдым. Сәбең, ұйғұр ақыны Рахым Қасым, қытай тілінің аудармашысы Тоқты Бақы Әбдірахман – төртеуіміз бірге түскен сурет сөмкемнің қалтасында жүретін. Соны алып, Сәбеңе ұсындым. Суретті қолына алып, көзілдірігін түзетіп, суретті әбден сәп салып қарап шыққан сұңғыла жазушы айырықша шаттанды. Кеудесін кере кең тыныстап, мені иығымнан тартып, қапсыра құшағына алды. Менің де   жаным жадырай түсті. Біраз үнсіздіктен кейін:

— Бәрі  есіме түсті. Атың кім еді, осы?- деді.

Мен атымды айттым. Ол кісі кідірмей тағыда  сөйлеп кетті:

— Енді есіме толық түсті, Естеу. Онда сен Қытай Жазушылар Одағының мектебінде мен жайлы таныстыру  жасадың емес пе. Мына оң жақ шеттегі ұйғұр екеуің бүкіл қытай жазушыларын таңғалдырдыңдар емес пе сол күні. Иә, ол істерің есімнен шықпайды. Сен көрдің бе менің «Алыптың адымдары» кітабымды? Көрсең, сонда сен екеуміздің мына екеуінен бөлек түскен суретіміз бар,- деді, Рахым мен Тоқты Бақы екеуінің суретін саусағымен нұсқап, — Бірақ онда мен сенің атыңды өзгертіп алғамын. Өзің де жазушы болған соң, жақсы білесің. өмірде бар көп адамға ортақ жағдайды бір кейіпкер бойына жнақтаған соң, олардың бәрін түгел  атамаған соң, не біреуін атағаның басқаларының көңіліне келмеуін ойластырғаннан, автор аты-жөнді ойдан алатыны табиғи емес пе! Мен де сөйттім. Ұлттар институтында көп қазақпен әңгімелестім. Олардың бәрін жазсам, кітапқа сыя ма? Содан да олардың  бәрін типтендіріп, бір кейіпкер еттім де, ойымнан ат қойдым. Біраз ақылға сыйымды, осылай болса дұрыс қой деген нанымды оқиғаны қиялымнан қостым да. Бірақ олардың бірімен де жеке, оңаша түскен суретім жоқ екен. Қарасам, сенімен түскен суретім бар екен. Ол  менің діттегеніме  дөп келе түсті. Оның үстіне сенің біздің елге келеріңді білмедім де ғой. Келе қалғаныңның өзінде басқа есіммен тұрған сурет Естеудікі екенін кім қайдан біледі….-деді де қозғалақтап күліп алды.. Ең соңында:

—   Менің серуен уақытым бітті, Естеу. Сен телефонды жазып ал,  хабарласып алып, арнайы әңгімелесуге кел. Мұнда келгелі жағдайың қалай болып жатыр? Екі бетіңнен қаның тамған нұрлы жүзді едің. Көп жадағандайсың. Ол жөнінде мен әлі еш нәрсе сұрап үлгермедім. Кітап шығаруыңа да көмегім қажет шығар. Ол жөнінде де басқа жерлестерің тәрізді  көп жүгірмепсің ғой өзі. Сірәде сүйеніштерің мықты ма деймін сенің. Кел, әңгімелесетін тақырыбымыз көп әлі.- деп жайдары қоштасты.

—        Мұнан кейін кешікпей екі-үш мәрте телефондатып, Сәбеңнің жолаушы кеткеніне тап болдым. Кейін өзімнің де ұлы ұстазды іздерлік жағдайым болмай кетті. Жалқаулығым да, марғаулығым да аз болмағанын кеш сезініп қатты өкіндім кейін.

—        Алайда,Сәбеңнің «Алыптың адымдары» кітабындағы Тайқоңыр делінген сурет нағыз Естеудің суреті екеніне еш күдік-күмәнім қалмағанын анық білдім.

Естеу НҮСІПБЕКОВ, ақын, Қазақстан

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *